31 Мамыр, 2014

Теңдессіз тенор Марсело АЛЬВАРЕС: «Жарнама үшін жанұшырған адам емеспін»

348 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
DSC_7487Италияның «Ла Скала» театрының таңдаулы туындыларының бірін жұртшылық жақында «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрынан көру мүмкіндігіне ие болатынын хабарладық. Елордалықтарды әлем ұйып тыңдаған тамаша орындаушыларды жақыннан тамашалау қызығы күтіп тұрғанын жаздық. «Тоска» операсының премьерасы көрерменге шұғылалы шуақ сыйлағанын да жеткізіп жатырмыз. Бір қойылым, бір оқиға туралы бұлар аз емес шығар, әрине. Бірақ... осы ғажап көмейлердің Астанаға айналып соғып жатуы, «Астана Опера» театры сахнасында өнер көрсету әлемдік тұлғалар үшін де биік мәртебе санала бастауының көрінісі екенін айтпай тағы тұра алмаймыз.    Үш перделі «Тоска» операсында суретші Марио Каварадоссиді сомдаған Марсело Альварес, әнші Флория Тоска рөліндегі Анна Пироцци, полиция басшысы Барон Скарпианы орындаған Паоло Сильверидің шәкірті – Альберто Мастромарино, дирижер Даниэль Ореннің өнерлерін тамашалау үшін әлемнің әр түкпірінен оларды арнайы іздеп барушылар жылдың төрт мезгілінде де еш саябыр таппайтын көрінеді. Мұнда жүрек тебірентер керемет жұмсақ дауыстардың жұртты өзіне магниттей тартып тұруы ежелден қалыптасқан дәстүр болып саналады. Осы саңлақтардың қатысуымен өткен «Тоска» қойылымының есте қалар тамаша бояулары өте көп. Мәселен, спектакльдің декорациялары, костюмдері, реквизиттері, түп-түгел «Ла Скала» театрынан әкелінуінің өзі бұрын-соңды болмаған жаңалық емес пе? Екінші құрамдағы орындаушы әншілерің де осал емес. Атап айтқанда, Каварадосси рөліндегі Г. Ониани (Бонн опералық театры), Тоска бейнесіндегі Е. Шиманович (Мария театры), Скарпианы сомдаған Б. Стаценко (Рейндегі неміс операсы) сияқты танымал әртістердің өнер көрсетуі жас театрға және мұндағы әртістердің келешегі үшін шеберлік шыңдау шыңы деп есептеу лазым. Төменде біз Италиялық опера мектебінің сондай алып бәйтерегінің бірі деуге лайық, теңдессіз тенор Марсело Альвареспен болған сұхбатты ұсынып отырмыз. – «Тоска» операсы Еуропа сахналары үшін көне, тарихи шығарма десек те, қастандықтың қақпанына түскен ғашықтар мұңы, жауыздықтан жәбір шеккен жазықсыз жандардың зары барлық халықтың байырғы дәстүрлі мәдениетіне ежелден жақын, ішкі рухымен сырлас, үндес болып қала бермек. «Тоска» тарихын қысқаша баяндағанда, оның тамырын қай арнадан табуға болады? – «Тоска» операсының тұсауы алғаш 1900 жылы 14 қаңтарда Римде Костанци театрында кесілгені мәлім. Ғұмыры ғасырдан асып жығылатын туынды адамзат өркениетімен бірге әлі талай ұрпаққа жарық мұра болып жалғаса беретіні сөзсіз. Ғажап музыкасы мен әсерлі көріністері арқасында бұл спектакль ел аузынан түспейтін халықтық шығармаға айналып кетті. Оқиғасы Наполеон кезеңінен өрбиді. Жаулаушы әскерімен Италияға басып кірген 1800 жылғы қиын-қыстау кезде Тоска есімді опера әншісі мен оның сүйіктісі Марио Каварадоссидің арасында ғашықтық оты тұтанады. Италияндықтар бұл операны ерекше сүйіп қадірлейді. Мұндағы жекелеген ариялардың атқарар