Сайлау • 22 Қараша, 2022

Байқаушылардың оң бағасы

128 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Партиялық емес байқау орталығы» қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауын қоғамдық бақылауға қатысты қорытынды мәліметті жариялады.

Байқаушылардың оң бағасы

Орталық төрағасы Төлеген Күнәділов дауыс беру бары­сындағы республикалық жедел штабтың атқарған жұмысы туралы айтып берді. Оның айтуынша, сайлау күні таңертеңгі сағат 6:00-ден бас­тап 22 мың байқаушы еліміздің барлық сайлау учаскелерінде, соның ішінде ең шалғайдағы сайлау учаскелерінде бақылау жүргізді. Партиялық емес байқау орталығының республикалық штабының жанынан ахуалдық орталық жұмыс істеді. Оған нақты уақыт режімінде орталықтың өңірлік үйлестірушілерінен да­уыс беру барысын бақылау туралы келіп түскен өзекті ақпараттар мен деректерге талдау жүргізілген.

«Барлық байқаушылар учаске­лерге кедергісіз жіберілді. Учас­ке­лерге келгеннен кейін бай­қаушылар сайлаушыларға арнал­ған ақпа­рат­тық стендтердің ресім­делуін тексерді. Байқау­шыларға қысым жасау және олардың жұмысына кедергі жасау туралы шағымдар түскен жоқ», деді Т.Күнәділов.

Дауыс беру барысы мен нәтижелеріне әсер етуі мүмкін бұзушылықтар туралы жаппай хабарламалар болған жоқ. Бірақ бірқатар сайлау учаскесінде жекеле­ген бұ­зушылықтар тір­келген. Десе де, ондай жағдайдың алды алынып, жалпы сайлау­дың заңдылығы мен ашықты­ғы­на әсер етпегенін атап өткен жөн. Байқаушылар дауыс­тар­ды санау үдерісі барысында бұзу­шы­лықтарды анықтамады.

«Бақылаудың негізгі мақсаты заңнаманың, ашықтық пен объек­тивтіліктің сақталуын бақы­лау болса да, біздің байқау­шы­лары­мыздың бірқатар ескер­ту­і кейбір қоғамдық ұйым­дар байқаушыларының сай­лау учас­келеріндегі теріс әре­кетіне қатысты. Бұл фактілер заңды білу деңгейінің жеткілік­сіздігіне немесе тәжірибенің бол­мауына байланысты. Кейбіреулер әдейі аран­датып, комиссиялардың жұмы­сын жамандауға әрекет жасады. Мұн­дай әрекеттерді сайлау учас­келерінде де, ақпарат алаң­ында да кездестірдік», деді Төлеген Күнәділов.

Осы ретте, учаскелердегі ағым­дағы жағдайдың объективті бейнесін көрсету мақсатында Партиялық емес байқау орталы­ғының байқаушылары әлеумет­тік желілерде белсенді жұмыс жүргізген. «Сайлау күні бай­қау­шылар 3 мыңнан астам жазба жариялады, олар шынайы ақпаратпен кейбір жасанды оқиғалардың мәнін жан-жақты түсіндірді. Күні бойы келіп түскен ақпаратты талдап, жедел тексере отырып, біз әлеу­меттік желілер мен БАҚ-тағы өз аккаунттарымызда тиісті мәлім­демелер жарияладық», деді Т.Күнә­ділов.