Спорт • 23 Қараша, 2022

Саудиялықтар сенсациясы

278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы күндері футболдан Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы төрт ойынды тама­шаладық. Алғашқы матч «С» тобындағы Аргентина мен Сауд Арабиясы құрамалары арасында өтті. Иә, Оңтүстік Америкадан келген команда аталған жарыстардың басты фавориттерінің бірі екені сөзсіз. Ал Cаудия – таза аутсайдер. Осы бәсеке өткенге дейін майталман мамандардан бастап, миллиондаған жанкүйерге дейін дәл осындай пікірде еді.

Саудиялықтар сенсациясы

Жоғарыда аталған қос ко­манданың ойынын тамаша­лау үшін 88 012 көрермен Лу­саилдегі «Ұлттық стадионға» жиналды. Ресми деректерге сүйен­сек, бұл спорттық нысан 80 000 көрерменге ғана есептелген. Оның сыртындағы сегіз мыңнан астам адамды аталған ста­дионның қызметкерлері қай жерге сыйдырғаны бізге бей­мәлім. Ол жайында ешбір жерде айтылған да, жазылған да жоқ. Десек те сол ойынның куә­сі болғандар осы «ымырасыз ай­қастан» керемет әсер алып, үйді-үйлері мен мейманханала­рына көтеріңкі көңіл күйде та­расқаны анық. Бұл кеште тек аргентиналық жанкүйерлер мен Лионель Мессидің тілеулестері ғана мұңайды.

Бәсеке бірден Аргентина фут­болшыларының екпінді шабуылымен басталды. Шабуыл шебінде Месси, Анхель Ди Мария, Лаутаро Мартинес сынды шеберлері бар аса азулы команда бәсеке басталған бетте-ақ Сауд Арабиясы құрамасының тас-талқанын шығаруға бекінді. Алғашқы гол да көп күттірген жоқ. 10 минутта қарсыластар қақпасына пенальти белгіленді. 11 метрлік нүктеге Мессидің өзі келді. Аргентинаның бағына туған ұл мүлт кеткен жоқ – 1:0.

Әрине, аутсайдерге қарсы ойында аргентиналықтардың бір ғана голды қанағат тұта қой­майтыны анық. Толассыз шабуыл одан кейін де бір бәсеңдеген жоқ. Бірінші таймның өзінде олар тағы үш мәрте нысананы дәл көздеді. Бірақ словениялық төреші Славко Винчич бұл гол­дардың ешқайсын есепке алмады. Өйткені олардың барлығы да оффсайттан соғылды. Жалпы, сол 45 минут аралығында Лио­нель Скалонидің шәкірттері ойыннан жеті рет тыс қалды. Сонымен қатар Мохаммед Әл-Уваистың да мінсіз ойынын атап өтуге тиіспіз. «Әл-Хиляльдің» 31 жас­тағы қақпашысы керемет сейвтер жасап, кемінде бес рет өз командасын аса қауіпті жағдайдан құтқарып қалды.

Саудиялықтар да ара-тұра шабуылдады. Бірақ негізінен олар көп күштерін қорғанысқа жұмсап, өз қақпаларына тағы гол жіберіп алмаудың қамын көбірек ойлады.

Үзіліс кезінде 54 жастағы француз маманы Эрве Ренар­дың өз шәкірттеріне не айт­қаны беймәлім. Бір анығы, 15 минуттан кейін біз мүл­де басқа Сауд Ара­биясын көрдік. Екін­ші тайм бас­талған бетте Салех Әл-Шехри таразы басын те­ңестірсе, көп ке­шікпей Сәлем Әл-Дав­сари өз коман­дасын алға шы­ғарды – 1:2. Бас-аяғы төрт-бес минут ара­лығында екі гол соққан Азия құр­лы­ғының өкіл­­­дері одан кейін Ар­гентина футбол­шы­ла­рының еркін көсілуіне еш мүм­кіндік бер­меді. Өте сауатты қорғанған олар барлық қауіптің бетін қай­тарып, өзде­ріне қажетті есепті матчтың со­­ңына дейін сақ­тап қалды. Осы­лайша, жер-жаһан­дағы сан миллион жанкүйер ХХІІ әлем чемпионатындағы алғашқы сен­сацияның куәсі болды.

Жоғарыда аталған матчтың шиеленісті өткені соншалық, Аргентина құрамасы шабуыл­даған сәттердің бірінде допты кері қайтару үшін жанұшыра алға ұмтыла секірген саудия­лықтардың қақпашысы Мо­хаммед Әл-Уваис өзінің командаласын тізесімен қатты соғып өтті. Басынан алған соқ­қыдан кейін Ясир Әл-Шахрани көпке дейін есін жия алмай, жасыл алаңда жатты. Оны дәрі­герлер зембілге салып әкетті. Кейін белгілі болғандай, оның жағы сынып, бет сүйектері қатты шытынап кеткен екен. Осы оқиғадан кейін Саудия билігі қорғаушыны жеке ұшақпен Германияға жеткізуді ұйғарды. Қазіргі кезде Ясирге операция жасалмақ. Міне, кейде жеңіске жету жолында осындай тәуекелге де баруға тура ке­леді.

вм

«С» тобын­дағы Мек­сика мен Поль­ша және «D» то­бын­­­дағы Да­ния мен Тунис құ­ра­малары ара­сындағы кез­­де­су­де есеп ашылған жоқ – 0:0. Сәр­сен­бі­ден сейсенбіге қараған түні Франция мен Аус­тралия жасыл алаңға шықты. Дидье Дешамның шәкірт­тері қарсылас­тарын мен­сінбеді ме, әлде жасыл құр­лық­тың өкіл­дері адуынды болды ма, әйтеуір солар бірінші болып гол соқты. Мэтью Лекодан жақсы пас алған Крейг Гудвин допты қақпаға тоғытты. Тек содан кейін ғана ес жиған француздар бірте-бірте ойын тізгінін қолға алды. 27 минутта Адриана Рабьо таразы басын теңестірсе, арада бес минут өткен соң Оливье Жиру өз командасын алға шығарды.

Үзілістен кейін де әлем чем­пион­­­дарының басымдығы анық байқалды. Өз ойынын тапқан олар аустралиялықтардың қақ­пасын тағы екі мәрте дәл көз­деді. 68-минутта Килиан Мбаппе мергендік танытса, 71-минутта Жиру дубльдің авторы атанды. Сөйтіп, бұл матч 4:1 есебімен аяқталды.