рөлі өте жоғары. Атап айтқанда, Каварадоссидің «Recondita armonia» (1 к.), «E lucevan le stelle» (3 к.), Тосканың «Vissi d'arte» (2 к.) ариялары әлемдік опералық жауһарлардың санатына тегін еніп отырған жоқ. – Табынушысы көп танымал әншінің бірісіз, ал жалпы мұндай қошеметтер опера жұлдыздарының келешегіне, өнеріне қалай әсер етеді? – Осыншама табынушыларымның болғанына мен өзімді бақытты санаймын. Иә, мені сүйетін көрерменнің алдымнан жиі шығып жататыны рас. Барлық елде, барлық қалада, тіпті дүниенің түкпір-түкпірінде сенің жүрегіңмен бірге жүрегі қатар соғып жататын халқың барда, қағылған қазықтай бір орында қалғып отыру мүлде мүмкін емес. Үнемі ізденістемін, көп жұмыс істеймін. Бірақ та бірден айта кетейін, мен ешқашан өзімді жарнамалауға ақша төлеген адам емеспін. Өнерімді сүйетін адамдар мені өздері іздеп тауып алады. Менің атыма, маған мақтау сөздер арналып жатса, мұны ең әуелі сол адамдардың өнерге деген сүйіспеншілігі, операға құштарлығы деп түсінемін. Театрдан шыға бере тұмсығым өзімді сыртта қаумалап күтіп тұрған қалың нөпірге келіп тіреліп жатады. Өнер адамына бұдан асқан байлық, бұдан асқан шың бар ма? Олар менімен кездесуді тағатсызданып табынып осылай күткенде, менің шаршап, шалдығуға қақым жоқ. Әлгінде ғана спектакль аяқтала бергендегі бүкіл өн бойыңнан үлкен жүк сырғып түскендей болған жеңілдіктен тез айығып, қайта ширап шыға келесің. Әсіресе, мені жастар жақсы көреді. Бұл олармен менің үнім, сырым, мұңым, бәрі-бәрі өте жақын, ұқсас болғандықтан шығар деп ойлаймын. Табынушысы бар адам дегеніміз – өмірі, өнері жалғаса беретін адам деген сөз. Өзім өнерге жалған, жай жылтырақ, көзбояу нәрселерді әкеліп қосқым келмейді. Себебі, көрерменнің алдында шыншыл бола білуің керек. Осы жолды таңдадым. Және осы бағыттан не олай, не бұлай тайып кету ойымда тағы жоқ. – «Астана Опера» театрында алғаш рет өнер көрсетіп отырсыз. Осыған бай­ла­нысты мұндағы алған әсеріңіз басқа сапарларға қарағанда өзгешелеу болған шығар? – Аса көп жаңа ұсыныстарға желп етіп көне кететін адам емеспін. Бірақ «Аста­на Опера» театрына келуге шынын айтайын, қатты қызықтым. Неге десе­ңіз, мен үшін бұл театрдың деңгейі «Метро­политен-опера» театрынан кем емес. Алға­шында мені Каварадосси партия­сын орындауға шақырғанда, іштей тартынып, сәл шамалы ойланып қалғаным рас. Өйткені, кім де болсын менің жағдайымды өте жақсы түсінетін шығар деп ойлаймын. Жаңадан бой көтеріп жатқан театрда өнер көрсетуге келгенде ең керемет деп мақтаған мықты әншілеріңіздің жүрегі мектептің табалдырығын жаңадан аттағалы тұрған баланың жүрегіндей қаймыға лүпілдейді. Өйткені, әлі танылмаған, атын алғаш рет естіген театрда өнер көрсетуге екінің бірі тәуекел ете алмайды. Алайда қиындықтан қаша берген адамның алдынан тек табыс күтіп тұрады деу тағы таласты пікір. Қашпайын, өз көзіммен барып көрейін деп шештім. Көрдім. Көңілім көктемгі самалдай сейіліп, сергіп сала берді. Мұндағы дайындықтың барысымен таныса келіп, ішкі тыныс-тіршілігі, ауасы, арнасы өзімнің күнделікті атқарып жүрген жұмыстарыммен соншалық жақын, сабақтас екенін