Қазір алма бағы иесіз қалған. Жақында шағын саябақ ашылып, алма ағашы егілді. Саябаққа алма бейнеленген мүсін орнатылды. Мүсіннің биіктігі – 3 метр. Оны осы ауылда тұратын ағаш шебері Орынғали Сариев жасаған. Оған ауылдағы орта мектепті 1975, 1985 жылдары бітірген түлектер қолдау білдірген.
– Сарытоғай ауылындағы бақта алманың ең дәмдісі өсірілді. Сол кезде ауылдың үлкені де, кішісі де алма бақта жұмыс істеді. Алма ағаштарына құятын суды Жайық өзенінен шелекпен тасыдық. Балаларды жастайынан еңбекке баулыдық. Ауылымызда өсірілген алма одаққа танылған еді. Бүгінде сол алма бақтың орны мен ескірмейтін естеліктері ғана қалды. Бақтың жұмысы қайта жандандырылса, аудан экономикасына пайдасы тиер еді. Алманың мүсіні – өткен тарихтың белгісі, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәли Рақымжанов.
Атырау облысы