Қоғам • 22 Қараша, 2022

Қоқыстан құтылар күн бар ма?..

276 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңірдегі өңсіз өңі ондаған жылдар бойы өзгермей келе жатқан сойылдай мәселенің бірі – бей-берекет шашылған, жаз бойы жаман иісі мүңкіп тұратын, шыбын-шіркей жиналып, құрттап, егеуқұйрықтардың мекен ететін жеріне айналған қоқыс үйінділері.

Қоқыстан құтылар күн бар ма?..

Далада емес, қалада. Қала болғанда да облыс орталығында. Бұл мәселе сан мәрте көтерілген, әйтсе де сол жабулы қазан жабулы күйінде келеді. Қала тұрғындары наразылық білдіргелі қашан. Көкшетауда қатты тұрмыстық полигоны жоқ. Әуежай маңында ұзақ жылдар бойы қоқыс қабылдаған полигон 2018 жылы әуе айлағының санитарлық тазалығына байланысты қойылатын талаптарға, экологтердің дабыл көтеруіне байланысты жабылып тынды. Оның өзі де жаз бойы ара-тұра өртеніп, жаман иісі мен қою, қара түтіні қаланың үстін қаптай жауып, күннің жүзін көрсетпей жататын. Бұдан кейін қаладан шығарылатын тұрмыстық қалдықтар басқа жерге тасымалданады деген ұйғарым жасалды.

Таңдау Краснояр ауылдық окру­гіне қарасты Элита ауылының сыр­тындағы бос жатқан алаңқайға түсті. Бірақ бұл да тығырықтан шығара­тын төте жол емес еді. Күншығыстан жел соқса, жүрек айнытар жаман иіс қаланы қаумалап алатын. Элита ауылының тұрғындары әуелі өкпе-назын жұқалап айтып көрген. Кейін кәдімгідей өрекпіген дауға айналды. Ақыры полигон жабылып тынды. Жабылғанымен, зардабы қалды. Ала жаздай бірнеше мәрте өрт шалып, қара түтіні қаланың үстін торлап алатын. Иісі даланы да, қаланы да жайлап кетті. Мамандар бұл қал­дықтардың табиғи ыдырауы деп түсіндіретін.

– Қажетті сараптама жасалып, полигонды 70 пайыз қалпына келтіруге дайын инвестор да табылған, – дейді қала әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов, – қалдықтарды уақытша ор­на­ластыруға жалпы аумақтың 30 пайызын қалдырсақ, Экологиялық ко­декстің талаптарын сақтайтын едік.

Бірақ ауыл тұрғындары бұл ше­шімге үзілді-кесілді қарсы тұр­ды. Дауды өршітпей, халық сая­быр тап­сын деп қала басшылары бо­ла­шақ полигон аймағында қат­­ты тұр­мыстық қалдықтарды уақыт­­ша сақтау үшін 20 гектар жер телі­мін бөлу туралы мәселені қарас­тыруда. Қала әкімдігі амалсыздан тұрмыстық қалдықтар­ды әуежай маңындағы бұрынғы поли­гонға уақытша тасымалдай тұру туралы ше­шім қабылдады. Көкшетау қа­ласы әкімі­нің орынбасары Дәулет Жүні­совтың айтуына қарағанда, мәселе тұр­мыстық қатты қалдықтардың жаңа полигонын салған кезде ғана түбегейлі шешілмек.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жаңа Экологиялық кодекстің талаптарына жауап беретін полигон салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама әзірлемек. Бірақ бұл бүгін-ертең біте қоятын шаруа емес. Жаңа полигонды салуға кем дегенде 4-5 жыл қажет екен.

Қоқыс өңдейтін зауыттың құры­лысы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Әйтсе де, әлі бір шешімін тап­қан жоқ. Былтыр Оңтүстік Кореядан инвестор келеді екен деген хабар та­рағанымен жақсылық бола қойған жоқ. Бүгінгі таңда облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды шығарып, тазалаумен үш кәсіпорын айналысады. Олар барлығы 110 мың абонентке қызмет көрсетеді. Осы арада қисынға келмейтін тағы бір есеп бар. Статистикалық деректерге қарағанда, облыс орталығында 165 мың тұрғын бар. Қалған 55 мың адам тұрмыстық қалдықтарын қайда жіберіп жатыр?