сезіндім. Қазақстандық әріптестерімнің бойындағы қуат-жігер мен жұмысқа деген құлшыныстарына қатты риза болдым. Себебі, театр үшін қазір талап пен тәртіп бірінші кезектегі маңызды мәселе болып саналады. Мұндағы әр адам өзіне жүктелген жұмысқа өте мұқият екен. Әркім тек өз жұмысымен айналысып жатыр. Мен өзім сондай тәртіпке бағынып өскен адаммын. – Опера өнері байып, шалқып-тасып өмір сүру үшін баратын кәсіп емес, күнкөрістің құралына да айналып кетпейді. Сіз қалай ойлайсыз? – Өкінішке орай, классикалық опера көптеген әншілер үшін бүгінде индустрияға айналды, бірақ мен үшін емес. Мен тек өз көрерменім үшін ғана ән саламын. – «Тоска» операсында орындайтын кейіпкеріңіз Каварадосси саяси оқиғалар шиеленісінің құрбанына айналады. Ал өмірде өзіңіздің сол саясатқа құлақ түріп, елең еткен кезіңіз болды ма, әлемде не болып, не қойып жатқанынан қаншалықты хабарыңыз бар? – Ойымда не барын бүкпестен шынын айтайын, саясатқа үңіліп қарауға мүлде уақытым жетпейді. Мысалы, жай адамның есебімен уақытты өлшейтін болсақ, бір жылда он екі ай бар дейміз. Мен соның бар болғаны көп болса, бір айын ғана үйде өткізетін шығармын. Өз үйімде күй жоқтықтан емес. Опера әншісінің тағдыры басқа салаға қарағанда өте кең, мұнда кейде жер, ел дегеннен гөрі сахна, көрермен дейтін ешкімге тәуелсіз атаулар жанға етене жақын тұрады. Көрерменді өйткені қайтіп бөле-жарып қарайсың. Менің Италиядағы көрерменіме де, Қазақстандағы көрерменіме де көңілім бірдей. Қазір дүние жүзі бойынша жұмыс жасап жүрмін. Түрлі елдердің президенттерімен, министрлерімен таныспын. Құдайға шүкір, барлығы танып жатпағанмен, көпшілігі біледі. – Әлемдік деңгейдегі тенорлар санаулы ғана. Өзіңіз қай орында тұрсыз? – Театрлармен жұмыс жасау барысында бір нәрсе көңіліме ұнамай тұрса, мұны іште бүгіп қала алмайтын адаммын, кім болсын бірден айтып тастауға тырысамын. Мысалы, опера өнері туралы сөз қозғала қалғанда журналистер өздері білетін әлемдегі ең ірі үш тенор жайында сұрай бастайды. Осылай айту, санаға әбден сіңген қасаң пікірлерге қайта-қайта айналып соға беру көп жағдайда ертеңгі өсіп келе жатқан жас таланттардың жолына кедергі болатынын көп ескере бермейміз. Маған мысалы, мықты-мықты санаулы тенорларды атаған мүлдем ұнамайды. Себебін түсіндірейін, өйткені мұндай көзқарас өзге әншілердің ашылуына, танылуына кедергі келтіреді, бір жағынан оларға ашықтан-ашық қысым жасап отырған сияқты болып көрінеміз. Мұндай жағдай тек опера өнерінде ғана емес, кез келген салада бар. Тағы бір көкейге қонбайтын нәрсе бағаға қатысты. Театрлардағы баға, шығын жайы өте өткір мәселе десек те, мен мұны бетің бар, жүзің бар демей тиісті адамдарға тура айтамын. Соған қарамастан ірі театрлар мені жиі шақырып жатады. Неге бұлай екенін өзім де жақсы білемін. Себебі, мені көрермен шын жүректен қалап тыңдайды. Жүрген жерімде шындықты жасырмай айтатынымды әріптестерім жақсы біледі. Айталық, «Астана Опера» театры қалай бой көтерді? Осы идеяны көтерген адам кім? Егер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кезінде өзінің осы ойын жүзеге асыруға асықпағанда, театрды салу туралы жарлық шығармағанда, қазір мынадай тамаша өнер ошағы өз сәнімен жұрттың ең сүйікті таңдаулы орнына айналар ма еді. Қай кезде де өзгелерді өзімен бірге ерте білетін жетекші болады. Мұндай жағдай өз басымнан талай рет өткендіктен айтып отырмын. Егер бір істің алға қозғала бастағанын көрдің бе, ондай жағдайда ешкімге кедергі келтірмеуге тырыс және өзгелердің бастап жатқан жақсы ісін бүлдіргі сөзбен бұзушы болма. