31 Мамыр, 2014

Тауқыметке толы тағдыр

634 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Тарихи деректерге жүгінсек, ХІХ ғасырдың алмағайып тұсында, Әулиеата өңіріне ерекше еңбегі сіңген, бірегей тарихи тұлға – Батырбек датқа екенін аңғаруға болғандай. Оңтүстікте билікте болған кезеңінде ол халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып, бейбіт еңбек етіп, салт-дәстүрін, дінін сақтап қалу жолында өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұрындары жергілікті халық шашыраңқы отырып, өздері азық-түлік өндірмей, иран, өзбек, т.б. елдің саудагерлерінен қымбат бағаға сатып алатын болған. Жағдайлары төмен отбасылары ашқұрсақ болып күн көретін. Әр жерде көшіп-қонып күнелтетін. Батырбек датқа Оңтүстік өңір халқының осы тауқыметін жеңілдетіп, өмірлеріне өзгеріс енгізген жаңашыл адам. Өзбек жұртынан құрылысшылар алдыртып, там салдыртып, жергілікті халықты ауыл ауыл етіп қоныстандырған. Екінші ерен еңбегі жергілікті халықты ұйымдастырып, каналдар қаздыртып, тоғандар салдыртып, суландыру жүйесін енгізтіп, өңірде егіншілікті дамыту дер едік. Жергілікті халық сол арқылы азық-түлігіне керек егінді өздері егіп, баптап, күзде жинап алып, аштық азабынан құтылды. Батырбек датқа текті ата­ның ұрпағы. Ұлы аталары Есті, Қарабатыр, Шінет батыр би болған кісілер. Қарабатыр Төлебидің туған күйеубаласы болса, Шінет атасы би, өз әкесі атақты қолбасшы Рысбек батыр – сиқым руының ұранына айналған тұлға. Жоңғар шайқасында жауынгерлер: «Рыс­бек, Рысбек!» деп ұрандатып шығатын болған.Ол әділдігімен, адалдығымен таныл­­­ған. Халықты руға бөлмеген. Осы­сымен ел есінде мәңгілік сақталып келеді. Тарихи тұлғаның әділдігін еліне, халқының тұрмыс-жағдайын жақсартудағы жасаған еңбектерін естіген өзге өңірлердегі ағайындар оның қол астына көшіп келіп, тұрмыстарын түзепті. Ба­­тырбек датқа көшіп келген аға­йын­дарға жер бөліп, алдарына мал са­лып, ауыл етіп орналастырады екен. Батырбек датқаның қаздыртқан каналдарын, тоғандарын халық әлі де пайдалануда, ел игілігіне жарау­да. Бұл каналдар мен тоғандар: Сайрам ауданының Қарабұлақ, Қайнарбұлақ, Түлкібас ауданының Бадам, Жуалы ауданының Күрең­бел және Қоңыртөбе ауылындағы тоған­дар сорабы еді. Ал Талас ауда­нындағы Көктал, Қызыләуіт тоғандары әлі жақсы сақталған. Халық жадынан шығармай, датқа каналдары мен тоғандары деп атайды. Көктал тоғаны жанында санаторий қоныстанған, бау-бақшалы ну орман. Осы Көктал тоғанын көп жылдар күтіп, жан-жағына жеміс ағаштарын, талдар егіп, баптап, күзеткен Батырбек датқаның немересі, кезінде ұзақ жылдар болыс болған Мақұлбек екен. Кезінде бәйгенің алдын бермеген аты жер жарған «қара ат» осы Мақұлбек болыстікі. Қасиетті датқа бабамның салдыртқан тоғанын және мешітін тастап (мешіт те салдыртқан) ешқайда кетпеймін деп үрім-бұтағымен бір ауыл болып, дүниеден өткенше, Көкталда өмір кешіпті. Батырбек датқаның ел жадында ерекше сақталған тағы бір тарихи еңбегі бар. Ол – жергілікті халықтың дінсізденуіне жол бермей, салт-дәстүрін сақтауына, тілін қадір тұтуына қосқан үлесі