Естеріңізге салсақ, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Адам құқығы және демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының (ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясы «Қазақстанда 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауы бәсеке жоқ саяси ахуалда өтті» деп мәлімдеме жасаған болатын.
«Іс басындағы президент барлық парламенттік партиялар атынан ортақ кандидат тәрізді сайлауға түсті, бірақ оған шын мәнінде бәсекелес болған жоқ. Байқаушылардың сөзінше, негізгі бостандықтары мен құқықтарының шектелуіне байланысты азаматтардың саяси үдеріске толық мәнде қатысуы бұрынғыша айтарлықтай шектеліп отыр», дейді ЕҚЫҰ арнайы бақылау миссиясының мәлімдемесінде.
ЕҚЫҰ байқаушылары «сайлау науқаны туралы БАҚ-та мардымсыз жазылуы және сараптамалық репортаждардың жоқтығы, соның ішінде онлайн хабардың болмағаны да сайлаушылардың саналы түрде таңдау жасау мүмкіндігін шектеген. Тәуелсіз кандидаттардың президенттікке түсуіне рұқсат етілмейтіні, олардың білімі, туған жері, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы органда жұмыс істеген тәжірибесі туралы талаптар Қазақстанның ЕҚЫҰ алдындағы міндеттемелері мен өзге де халықаралық стандарттарға сай келмейді», дейді миссия.
Миссия ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның бұған дейінгі ұсыныстары орындалмағанын, нормативтік-құықтық база халықаралық стандарттарға сай еместігін айтқан. Мәлімдеме қорытындысында «алдағы парламент сайлауында бүгін айтылған мәселелерді шешуге мүмкіндігі бар екенін» құлаққағыс еткен.
Бұл мәлімдемеге Сыртқы істер министрлігі былай деп жауап берді:
«ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-тың 2022 жылғы Қазақстандағы президенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының алдын ала нәтижелері мен тұжырымдары туралы мәлімдемеде объективтіліктің жоқтығы байқалады және осы уақытқа дейін республикамыздың қолдауына ие болған ұйым маңызды институт ретінде ДИАҚБ тиімділігіне күмән туғызады.
Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің олардың қызметінде «адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық сақтауды қамтамасыз етуге, заң үстемдігі негізінде әрекет етуге және демократия қағидаттарын жүзеге асыруға» бағытталған қызметіне көмек көрсету мандаты бар екені мәлім (1992 жылғы Хельсинки құжаты).
Мәлімдеме ЕҚЫҰ/ДИАҚБ үшін дәстүрге айналған бейтарап тұжырымдардың трафаретті және біржақты қорытындыларды қамтиды және еліміздегі ішкі жағдайды толық түсінбейтінін көрсетеді. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушылар тобы мен оның басшылығының қызметі Қазақстан Президентінің елімізді трансформациялауға, оны құқықтық дамыған озық қоғамға айналдыруға бағытталған реформаларына қарсы достық емес көзқарасты айқын көрсетті.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының дәлелсіз және фактілермен расталмаған айыптау мәлімдемесі сайлауды бақылаған барлық беделді халықаралық ұйымдардың қорытындысына сәйкес келмейді, бұл оның біржақтылығын тағы да көрсетеді. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мәлімдемесінің мазмұны Қазақстан билігімен ұзақ мерзімді және сындарлы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыстың жоқтығын көрсетеді және бұл міндетті түрде біздің тарапымыздан ескеріледі», делінген Сыртқы істер министрлігі жауабында.