Қаржы • 22 Қараша, 2022

Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер

148 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері отандық қор нарығына капиталдың әлемдік нарық­тарындағы құбылмалылық пен монетарлық саясаттың қатаңдатылуы әсер етті. Бұл нарықты жиынтық капиталдандыруды 13%-ға 38,2 трлн теңгеге дейін қысқартты және борыштық қаржыландыруды 35%-ға 443 млрд теңгеге дейін төмендетті. Бұл ретте нарықтың өзге де көрсеткіштері оң серпінді көрсетуді жалғастырды. Атап айтқанда, Қазақстан қор биржасында 2022 жылғы 9 айда сауда-саттықтың жиынтық көлемі 193,6 трлн теңгені құрап, бұл өткен жылғы ұқсас көрсеткіштен 69,4%-ға артық болған.

Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер

Бұл туралы Қазақстан қаржы­герлерінің X конгресі аясында өткен «Қор нарығы. Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» панельдік сессиясында айтылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, 2022 жылғы ақпанда қа­лыптасқан күрделі геосаяси жағдай жаһандану процесінің одан әрі баяу­лауына және протекционистік көңіл күйдің күшеюіне әкелді. Шикі­зат нарығындағы бағаның өсуі және әдет­тегі логистикалық тізбек­тің бұзы­луы инфляцияны едәуір жедел­детті.

«Бұрын керемет болып көрін­ген тәуекелдерді іске асыру белгілі бір актив­тердің құндылығын қай­та қа­рау­­ға әкеледі. 2022 жылы инвес­тор­лар өз активтерінің белгілі бір мін­детте­мелерді қосымша қоя отырып, қас қағымда өз құнының 100%-ына дейін қалай жоғалтқанын байқау­ға мүм­кіндік алды», деп атап өтті М.Хаджиева.

Оның сөзіне қарағанда, қаржы нарығындағы құбылмалылықтың артуына қарамастан, халықтың бағалы қағаздарға деген қызығушылығы артып келеді. Қазақстандағы бөлшек инвесторлардың саны 2022 жылдың басынан бері екі есеге артып, жарты млн адам деңгейіне жақындаған.

«Нарықтың құбылмалылығы әр­қашан инвесторлардың қызығу­шы­­лығын арттырады. Себебі ақша табуға мүмкіндік береді. Дегенмен, тәуекелдер әрқашан бар, әсіресе жеке инвесторлар үшін. Сондық­тан қаржы реттеушісі оларды қорғау және біліктілік деңгейі бойынша заң­намалық түзетулерді уақ­тылы қабыл­дады. Әсіресе халықтық IPO қар­саңында», дейді «Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасы Сергей Лукьянов.

Кәсіби қатысушылардың көңіл күйін бағалау үшін агенттік Конгресс қарсаңында 82 ұйымға сауалдама жүргізген. Оның қорытындысы бо­йынша портфельдегі тәуекел ак­тив­терінің үлесі сұралғандардың 80%-ын­­да 10%-дан аспайтын болып шық­ты. Ин­вестициялық шешімдерге әсер ете­тін негізгі факторлардың ішінде рес­понденттер Орталық банк ставкалары мен геосаяси белгісіздік факторын атады.

Қаржы ұйымдарының жартысына жуығының қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда әзірленген іс-шаралар жоспарлары бар және бұл ретте 46%-ы инвестициялық стратегияны өзгертуді жоспарламайды. Бұл қаржы нарығының өз стратегиялары мен жоспарларына деген сенімділігін көрсетеді. Алайда респонденттердің 73%-ы өз портфельдеріндегі үлестік құралдардың үлесін ұлғайтуды жос­парлап отыр. Яғни нарық «сатып алу» уақыты келді деп үміттенеді.

Сауалдамаға қатысқан кәсіби ин­вес­­торлардың көпшілігі бүгінде шикі­­зат тауарларына арналған индекс­тік қағаздарға инвестицияларды тар­тымды деп санайды, бұл жоғары инфля­цияға байланысты. Цифрлық актив­тер екінші орында, содан кейін жылжымайтын мүлік қорлары.

«Нәтижесінде, қазіргі жағдай на­­рық қатысушыларының алдына көп­­теген сын-қатер қойып, өздері­нің инвестициялық стратегияларын түзетуге мәжбүр етсе де, нарық үшін жаңа мүмкіндік ашады, оны жібе­ріп алмау өте маңызды», деп қоры­тын­ды­лады М.Хаджиева.