Олар туралы жастар білуі тиіс
Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 5 сәуiрдегi Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi болып жарияланды. Кейін оған ашаршылық құрбандары да қосылды. Мұны өте орынды шешім деп есептейміз. Бұл да Елбасының сындарлы саясатының бір көрінісі екені сөзсіз. Осы еске алу күні барша қазақстандықтарды өткен тарихымызға баса назар аударуымызға ықпал етеді.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, олардың рухына тағзым ету – барлық қазақстандықтар үшін өте маңызды. Өткен ғасырдың 20-30-жылдары КСРО-да тұрған халықтардың барлық өкілі де осы бір қасіретті кезеңді бастан кешті. Яғни, қазақтар, орыстар, чешендер, поляктар, немістер, украиндар және басқа ұлт өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырады. Сол кездегі тоталитарлық режім халықты әуелі аштыққа ұшыратты, одан кейін адамдарды қорлау, қинау және ату жазасына кесу әрекеттерін жүзеге асырды. Сөйтіп, миллиондаған жан жазықсыз жапа шекті.
Мамыр айының басында өңірлерге іссапармен барғанымда, өзім Қарағанды облысындағы Долинка мекенінде болдым. Ол кезде лагерьлер өте көп болған. Долинкадағы түрме Кеңес Одағы бойынша ең үлкен лагерьлердің бірі екені анық. Сол түрмеде бүкіл КСРО кеңістігінен әкелінген, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар небір азаптауларды бастан кешкен.
Бүгінгі ұрпақ тарихтың қасіретті жылдарын біліп жүрсін деген мақсатта бұрынғы комендатура ғимаратында мұражай жасақталды. Бұл кешеннің ашылғанына үш жыл толды. Жыл сайын мамыр айының соңғы күндері онда іс-шаралар өтеді. Мұражайға кірген кезде біз өткен тарихымызды, қасіретті жылдарды ұмытпауымыз керек екені туралы қазақ және орыс тілдерінде дауыс күшейткіш арқылы Қазақстан Президентi Н.Ә.Назарбаевтың сөзі беріледі.
Мұражай сол тұстағы жазықсыз адамдарға жасалған қылмыстардан көрініс береді. Біз үлкен әрі ер адам болсақ та, жантүршігерлік көріністерді көргенде, жүрегіміз сыздап, көзімізге еріксіз жас алдық.
Мұражайда балаларды аналарынан айырып жатқан көріністер бар. Оларды балалар үйіне тапсырған, кішкентайларынан ата-аналарың «қылмыскер», «халық жауы» деп сіңіріп, олардан бас тартуға үйреткен. Сұмдық оқиғалардың болғанын көз алдыңа алып келетін жәдігерлер бар. Қуғын-сүргін жылдары жапа шеккен адамдардың трагедиялық тағдыры бейнеленген. Мұражайдың жертөлесіне түсіп көрсең де, азапты жылдардың сарынын естігендей боласың. Аштық жылдарының да қорқынышты фотосуреттері бар. Бұл – бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігі бойынша бірден-бір музей. Оған еліміздің барлық өңірінен, шетелдерден меймандар келіп көреді.
Сол жылдары мынадай бір оқиға болған екен. Сотталғандарды түрмеге алып келе жатқанда, жергілікті қазақтар оларға ақ тастар лақтырыпты. Оларды айдап келе жатқан күзетшілер: «Көрдіңдер ме, «халық жаулары» ретінде сендерді жергілікті тұрғындар да жек көреді», депті. Ал бірақ та сотталғандар әлгі тасты қолдарына алып, дәмін татып көрсе, ол кәдімгі құрт екен. Оны басқаша берсе, күзетші тартып алар еді және «халық жауларына» көмектестің деп өздеріне жала жабатыны белгілі. Сондықтан жазықсыз жапа шеккендерге көмек қолын созған жергілікті тұрғындар тас лақтырғандай етіп, құртты берген екен. Бұл да қазақ халқының мейірбандығын, көптеген адамдарды ажал аузынан алып қалғандығын көрсетеді. Мұның бәрі үлкен тарих.
Мұражай кешенін бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Өзім екі мәрте болдым. Ауыр көріністер жанымды сыздатты. Мұражай шындыққа сәйкес жасалған. Фотосуреттер, адамдардың ұстап-тұтқан заттары сақталған. Жазаға тартылғандардың қандай жағдайда өмір сүргенін өз көзіңмен көресің. Төсек-орындары, ішіне қамыс толтырылған матрас, ол мөшек тігетін матамен қапталған. Мардымсыз тамақ ішкен. Солай бола тұра, егін өсірген, жеміс-жидек еккен, малды асылдандырумен де айналысқан. Өйткені, онда көптеген ғалымдар болғаны анық. Қазақтың ақ бас сиырын сонда өсірген. Бидайдың жаңа сорттарын ойлап тапқан. Оларды қаншама қорласа да, елдің дамуы үшін қызмет жасаған.
Мен барша қазақстандықтардың сол мұражайды өз көздерімен көруіне кеңес берер едім. Аталарымыздың қасіретті жылдарды бастан кешкенін жастар білуі тиіс.
Жалпы, өмірде адамдардың қырылуына алып келетін табиғи және басқа да апаттар орын алады. Сонымен қатар, адам қолымен жасалған трагедиялар болады. 1930-жылдары басталған саяси қуғын-сүргiн миллиондаған адамдарды, ұрпақтар буынын жойып жіберуге алып келген геноцид екені даусыз!
Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттарды одан сайын біріктіре түсті және әлгіндей қасіреттердің болмауына ықпал етеді.
Андрей БЕГЕНЕЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.