31 Мамыр, 2014

Ұлт жанды ұл

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жұмабек ТәшеноМен бұл мақаламда жер дауын қоздырғалы отырған жоқ­пын. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың Тәуелсіз Қазақ­станның шекарасын екі жақтағы алпауыт көршімен де шегелеп алғанына көңіліміз тоқ. Бірақ та тарихты жастарымыз біліп, келешекте оны жадында сақтағаны дұрыс деп ойлаймын. Қазақтың байырғы жерінің екінші рет саудаға түсуі мемлекет басына волюнтарист, авантюрист, ұлтшыл Н.Хрущевтың келуімен жалғасты. Ол таққа отырысымен-ақ, республикалар арасындағы шекараларды жойып, бөлінбейтін үлкен Ресей мемлекетін құру туралы өзінің сандырақ идеясын іске асыруға кірісті. Туысқан көршілес халықтар арасында жер дауын туғызып, оларды бір-біріне қарсы айдап салды. Мен жас кезімде халқы­мыздың ардақты ұлы Жұмабек Тәшеновті екі рет көрген едім. Сол кездесудің екеуінен де қатты әсер алған болатынмын. Жұмекең ұлтжанды, кем-кетік, жетім-жесірлерге ерекше қарап, қолынан келген көмегін көрсетуге дайын жан еді деседі. Ағаның қайырымдылығын өзім де көргенім бар. ҚазГУ-де оқып жүрген сту­дент кезімізде 24 рубль шама­сындағы стипендия күнкө­рі­сімізге жетпей қалатын. Тойып тамақ ішпей жүрсек те, әлімізге қарамай, жерлес, курс­тас қыздарды театрға, кино­ға шақыратынымыз тағы бар. Жастық-ай десеңші, арзан болса да сәнді киініп галстук тағуды ұнататынбыз. Елден келетін жәрдем жоқтың қасы. Амалсыздан кешкісін темір­жол вокзалына барып вагоннан күрекпен көмір түсіруге мәжбүр болатын едік. Алдында байытып, соңынан жұмысын істетіп алған соң, болар болмас тиын-тебен беріп ондағы қулар біздерді шығарып салатын. Көмір ұнтағынан көзіміз бен тістеріміз ғана жылтырайтын біздер, қоғамдық көлікке міну­ге ұялып, амал жоқ жаяу­лап-жалпылап таса-тасамен жатақханаға жететінбіз. Бір күні Әнуарбек деген курстас жолдасым, маған: «Тәшенов ағамыз қайырымды кісі деседі, мен балалар үйінде, ал сен пансионатта тәрбиелендің. Екеуміздің де әкелеріміз соғыста қайтыс болған, сол ағаға барып мате­риалдық көмек сұрайық», деді. Досымның сөзін тастай алмай, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Төрағасының қа­былдау бөлмесіне еріп бардым. Қабылдау кезінде сөзге пысық, университеттің маң­дайалды спортшысы Әнуарбек екеуміздің атымыздан қар­ны­мыз ашып, жүдеп-жадап жүргеніміз жайында жалынышты түрде суреттеп айтып шықты. Ұялшақ мінезімнен болар мен ағаның бетіне дұрыс қарай алмай, екі көзім еденде болды. Ол кісі бізді көп ұстамай, ақылын айтып, шығарып салып жатып, төменіректе отырған хатшысына: «Мына екі студентке материалдық көмегімді жаз», деді. Ағаның сол жолғы көмегі, бір бөлмеде жатқан 17 балаға біраз уақыт ас-су болды. Қарным ашып жүргенде жеген құйқаның дәмі, бүгінге дейін аузымда деуге болады. Заң факультетінің деканы М.А.Ваксберг деген профессор, кезінде саяси астармен Ленинградтан жер ауып келген, жасы жетпістен асқан, атақты ғалым еді. Әнуарбек екеумізді кабинетіне шақырып: «Мұндай қадамға енді бармаңдар, сти­пендияларыңды алып тұра­сың­дар, кәсіподақ та қарап қал­майды», – деді. Нәті біз туралы жоғарыдан тапсырыс болған ғой деп жорамалдадық. Рас, әлі күнге ұяламын. Екінші рет ағаны ұмытпасам, өткен ғасырдың 60-жылдары көрдім. ҚазГу-дің бас ғимаратының акт залында ол студенттермен кездесу өткізді. Үлкен залда бос орын жоқ, сыймағандары ағаны үлкен екі ашық есік арқылы дәлізде тұрып тыңдады. Президиумда университет бастауыш партия комитетінің хатшысы жиынды басқарып отырды. Ректораттан басқа ешкім болмағанына қарағанда, ол кісінің қызмет сатысына сызат түсе бастаған кезі болуы мүмкін. Қысқа сөзден кейін Жұмекең студенттердің сұрақтарына жауап берді. Залдағы студенттердің толқуын айтып жатпай-ақ қояйын, сұ­рақтар көбіне саяси сипатта болды. Дәлізде тұрған біздерге Тәшеновтің дауысы нашар естіліп тұрды. Тәшеновтің сөзін шала-пұла естіп тұрған менің қасымдағы кейбір студенттер Мәскеудің қазақтарға жасаған қасақана саясатына ызаланып та жатты. Хрущевтің жүгерісі де сау қалмады. Жұмекең «тың өлкесі» мәселесінің Орталықта, Қазақстан басшылығының пікіріне қарамай шешілгендігін тура айтты. Кездесудің қызу өткені сонша, ол 3-4 сағатқа созылды, сұрақтар бітер емес. Жиынды жүргізушінің: «Жұ­мабек Ахметовичті шар­шат­тыңдар, енді осымен до­ғара­йық»,  дегеніне қарамай, ол «сұ­рақтарың болса тоқтат­паң­дар, мен халқымның қызмет­шісімін» дегені есімде қалыпты. Соған қарағанда, Жұмекеңнің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметінен көп ұзамай кететінін болжаған-ау деп ойлаймын. Қазір Жұмабек Тәшенов туралы жазылып жүр. Дегенмен халқымыздың адал ұлына өзі туған елордада ескерткіш орнатылса, есімі ардақталса нұр үстіне нұр болар еді. Жұмекеңнің аты жастардың бойындағы ел мен жердің қадірін біліп өсетін патриоттық тәрбиеге үлес қосар еді. Ғалихан МӘУЛЕТОВ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері. ҚОСТАНАЙ.