еді. Орыс отаршылдарының Оңтүстік өңірге келетінін ерте сезген кемеңгер, алдын ала қамданып Ташкент, Самарқан қалаларынан құрылысшылар, мешітке қажетті заттарды алдыртып өңірдің бірне­ше елді мекендеріне сәулет­ті мешіт-медреселерді Сайрам ауда­нының Қайнарбұлақ, Қарабұлақ елдімекендеріне, Жуалы ауда­ны Датқасаз (өзінің мекенжайы), Қош­қарата ауылына, Талас ауданының Көктал, Қызыләуіт ауылдарына салдыртады. Мешіт-медреселерде жиналған халыққа, жастарға, діни сауаты жоғары имамдар уағыз­­­дар айтып, білім беріп, сауат­тарын көтерді. Осындай жедел қолға алын­ған игілікті істер­дің нәти­же­сінде патшалық Ресей мис­сио­­­нер­лерінің жолына тосқауыл қоя­ды. Батырбек датқаның тарихи еңбегі бағалануын жергілікті халық, зиялы қауым өкілдері көп жылдан бері билік өкілдерінен өтініп келеді. Бұл туралы бірнеше рет белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов бастаған азаматтар мерзімдік басылымдарда мақалалар жариялады. Жуалы ауданына 2012 жылы әкім болып келген Батырбек Құлекеев сондай өтініштерге сергек қарап, өзі бас болып, халықты ұйымдастырып, 1928 жылы коммунистер қиратқан тарихи тұлғаның күмбезін қайта тұрғызды. Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомагистраль бойына, аудан орталығына, төбе басына зәулім де сәулетті ескерткіші орнатылды. Ескерткіш пен күмбездің ашылу салтанаты 2012 жылы 24 қазанда өтіп, Қазақстанның барлық өңірлерінен, Астана, Алматы, Шымкенттен келген ғалымдар, жазушылар, тарихшылар қатысқан ғылыми конференция болды. Артынан арнайы ас берілді. Осы іс-шаралардың өткеніне екі жыл өтсе де, тарихи тұлғаның тарихи еңбегі әлі де толық өз дәрежесінде еленбей келеді. Атақты батыр Б.Момышұлы жазушы Мамытбек Қалдыбаевпен болған сұхбатында «Оңтүстік өңірде өткен ғасырда ел билігінде Батырбек датқа болған, данышпан, кемеңгер, стратег. Кейбір өсек­шілер Байзақ датқаның өлімін Батырбек датқадан көреді, қоқан­­­дықтарға жұмсаған сол кісі деп, оттапты, Байзақ датқа қайғылы қазаға ұшырағанда Батырбек датқа алдына 50 жылқы 500 бас қой салып, нөкерлерімен «ой бауырымдап» деп егіліп, бата жасаған қасиет иесі» деген. Бұл сұхбат М.Қалдыбаевтың «Бәйдібек баба» арманы кітабында жарияланған. Иә, Батырбек датқаны Байзақ датқаның өліміне кінәлі дегенді таратушылар болған. Бірақ ғалым Д.Даниярбековтің Ташкент архивінен, генерал Черняевтің соғыс министріне жазған құпия хатын оқымысты М.Мырзахметов бастаған азаматтар мақалалар жазып («Егемен Қазақстан», 28 мамыр 2010 жыл және 7 маусым 2012 жыл) республикалық газеттерде­ жария­лады. Сол мақалада генерал­ Чер­няев­тың Байзақ датқа­ны қоқан­­­дықтарға келіссөз жүргі­зуге­ өзі жұмсап қайғылы қазаға ұшырат­қанын, оны датқаға жапқа­ны әш­кере болды. Ал біздер 150 жыл бойы негізсіз сөзге сеніп келдік. Оңтүстік өңір халқы XVIII ғасыр­дың басынан, ХІХ ғасырдың орта­сына дейін қоқандықтардың ықпа­­лында болғаны тарихтан мәлім. Батырбек датқа да Байзақ, Сапақ, Шоқай датқалармен бірге Қоқан хандығында қызмет жасаған. Бір елге отар болу әрине қиын. Бірақ отаршылдардың осал тұстарын