Спорт • 23 Қараша, 2022

«Жыл ойыншысы» атағынан үмітті

245 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) биылғы маусымның қорытындысы бойынша «Жылдың ең үздік ойыншысы» атағынан үміткерлердің тізімін жариялады.

«Жыл ойыншысы» атағынан үмітті

 

Солардың қатарында біздің Елена Рыбакина да бар. 23 жастағы жерлесіміз үшін биылғы маусым сәтті болды деп айтуға толық негіз бар. Ол бірқатар аса ірі халықаралық турнирде жақсы өнер көрсетті. Ал оның ең үздік нәтижесі, әрине, Лондонда өткен Уимблдон додасында бас жүлдені олжалауы. Десек те жоғарыдағы атақтан басты үміткер Ига Швентек екені сөзсіз. Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған 21 жастағы Польшаның мақтанышы биыл Ролан Гарроста топ жарып, WTA-ның алты бірдей жарысында алдына жан салмады.

Сондай-ақ үміткерлер қатарында US Open мен Уимблдонның финалисі Мадрид пен Берлиндегі додалардың жеңімпазы, әлемнің екінші ракеткасы, мысырлық Онс Жабер, WTA тізімінде үшінші орынды иеленіп отырған Джессика Пегула және үздіктер рейтингінде жетінші сатыға жайғасқан Кори Гауфф бар. Олардың екеуі де АҚШ-тан.