Спорт • 22 Қараша, 2022

16 балуан оңбай жеңілді

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында күрес түрлерінен Билл Фаррелл мемориалы аяқталды. Бұған дейін біз бұрымды балуандарымыз төрт жүлде жеңіп алғаны жайында жазған едік.

16 балуан оңбай жеңілді

 

Еркін күрес шеберлері арасында өткен жарыста Қазақстанның 16 балуаны өнер көрсеткенімен, өкінішке қарай, солардың бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бізге қарағанда қырғыздар әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. Аталған мемлекеттен Тайырбек Жұмашбекұлы (65 кило) мен Орозобек Тоқтомәмбетов бас жүлдені олжалады. Осы көрсеткішінің арқасында айырқалпақтылар жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Ал көш басында – АҚШ құрамасы. Боз кілем қожайындары арасынан Зейн Ричардс (55 кило), Ян Паркер (70 кило), Эрик Шульц (92 кило), Майкл Маккиавелло (97 кило) және Ник Гваздовски (125 кило) топ жарды. Екінші орынды Украинаның өрендері иеленді. Бұл команданың мүшелері арасынан Андрей Яценко (61 кило), Василий Михайлов (79 кило) және Мұхаммед Әлиевке (86 кило) тең келер ешкім табылмады.

Сондай-ақ жүлде алғандар қатарында Эквадор (1 күміс), Армения (1 күміс), Грузия (1 күміс) және Израиль (1 қола) өкілдері болды.