тауып, елін, халқын небір қиындықтардан аштыққа ұрындырмай, қырғынға ұшыратпай аман алып шығуда, Батырбек датқаның көрегендігін, кемеңгер, шебер саясаткер, парасатты ел билеуші болғандығына тарих куә. Датқаның көрегендігі, алдын ала болжай білетін қасиет иесі екендігін көп жылдар Оңтүстік Қазақстан облысында аудан басқарған, облыс басшыларының бірі болған, тарихтан хабары мол, жазушы Әбжаппар Жылқышиевтың «Дауылдан кейінгі жорықтар» атты кітабын оқысаңыз көзіңіз жетеді. Оңтүстік өңірге Черняев басқарған орыс экспедициясы бет алғанда, датқалар бас қосып, не істейміз деп ақылдасады. Осы басқосуда өзге датқалар орыс әскерлері күшті, оларға бағынайық деп шешкенде, Батырбек датқа олар халқымызға апат алып келеді, жат дін, мен мұсылманмын, дінімді сатпаймын, халқыммен бірге боламын деп ашық айтқан көрінеді. Қоқан хандығы қайыс ноқта, өз-өзімізге келгенде оны үзіп тастауға болады, оның үстіне бұл хандықта қазақтар басым, ал жат дінділердің ноқтасы темір, оны сыпырып тас­тау өте қиын депті делінеді сол алқалы отырыста. Тарихи тұлғаның айтқан көрегендік өсиеті кейін айнымай келді емес пе? Тарихи деректерге жүгінсек Қоқан хандығының 60 пайыздан астамын қазақтар құраған. Қазақ билікте де басым болған. Оның барлық саласында қызмет еткен. Қыпшақ Мұсылманқұл Қоқан хандығының бас қолбасшысы қызметін атқарған. Батырбек дат­­­қаны кінәлайтындардың бір тобы, Қоқан хандығында үлкен лауазымды кісімен құдандалы болған, сол себепті барлық артықшылықты иеленген дейді. Дүниеден өт­кен көнекөз қариялардың айтуын­ша, Батырбек датқа Қоқан хандығында үлкен лауазым иесі болған өзіміздің қазағымыз қыпшақ, жоғарыда айтқан Мұсыл­манқұлмен құда болған. Мұсыл­манқұл да, Батырбек датқа да қазақтардың мүддесін қорғаған тарихи қайраткерлер. Қоқан ханы тағайындаған датқалардың барлығы қазақтың беделді рубасылары еді. Әскери құрамда 70 пайыз қазақ сарбаздарынан құралған. Бұл мәліметтер жазушы, журналист Мақұлбек Рысдәулет жариялаған мақалада нақты айтылған. Жоғарыда айттық, Батырбек датқаның тарихи еңбегіне лайықты бағасын беретін уақыт келді. Зиялы қауым өкілдерінің өтініш-тілектері ескеріліп тарихи тұлғаның есімі өзі туып-өскен Күреңбел елді мекеніне, аудан орталығындағы орта мектепке, Тараз қаласының бір көшесіне беріліп, сәулетті ескерткіш белгілер тұрғызылса деген тілек бар. Өзімізге таршылық танытқанмен, өзгеге кеңдігіміз бар. Ол да жөн шығар. Дегенмен, өзімізге де көңіл бөлсек екен. Мысалы, Жуалы ауданының орта­лығы Б.Момышұлы ауы­лын­дағы 80 жылдық тарихы бар № 1 гимназия әлі күнге дейін қы­зыл коммунист Серго Орджоникидзенің атында. Ресей мемлекеті Ленин, Калини, т.б. көсемдердің біразының есім­дерін баяғыда қала, елді мекен, мектептерден алып тастаған. Бізде Серго Орджоникидзе есімін әлі ардақтаудамыз. Осы гимназияға Батырбек датқаның есімі берілсе, қане. Біздің осы тілектерімізді қала, облыс басшылығы ескеріп, тарихи тұлғаның еңбегі лайықты бағасын алады деп сенеміз. Қалдыбек БӨЛЕЕВ, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қабыланбек Мейірбеков, агроном. Тараз.