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. – Осы жұрт операға не үшін барады деп ойлайсыз? – Адамдардың біразы бұл өнерге өздерін жақсы қойылымнан ешқашан қалып көрмейтін эстет етіп көрсету үшін барады. Алайда біз де жас болдық, арман қудық, жақсыға еліктедік дегендей, өзім де талай рет операны осылай қызық­тағанмын. Сөйтіп, ұлы жанр бірте-бірте жүрегімнің қалауына айналып, аяқ жетпес алыс асқарларға жетеледі. Опера отауына кештеу соққаныма қарамастан, алған бетімнен кері шегінбей, шегеленіп қалдым. Мысалы, 30 жасыма дейін Аргентинада жиһаз фабрикасының иесі болғанымды біреуге айтсам, қазір ешкім сенбес еді. Өзімнің мүлде басқа мақсатқа жаралған жан екенімді кейін ұқтым. Қай салаға қабілетім жететінін кеш түсінгенмен, өмірдегі орнымды жаңылмай таптым деп айта аламын. Жақсы әнші бола білу – Қазақстанда да, Аргентинада да, әлемнің мейлі қай жерінде болсын оңай қолға түсетін олжа емес. Мен әр адамға өзін шын бақытты ететін, жүрегі сүйген кәсібін ерінбей іздеп табуын тілеймін. Жарты жолдан кейін қиындыққа шыдамай кері шегініп кетіп қалмаңыздар. Кезінде менің отыз жастан кейінгі бұл тірлігіме көп адам сенбей күліп еді. Солардың ішінде өзімнің әкем де бар болатын. Ол: «Әндерін айтып жүре берсін», – деп менің айналысып жүрген кәсібіме онша көңіл бөлмейтін. Тіпті ең жақын достарым да мысқылдап күлді. Ән айтуды кеш бастау – мен үшін өте қиынға соқты. – Италияда тенорды жұрт қалай қабылдайды? – Тенор дегеніміз операның нағыз еркесі, дауыстың ең күрделі түрі деп есептеледі. Біз сөйлеуі де, ән шырқауы да түрліше болып келетін бірден-бір әртістерміз. Тенордың тағы бір өзгелерден ерекшелігі – олардың шырқаған дүниелері қашанда нәзік жаратылыс иелері тарапынан қолдау тауып жатады. Жағымды, жұмсақ дауысқа елжіреген залмен арадағы байланысты жоғалтып алмауға тырысамын. Мұнда сезімді тірілтетін асқан құдіретті күш бар екенін сеземін. – Отбасыңыздағы орныңыз қалай? – Астанаға дейін мен Санкт-Петербургте болдым. Ол жерде отбасым өзіммен бірге еді. Өкінішке орай, баламның дәл сол уақытта сабағының басталып кетуіне байланысты, оларға қайтып ұшып кетуге тура келді. Алайда отбасым үнемі менімен бірге әлемнің түкпір-түкпіріне саяхаттап жүреді. Мен қай кезде де отбасымның жағдайын бірінші кезекке қоятын жанмын. Олардың қолдауынсыз, көмегінсіз маған елге танымал әнші болу қайда?! Бүгінде кейбір атақты адамдар өздерінің отбасы жайлы айтуға ұялады, мұны өз басым әлсіздік деп есептеймін, ал шын мәнісіне келгенде, отбасы дегеніңіз сұмдық алапат күш қой. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен  Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».