31 Мамыр, 2014

Абайсыз айтылған бір ауыз сөз...

283 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кайша әженемесе тұңғышы от-жалын ортасында дүниеге келген ана Тоқсанның төрінен өткен Қайша әжемізге арнайы барғанда, қария көрпе үстінде дем алып отыр екен. Сәлем беріп, жөнімізді айттық. «Қарақтарым, есімде қалғандарын барынша әңгімелеп берейін», деген сөзін естігенде, әжеміздің әлі де тың екенін байқадық. – 1923 жылы Қазталов ауылымен іргелес жатқан Беспішен ауылында дүниеге келіппін. Он төрт жастағы кезім. Оң-солымызды танып қалған уақыт. Иә, есімде, сол кезде «тап жау­лары», «шпион» деген сөздерді де еститінбіз. Ал сол «тап жауы» кішкентай қоңыр ауыл Беспішеннен де шығады дегенді мен білмеген едім. Тап жаулары кім десем, күнде көріп жүрген ауылдағы Қалдыш ағамыз болып шықты. Сол оқиға әлі де көз алдымда. Ауылдың клуб деп аталатын жатаған жер үйінде жиі-жиі жиналыс өтуші еді. Сондай жиналыстың біріне қатысып шыққан Қалдыш ағамызға жолда біреу кездесіп қалып: – «Жиналыста не болды?» – деп сұрайды ғой. Сонда ағамыз: «Не болсын, таяқ лақтырсаң, дөкейге тиеді? Сондай көп дөкейдің біреуі жиналыс жасап жатқан...», – дейді. Кішкентай ауылдағы әңгіме жата ма? Әңгімеден әңгіме тарап, бір «құлақ» мұны жоғары жақтағыларға жеткізе қояды. Қайран аңқау да момын ағамыз осы бір абайсызда айтқан бір ауыз сөзі өзіне сор болып жабысарын қайдан білсін? Он жылды арқалап кете барады. Туған жерден топырақ та бұйырмады, – деді Қайша әже. Сәл шегініс жасайық. Осы Қалдыш ағамыздан Нәси есімді ұл қалған. Сол жалғыз ұлдан қалған ұрпақтары қазіргі күнде ауданымызда тұрады. Міне, құрметті оқырман, әжеміз әңгімелеген Қалдыш аға тағдыры мыңдаған адамдардың басына түскен қасірет емес пе?! Қайша апамыз аз-кем дем алып алғаннан кейін әңгімесін әрі қарай жалғастырды. – Айналайын, өтініш жасап отырсың ғой, өз басымдағыны да айтайын. Сонау 41-ші жылы Жағыпар есімді азаматпен тұрмыс құрдым. Содан келесі жылы колхоздың жұмысында (отағасым тракторшы) жүргенімізде жұбайымды майданға алғы шепке алып кетті де, мені іргеміздегі Сталинград қаласына жұмысқа жіберді. Аяғым ауыр еді. Бұл жағдайға қараған жоқ. Біздер сонда шөп сияқты жинап қойған бидайды сабағынан тазарттық. Шамасы, жау қаланы қоршауға алғанда, егінді жинауға үлгере алмай, бидайды шауып алып, қалаға тасып алған сияқты. Сол Сталинград қаласында жұмыс істеп жүргенде тұңғышым Рая есімді қыз дүниеге келді. Қаланың ішінде бір үйде орыс келіншегімен қатар босандым. Біздерді екі-үш күн дем алдырғаннан кейін балаларымызды орыс кемпіріне бақтыруға тапсыртты да, шағу май жасайтын зауытқа жұмысқа шығарды. Жұмысқа барып-келіп жүргенде басын оқ жұлып кеткен денелерді, өлген адамдарды көретінбіз. Сол шақта мен небәрі 19 жаста едім. Жау шегінгеннен кейін біздерді елге қайтарды. Бірге барған замандастарым қазір өмірде жоқ. Жұбайым Жағыпар хабарсыз кетті. Ал мылтық даусымен іңгәлап дүниеге келген қызым Рая қазір үйлі-баранды. 10 баласы бар. Беспішен ауылында тұрады. Өмір алға жылжиды... Тақай есімді азаматпен тұрмыс құрдым. Тұңғышым Раяны қосқанда 13 перзент дүниеге келді. Қазір соның 8-і өсіп-өнген әулет болды. Басқа не айтайын қарағым, замандарың тыныш болсын, – деп аяқтады әже әңгімесін. Қайша әжемен қоштасып шыққаннан кейін ауыр ойлар мазалады. Ол, әже айтқан екі тағдыр еді. Абайсыз айтылған бір ауыз сөз. Сол үшін 10 жылға кесілу. Туған жерден бір уыс топырақ бұйырмау. Көзі ашық, көкі­регі ояу арыстардың өзін турап, жо­йып жібергенде, ауылдың қарапайым момын­дарынан жау жасау сол кезеңдегі әкірең саясатқа түк емес екен-ау деген ой келді. Өлгендер қамқорлық дәметпейді. Ал сұм тағдырдың тірі куәлары ше? Қателеспесек, майдангер жесірі санатына жатқызылып, оған берілетін көмектерді алу үшін ол адам екінші рет тұрмыс құрмаған болуы керек деген қағида бар сияқты. Сонда Қайша әжеміз от-жалынның ортасында жұмыс жасады. Бірақ майдангер қатарына жатқызылмады. Майдангер жесірі қатарында тағы жоқ. «Кінәсі» – тұрмысқа шығуы, он үш перзентті дүниеге әкелгені. Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ. Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы.