Спорт • 22 Қараша, 2022

200 миллиардтық доп додасы

168 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футболдан әлем чемпионаты Қатардың бес қаласында орна­ласқан сегіз стадионда өтіп жатыр. Олар – Лусаилдағы «Ұлттық стадион» (80 000 көрерменге есептелген), Әл-Хаурдағы «Әл-Байт» (60 000), Дохадағы «974 стадионы» (40 000) мен «Әл-Тумама» (40 000), Эр-Райяндағы «Халифа» (45 416) мен «Эдьюкейшн сити» (45 350) және Әл-Вакрадағы «Ахмед бин Әли» (44 740) мен Әл-Джануб (40 000). Доп додасының өтуіне орай арнайы салынған алғашқы стадионның іргетасы 2013 жылы қаланып, төрт жылдан кейін құрылыс жұ­мыстары толықтай аяқталды. Бұл нысандардың барлығы да 2021 жылы пайдалануға берілді.

200 миллиардтық доп додасы

Бұл – Азия құрлығында өтіп жатқан екінші әлемдік доп додасы. Алғаш рет 2002 жылғы жарысты Жапония мен Оңтүстік Корея қабылдаған болатын. Міне, содан кейін араға 20 жыл салып, мундиаль қайта сары құрлықта өтуде. Десек те, бұл – араб мем­лекетінде жалауы желбіреген тұңғыш байрақты бәсеке. Оны ұйымдастыру іс-шараларына 200 миллиард АҚШ долларынан аса қаражат жұмсалды. Бұған дейінгі әлем чемпионаттарында дәл осындай мол көлемде қаржы жұмсалмаған еді.

Әлем чемпионаты алғаш рет күз айларының аяғы мен қыста өтіп жатыр. Өйткені жазда Қатарда ауаның температурасы 50 градусқа дейін көтеріледі. Сол себепті ондай аптап ыстықта доп тебу мүлдем мүмкін емес. Ал қараша мен желтоқсан айларында термометр тілі 20,8-25,4 градусты көрсетеді.

Қатарда 32 мемлекеттің ұлт­тық құрамалары өзара шеберлік байқасуда. Олар төрт-төрттен сегіз топқа бөлінді. Әр топтан үз­дік шыққан екі команда плей-оффқа жолдама алады. Топ­тық турнир 20 қараша мен 2 жел­­тоқсан аралығында өтеді. 1/8 финалдық са­­йыстарды 3-6 жел­тоқсан ара­­лығында та­ма­ша­­­лай­мыз. Ши­­рек фи­нал­ға шық­­қан­дар 9-10 желтоқсанда өзара күш сы­насады. Жартылай финал­дық бәсекелерді 13 және 14 жел­тоқсанда көреміз. 17 жел­тоқ­сан­да Дохадағы «Халифа» ста­дионында қола жүлдегер анық­талады. Ал бас жүлде үшін тартыс 18 желтоқсанда Лусиалдағы «Ұлттық стадионда» өтеді.

Биылғы әлем чемпио­на­тының жүлде қоры 440 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Бас жүлдені олжалаған ко­манда 42 миллион алса, финалда ұтылғаны 30 миллионды еншілейді. Қола жүлдегерге 27 миллион табыс етілсе, төртінші орынға тұрақтағанға 25 миллион тиесілі болады. Ширек фи­налға шыққандар 17 миллионнан алса, плей-оффтың алғашқы кезеңінде сүрін­гендердің есепшотына 13 миллион аударылады. Атал­ған жарысқа қатысқаны үшін ғана командаларға 9 миллионнан берілсе, дайындық жұ­мыс­тарына тағы 1,5 миллион бө­лінеді. Сонымен қатар ФИФА өз ойыншыларын мундиальға жіберген клубтарға өтемақы ре­тінде қосымша 209 миллион төлеуді қарастырып отыр. Осы шығынның барлығын қоса есептегенде, бұл сома 1 миллиард доллардан асады.

Бұған дейінгі әлем чемпионаттарында қатысушыларға мынадай сомада қаражат төленген: 2018 жыл – 791 миллион, 2014 – 576 миллион, 2010 жыл – 420 миллион, 2006 – 282 миллион, 2002 – 156 миллион және 1998 – 103 миллион АҚШ доллары.

Дүниежүзілік доп додасында Мюнхеннің «Бавариясының» 17 ойыншысы жасыл алаңға шы­­ғады. Тарқатып айтсақ, Ма­нуэль Нойер, Леон Горецка, Серж Гна­бри, Лерой Зане, Джамал Му­сиала, Йозуа Киммих және Томас Мюллер Германияның намысын қорғайды. Францияның құ­ра­мында мюнхендік клубтың төрт футболшысы ойнайды. Олар – Лукас Эрнандес, Дайо Юпа­мекано, Бенжамен Павар және Кингли Коман. Ал Эрик Шупо-Мотинг Камерунның, Аль­­фонсо Дэвис Канаданың, Йосип Станишич Хор­­­­ватияның, Нус­сайр Ма­зрауи Марок­ко­ның, Маттейс де Лигт Нидерландтың және Садио Ма­не Сенегалдың сапында өнер көрсетеді. Сонымен қатар Қа­тар­ға «Манчестер Сити» мен «Бар­­­селонаның – 16, «Ман­честер Юнай­тедтің» – 14 және «Реал­дың» 13 ойыншысы келді.

Биылғы әлем чемпиона­тында өнер көрсететін ең үлкен ойыншы – 40 жастағы қақ­па­шы Альфредо Талавера. Ол 1982 жылдың 18 қыр­күйе­гінде Мек­сиканың Ха­лиско шта­тын­дағы Ла-Бар­ка қа­ла­­сында дүниеге келді. «Гва­да­лахара» ака­де­мия­сы­ның түлегі 2011 жылы өз елі­нің ұлттық құ­рама ко­ман­да­сының сапына қа­был­данды. Сол кезден бері 33 рет жасыл алаң­ға шығып, 18 доп жі­беріп алды. Сондай-ақ «қарт» ойын­­шылардың қата­рында 39 жас­­тағы канадалық Атиба Хат­чин­сон (08.02.1983), пор­ту­галия­лық Пепе (26.08.1983), жа­­по­ния­­­лық Кавасима (20.03.1983) және бра­­зилиялық Да­ни Алвес (06.05.1983) сынды саң­лақтар бар.

Қатардағы ең жас ойыншы­лардың көшін 20 қарашада 18 жасқа толған Юссуфа Мукоко бастап тұр. Ол Камерунда дү­ниеге келгенімен, балалық ша­ғы Гер­манияда өтті. Жас­өс­пі­рімдер мен жастар буыны ара­сындағы жарыс­­тарда жасын­дай жар­қылдаған шабуылшы бұл күндері Дорт­мундтың «Бо­­рус­сиясы» сапын­да өнер көр­сетеді. Бұл жі­гітке бун­де­сли­­гадағы көп­те­ген рекорд тие­сілі. Үсті­міз­дегі жыл­­дың 16 қа­­­­раша­сында Оманға қарсы жол­­­­дас­­тық кездесуде Мукока ал­ғаш рет Гер­манияның ұлттық құра­масы сапында алаңға шық­ты. Сон­­дай-ақ ең жас ойын­шы­лар­­дың тізіміне 18 жастағы аус­­­тралиялық Гаранг Куол (15.09.2004), испа­ниялық Га­ви (6.08. 2004), коста­ри­­ка­лық Джевисон Бен­­­нетт (15.06.2004) және марокколық Бі­­­ләл Әл-Ганнус (10.05.2004) сын­­ды са­йып­қы­­рандар еніп отыр.