Статистикалық деректерге үңілсек, еліміздегі 1,1 миллионнан астам халқы бар үшінші мегаполис тұрғындарының 70 пайызға жуығы қазақтар болса, 30 пайызын түрлі этнос құрайды.
Тарихи жағдайлармен қазақ жеріне қоныс аударған сан алуан этностардың бүгінгі буыны өздерінің баянды болашағын қазақ жерімен байланыстырып, ғұмыр кешуде. Қалалық Ассамблеяның маңайына топтасқан әрі 70-тен астам этностың басын бір арнаға тоғыстырған 17 этномәдени бірлестік үнемі ел игілігіне бағытталған бастамаларды қолдап, қоғамдық келісімді сақтауға сүбелі үлес қосып келеді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың аясында этнос өкілдері қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласып, шаһардың өсіп-өркендеуіне атсалысып келеді.
Шымкенттегі 81 елді мекеннің 23 шағын ауданында этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Қалалық Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі сынды құрылымдар осы аумақтардағы тұрғындармен етене жұмыс жүргізіп, өзекті мәселелердің түйінін тарқату, дауласқан тараптарды ортақ мәмілеге келтіру, татуластыру және өзекті проблемаларды қамтыған ұсыныс-пікірлерді жергілікті атқарушы биліктің назарына ұсынып, халық пен билік арасында алтын көпір қызметін атқарып отыр.
Қалалық Ассамблеяның қатарында абыройлы ақсақалдар, белсенді азаматтар, этнос лидерлері, білім-ғылым, мәдениет саласындағы майталмандар мен жергілікті атқарушы және өкілді органдардың қызметкерлері бар. 100-ден астам азаматтың басын біріктіретін құрылым еліміздегі саяси реформаларды жүзеге асыру мен қоғамдық ортақ іс-әрекеттерден тыс қалған емес.
Бүгінде жергілікті Ассамблея мүшелеріне жүктелген мақсат-міндетті сапалы атқаруына лайықты жағдай жасалып, «Достық үйі» қоғамдық-көпшілік жиындар мен түрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастыру алаңы ретінде қалыптасып үлгерді. Этностардың мәдени мұраларын көпшіліктің жақыннан танып-білуі ұтымды үйлестіріліп, шағын этномузей іске қосылды.
Этнобағыттағы мәдени ұйымдар мен мемлекеттік органдар тұрақты бас қосатын «Достық үйі» жалпыұлттық бірлікті көздейтін тың жобаларды талқылап, ұтымды ұсыныстарды іске асыратын ашық алаңға айналды.
Республика күні қарсаңында осы ғимараттан ашылған «Бірлік алаңы» 4 бағытта жұмыс жүргізіп, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың қызметін ақпараттық тұрғыда қамтамасыз етіп келеді. Ел бірлігін бекемдеуге бағытталған халықтық жобаларды талқылап, Ассамблеяның «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын ілгерілетуге этнос өкілдерін жұмылдырып отыр.
Кеңсе жұмысының негізгі бір бағыты – мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету. Бұл бағытта да көптеген жоба қолға алынып, «Мың жүйрік», «Ұлт үні», «Тілтаным», «Мың бала», «Мен қазақша сөйлеймін» және т.б мәдени-ағартушылық жобалар жүзеге асырылды.
«Бірлік алаңында» этносаясат саласында еңбек ететін мамандардың білім-білігін арттыруға назар аударылып, елдегі саяси реформалар мен мемлекеттік саясаттың бағыттары туралы лекторий мен оқыту семинарын өткізу жоспарда бар.
Шымкентте азаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу бағытында биыл 130-дан астам іс-шара ұйымдастырылды. «Қазақтану» бағытында қолға алынған мазмұнды іс-шаралар этнос өкілдерін қазақ халқының маңайына топтастырып, мәдениетіміз бен тілімізді дәріптейтін тартымды бастамаға айналды. Жоба аясында қолға алынған «Мың жүйрік» онлайн байқауына ел аумағынан 500-ден астам бала қатысып, өз Отанының мемлекеттік тілі мен тарихын терең меңгергенін көрсетті. «Ұлт үні» байқауында шырайлы шаһардағы шығармашыл этнос жастарының әлеуетімен халқымыздың төл мәдениеті мен ұлттық өнері насихатталды. Жас таланттар өнерлері арқылы ішкі бірлікті бекемдеуге үлестерін қосты.
Ақпараттық жұмыстарды жүйелеу және еліміздегі іске асып жатқан саяси реформаларды тұрғындарға түсіндіру бағытында қалалық Ассамблея тарапынан 230 материал жарияланды. Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Ғылыми-сарапшылық топ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылап, негізгі міндеттерді айқындады.
Қаладағы этнос өкілдері жинақы шоғырланған тұрғын алаптарында жыл басынан бері 82 кездесу өткізіліп, жергілікті жердегі ішкі тұрақтылық пен этносаралық татулық жайы тұрғындардың қатысуымен талқыланды.
Жастар арасындағы құқықтық тәрбие бойынша қала аумағындағы оқу орындарында өткен 55 кездесуде толерантты қоғамға тән басты аспектілер баяндалып, ортақ нормалар ұғындырылды. Азаматтардың мемлекет алдындағы азаматтық борышы және міндеттері сөз болды. Жалпы, ақпараттық бағыттағы жұмыстар жергілікті Ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың әлеуетімен іске асты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Ассамблеяның үш басымдығының бірі ретінде құқық қорғау қызметін күшейту, этномедиацияны дамыту және оны кеңінен қолданысқа енгізуді жүктеді.
Қоғамда өзара сенімді нығайту арқылы диалог мәдениетін қалыптастыру, құқық қорғау қызметін жандандыру мақсатында тиісті органдармен жұмыс жүргізіліп, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстардың алдын алу бағытында атқарылатын профилактикалық іс-шаралар пысықталды. Соның бірі – этномедиацияны дамыту және оны кеңінен қолданысқа енгізу. Жалпы, медиация институтын дамыту бағытында Шымкент қаласы ҚХА Медиация кеңесі аудандық әкімдіктермен және қалалық басқармалармен ынтымақтастық меморандумдарға қол қойды. Қалалық Ассамблея алаңында өңір медиаторлары тұрақты негізде қоғамдық қабылдау акцияларын, «ашық есік» күндерін өткізеді, онда қала тұрғындары медиация институтының барлық аспектісі бойынша тегін құқықтық кеңес ала алады.
Біз ішкі тұрақтылық пен этносаралық татулық арқылы қоғамдық келісімді сақтай аламыз. Бұл геосаяси ахуал күрделеніп тұрған сын сағатта аса маңызды.
Бүгінде Қазақстан жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшуді бастады. Басты қағидат ел бірлігі болып белгіленді. Бұл тұрғыда Шымкент қаласының тұрғындары берекелі бірлікті көздің қарашығындай қорғап, татулық пен ынтымақ жолын жалғауға лайықты үлес қосады деген сенімдемін.
Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі,
қалалық ҚХА төрағасы