Пікір • 23 Қараша, 2022

Саяси трансформацияның жетістігі

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездейсоқ келген жеңіс емес. Бұл – ондаған жылғы тәжірибе мен еңбекті былай қойғанда, соңғы үш жылда өзін тәуелсіз, дербес әрі толыққанды Мемлекет басшысы ретінде көрсете білгені үшін халықтың шынайы түрде берген бағасы.

Саяси трансформацияның жетістігі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен соңғы отыз жылда тоқырап қалған саяси жүйеге жан бітіп, мем­лекеттік басқарудың жаңа моделі құ­­рылды. Демократияландыруға ба­ғыт­талған саяси реформалар легі бас­талды. Халық қазынасына қол сұққандардың қаражатын қайтару қолға алынды.

Осының бәрін көріп-біліп отыр­ған дана халқымыз Мемлекет бас­шысына үлкен үміт артып отыр. Ал біздің ел саяси тұрғыдан көзі ашық қана емес, көреген халық. Бұл сөзіме он адамның сегізінің қазіргі Президентті қолдап, дауыс беруі дәлел бола алады. Бұл жолғы саяси додада бұрын мүлде сайлауға бармаған адамдар белсенділік танытты. Осының өзі халықтың бұл сайлауға сенімін, ықыласын айғақтайды. Халық мемлекет құрудағы жауапкершілігін ұғынып отыр.

Халық теріс ойлы азаматтардың түрлі іріткі сөздерінің құнын па­рықтай алатын деңгейге жетті. Бұл – саяси трансформацияның маңызды жетістігі. Биліктің дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс деп айта алар, қоғам жауапкершілігін мойнына алатын азаматтар тобы қалыптасты. Сол азаматтар тобы да Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау науқанында локомотив рөлін атқарды. Демократия дегеннің ойыңа келгенді айта беру еместігін қоғамның көп бөлігі байқады. Елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы ең жоғары құндылық екенін байыптаған азаматтарға тек алғыс айтып қоймай, оларды қолдау қажет. Бірыңғай мақтаудың да, сыдырта жамандаудың да қате бағыт екенін, ондайдың астарында жеке бас мүддесі тұратынын түсінгенде ғана саналы қоғам пайда болады.

Халықтың бұл қолдауы түптеп келгенде, ел тыныштығы мен сая­си тұрақтылық үшін берілген мүмкіндік. Ел-жұрт Еуразия құр­лығында қандай жанжалдар болып жатқанын, алпауыт елдер тарапынан Қазақстанды түрлі саяси-әскери, дипломатиялық текетірестерге тарту үшін үлкен ойындар жүріп жатқанын бағамдап отыр. Осы бір қым-қуыт кезеңде елді халықаралық шиеленіске ұшыратпауға, жанжал өрті аймағына айналдырмауға Мемлекет басшысының шама-шарқы, қарым-қабілеті, білім-біліктілігі толығымен жетеді деп сеніп отыр.

Бұл сайлау жақсылық боларына сенетін азаматтардың көп екенін көрсетті. Ендеше, халық сенімі ақталсын!

 

Уайс ЕРСАЙЫНҰЛЫ,

«Аманат» комиссиясының мүшесі, заңгер