26 жастағы Хайме Мунгия – өте мықты боксшы. Мексиканың Тихуана қаласының тумасы 2013 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Осы аралықта 41 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 33 қарсыласын есінен тандырды. 2018 жылдың көктемінде ол америкалық Садам Әлиді төртінші раундта ұрып жығып, бірінші орта салмақта чемпиондық атаққа қол жеткізді. Кезінде Мунгия Лиам Смит, Брэндон Кук, Патрик Алотти, Гарри O’Салливан, Туреано Джонсон, Камил Шеремета, Габриэль Росадо, Димитриус Баллард, Джимми Келли сынды танымал боксшыларды оңдырмай сабаған. Соңғы рет ол өткен аптада Гвадалахарадағы жекпе-жекте Аргентинаның әлеуетті боксшысы Гонсало Гастон Корианы үшінші раундта нокаутқа жіберді. Хайме – солақай боксшы. Оның бойы – 183 сантиметр. Сонымен қатар мексикалық марқасқа оң қолымен де жақсы соққы жасай алады.
Біздің Жәнібек те осал жігіт емес. 29 жастағы қазақтың қайсар ұлы кәсіпқой рингтегі 13 кездесуін жеңіспен аяқтап, сегіз бәсекеде айқын басымдық танытты. Жоғарыдағы жаңалықты естіген бетте Жәнібек Твиттерде «Егер Мунгия келіссе, мен оны нокаутқа жіберемін. Одан кейін келесі жылдың аяғында «Канеломен» күш сынасуды көздеп отырмын», деп жазды. Енді қос тарап 15 күн аралығында ортақ мәмілеге келуге тиіс.