– Өткен жылы біз жеке сектор­да­ғы 300-ге жуық үйді аралап, тек ­21-імен ғана шарт жасастық. Тұрғындар бар­лық қоқысты өртеп жібереміз, сон­дықтан ешқандай келісім жасамаймыз деп отыр, – дейді «Тазалық» серік­тестігінің басшысы Олег Топор­ков, – Шын мәнінде қала тұрғындары қоқысты жол бойына, қоршаулардың маңына аткөпір етіп төгіп тастайды. Әйтпесе, көліктеріне салып алып барып, көпқабатты үйлердің жанындағы контейнерлік алаңдарды толтырады. Осы бір тәртіпсіздікке тосқауыл қоя алмай отырмыз.

Төлемақы төлеуде де түйткіл аз емес. Қала тазалығымен айналысатын жеке кәсіпкер Әділ Елемесов­тың айтуына қарағанда, қала тұрғын­дары миллиондап қарызын төлемей отыр. Дегенмен де қоқыс алаңдарын тазалауға мәжбүр.

– Жалпы, адамдардың ішкі мәде­ниеті болуы керек, – дейді кәсіпкер, – тұрғындар қоқыс алаңына ескі тұр­­мыс­тық техникаларын, қажетсіз жиһаз­дарын, құрылыс қалдықтарын тас­тай береді. Бұл заттар көлемді болған­дықтан біздің көлігімізге сыймайды. Салдарынан қалдық алаңдары аткөпір болып шашылып жатады. Бұралқы ит пен мысық та осы жерден тамақ іздеп, шашып тастайды. Қиындық шашетектен. Оның үстіне төлем тарифі де соңғы он жыл бойы өзгеріссіз.

Осы жылдың 1 желтоқ­са­ны­нан бас­тап қала тұрғындары қо­қыс шы­­­ға­ра­тын кәсіпорындар қал­дық­­ты сұ­рыптау мен көмуді ұйым­­дас­тыру үшін тиісін­ше 377 теңге­ден 438 тең­геге дейін тө­лем тө­ле­мек. Та­риф­ті бекіту кезінде ком­му­­налдық қыз­мет­тердің жанар-жа­ғар­майға, қосал­қы бөлшектерге, жұмыс­шы­лардың соңғы уақыттағы сәл-пәл көтерілген жалақысына жұмсалатын нақты шығындар ескерілген.

– Техникаға қажетті қосалқы бөл­шектің бағасы өткен жылмен салыс­тырғанда бірнеше есеге өсіп кетті, – дейді Дәулет Жүнісов. – Мәселен, 2021 жылдың сәуір айында дизель отынының 1 литрі 187 теңге болса, бүгінде – 260 теңге.

«Тазалық» серіктестігінің дирек­торы Олег Топорковтың айтуына қа­­рағанда, олар соңғы екі жыл бойы та­ри­фті көтеру керек екендігін дәлелдеу­мен келеді. Әйтсе де, кәсіп­кер Әділ Елемесов тарифтің көтерілуін күтпей, өз жұмысшыларының жалақы­сын орта есеппен 250 мың теңгеге дейін көтерген.

Соңғы уақытта қала тұрғында­рының осы бір түйткілді мәселеге байланысты арыз-шағымы өте көп. Осының барлығы шаруаның рет­ке келтірілмеуінен. Мәселен, қала­дағы шағын аудандардың бірінде 13 көп­қабатты тұрғын үйдің жанын­да бір ғана контейнер алаңы бар. Демек, жүктеме өте көп. Қазір мамандардың есептеуіне қарағанда, облыс орталығында ұзын-ырғасы 2 мыңға жуық контейнер тұрғанымен, әлі де кем дегенде 750 контейнер қойы­луы қажет. Бүгінде 105 контей­нер алаңы ғана заңдастырылған. Қоқыс алаңдарын қоршауға қаражат қарастырылуда.

Қоқыс таситын компаниялар заң­намаға сәйкес контейнер алаңда­рын салу, иесіз контейнерлердің құқық­тық құжаттарын жасау, ірі көлемдегі қоқыстарды төгуді ыңғайластыру тәрізді мәселелерге байланысты тариф бағасы көтерілсе деп отыр. Тариф көтерілгенімен, тазалық бола қояр ма екен дейді тазалықтың жоқтығынан тақсырет тартқан қала тұрғындары.

 

КӨКШЕТАУ