Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Қазақ жұрты «тезек теріп, тарих жолында артта қалмас» үшін бүгінгі билік әділетті қоғам құруға ұмтылыс жасап отырған жайы бар. Ұмтылысы сол – мемлекеттіліктің іргетасы саналатын Конституцияға іргелі өзгерістер жасалып, шексіз билікке жол берілмейтін нормалар енгізілді. Ендігі жерде қайта-қайта «нөлден» басталатын президенттік мерзім келмеске кетіп, үміткер президенттікке бір-ақ рет, 7 жылдық мерзімге сайланады. Кешегі кезектен тыс өткен президенттік сайлау – осының дәлелі.
Орталық сайлау комиссиясы жариялаған президенттік сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31 пайыз, Жигули Дайрабаев – 3,42 пайыз, Қарақат Әбден – 2,60 пайыз, Мейрам Қажыкен – 2,53 пайыз, Нұрлан Әуесбаев – 2,22 пайыз, Салтанат Тұрсынбекова 2,12 пайыз дауысқа ие болды. Сайлаушылардың басым көпшілігі елдегі жүзеге асырыла бастаған саяси, құқықтық реформаны аяғына дейін жеткізуді қолдап, бүгінгі Мемлекет басшысына сенім артқаны айқын аңғарылады.
Күніне қырық құбылып, аунақшып отырған әлемде Қазақ елі өз-өзіне берік болып, сырттан ши жүгірткендерге сыр бермейтіндей жағдайды қалыптастырғаны абзал. Жаттың дәулетін жамбасқа басуды көксейтін елдердің тоғызыншы территорияға ықпалын жүргізуге жанталасатыны айдан анық. Яғни алыптардың арбауына түспей, мемлекеттіліктің тұғырын биіктете түсу бүгінгінің басты міндеті болмақ. Осы тұста ұлы Абайдың айтқанына жүгінуге тура келеді: «Енді адам күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып өрге баса алады. Ал ақылдылықтың өлшемі – әділеттілік. Әділет ешкімді кемсітпейді, ештеңенің обалына қалмайды». Қасым-Жомарт Тоқаев тізгінін ұстаған билік те осы ұстанымға ұйып отыр. Ендеше, әділеттілікке ұйыған қоғамның ынтымағы да жарасымды болса керек. Семсер жүзді саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының кезінде айтқаны да біздің осы ойымызды бекіте түседі: «Ішкі тұрақтылығы мығым, халқының әл-ауқаты үздіксіз жақсарып келе жатқан мемлекет ешкімге жалтақтамай, сыртқы саясатын еркін жүргізе алады. Егер біздің ішкі тұрақтылығымыз сыртқы мемлекеттердің қолында болса, онда Қазақстан біресе анаған, біресе мынаған жалтақтап, кіріптарлыққа түседі».
Үш жүз жылға жуық жат жұрттың боданы болған Қазақ елінің ендігі жерде басына ноқта кигізілсе, одан арылуы қиын. Тарихтың ащы сабағы Қазақстанға алдағы күнде төрткүл дүниенің төрт құбыласымен түгелдей көпвекторлы қарым-қатынас жасауға бейімделуді қажет етеді. Әйтпесе, аты тәуелсіз, заты сателлит ел қашанда сыбағаға жарымайтыны белгілі. Кіріптарлықтың көкесі дегеніміз осы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қиюы кеткен қоғамды қалпына келтіремін деген мақсат-мүддесі ерекше күш-жігерді талап ететіні мәлім. Президенттік сайлаудағы оған деген елдің сенімі басталған реформаны аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Нақтырақ айтқанда, сайлау Президентке үлкен жауапкершілік жүктейді: ол – Қазақстанды өркениетті елдер көшіне қосу. Бұл үшін қоғамда жылдар бойы қордаланған күрделі мәселелердің түйінін тарқату, дендеп кеткен жемқорлықты ауыздықтау, олигархтардың қарпып қалған ниетіне тұсау салу қажет.
Әрине, олигополиядан арылу, олигархтардың үстемдігімен қоштасу бір сәтте мүмкін емес. Жылдар бойы мемлекеттік қазынаны майшелпекке айналдырып келген топ тәтті күлшесінен айырылғысы келеді дейсіз бе. Жанталасады, билікке қарсы алуан түрлі қитұрқы әрекет жасайды. Жалған ақпарат таратып, халықта екіұдай пікір туғызуға тырысады. Кеу-кеу көңілмен жемқорлардың жетегіне еріп кететіндер осындайда пайда болады. Арзымсыз ақшаға сатылып, елдің мүддесін аяқасты ететіндер солардың қатарынан. Әрине, бұл жердегі басты мәселе – қоғамның ашықтығы. Құқықтық қоғамның негізгі тетігі заңның іске қосылатыны да осы тұс. Әділеттілік басты қағидатқа айналған тұста заңсыздыққа тосқауыл қойылады. Елі сенім артқан тұста Ері де жерге қаратпауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа барып, кезектен тыс президент сайлауындағы «Ашық қоғам» аймақтық зерттеулер халықаралық институты жүргізген Exit-poll-дың қортындысымен танысқаннан кейін: «Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз. Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның барлығын ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық!» деп мәлімдеді. Президенттік сайлаудағы Exit-poll нәтижесінен кейінгі Қасым-Жомарт Кемелұлының мәлімдемесі сайлауалды бағдарламасының түйіні іспетті.
«Өз тізгініне өзі ие бола алмайтын, өз қасиетін өзі бағалап, өз мінін өзі түзей алмайтын, өз мұңын өзі мұңдап, өз жоғын өзі жоқтай алмайтын халық пен қауымның бүгінгі дүниеде бітірері шамалы» (Ә.Кекілбайұлы). Ой санаткері бұл сөзді тереңнен толғап, алдағыны болжап айтқаны рас. Бұл – қазіргі қазақ қоғамы санасына құйып алатын, жадына мықтап тоқитын-ақ сөз. Билік тізгініне ие болатын тұлғаға сенім арта білген ел өз мінін өзі түзеп, өз жоғын өзі түгендеуге кірісті деп айтуға тұрарлық. Бүгінгі дүниеде бітіреріміз де көп. Кешегі сайлау – осының бастамасы. Ел елдігін танытты, енді кезек – Ерінде!