Аймақтар • 23 Қараша, 2022

Күре жолдар күреліп тұрса...

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қыс маусымына техникалар сақадай сай» деп сансыз есептер берілгенімен, қар түскен күні омбылап қалатынымыз өтірік емес. Күре жолдар күрелмей, көп техника үлгермей жатқанын да неше байқадық. Нақтырақ айтсақ, облыстың жолдарын қыс маусымында күтіп ұстау үшін 518 техника жұмылдырылған екен. 

Күре жолдар күреліп тұрса...

Шығыс Қазақстандағы автомобиль жол­дарының жалпы ұзындығы 5 265 ша­қырымды құрайды. Оның ішінде 1 238 километр республикалық маңызы бар күре жол болса, 1 587 шақырымы – облыс­тық маңызы бар трасса. Ал аудандық маңы­зы бар жолдар 2 440 километрді құрайды. Мың­даған шақырым жолды уақтылы тазалап ұстау оңай емес дейін десең, қар күрей­тін техникалар жеткілікті секілді. Алайда Алтайдың ауа райы оқтын-оқтын борандатып, бұрқасындатып тұрады. Жалпы, жолдар жайын баспасөз брифингінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының жолдарды дамыту мәселелері жөніндегі орынбасары Нұрбек Тұраров айтып берді.

– Облыстық маңызы бар жолдарға «Облшығысжол» ЖШС қызмет көрсетеді. Оларда 119 бірлік қар тазалау техникасы бар. Өмеш асуында, Тарғын, Егіндібұлақ, Ұранхай ауылдарында 4 жылыту пункті бар. Барлық өндірістік үй-жайлар мен жылыту пункттерін қысқы кезеңге дайындау жұмыстары аяқталды, – деп атап өтті Н.Тұраров.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Қазавтожол» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын пайдалану бөлімінің бастығы Тана Әбдікәрімова филиалда автомобиль жолдарын қыста күтіп ұстау үшін 156 бірлік жол-құрылыс техникасы бар екенін айтты.

– Қажет болған жағдайда 41 техника тарту үшін келісімшарттар жасалды. Өңірде жолаушылардың бақылауында ұзындығы 125 шақырым болатын 142 қарлы учаске бар. Бұл учаскелерде ауа райының қиын кезеңдерінде тәулік бойы патрульдеу ұйым­дастырылады. Жолда қандай да бір оқыс жағдайлар туындаса «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның бірыңғай колл-орталығына 1403 қысқа нөмірі бойынша, сондай-ақ 26-28-08, 8-777-535-89-08 нөмірлері бойынша диспетчерлерге қоңырау шала аласыз, – деді Т.Әбдікәрімова.

Баса айта кетерлігі, 2022-2023 жылдар­дағы қыс маусымында жолдарды күтіп ұстау үшін 460 мың литр жанар-жағармай қажет. Бүгінгі таңда оның 182 мың литрі дайындалды.

Н.Тұраровтың айтуынша, 1 800 тонна көктайғаққа қарсы материалдар дайындалды. Өскемен – Тарғын – Самар және Өскемен – Таулы Үлбі – Северное автожолдарында көшкін қаупі бар 7 учаске белгілі. Соған байланысты аталған учаскелерде төтенше жағдайлар орын ала қалса, жедел шаралар қабылдау үшін көмекші өндіріс базасында арнайы жасақ құрылған. Осы тұста айта кетерлігі, облыстық маңызы бар жолдарда қандай да келеңсіздік болса, «Облшығысжол» ЖШС-ның диспетчерлік қызметіне, яғни, 8-705-798-05-99 нөміріне қоңырау шала аласыз.

Иә, қоңырау шалуын шалады ғой, нәтиже болса... Мәселен, 13 қараша күні Алтай – Өскемен арасындағы күре жол уақтылы тазартылмады. Жауған қардан күре жолда көліктердің кептелісі орын алған. Қыс маусымына сақадай сай болса, жүргізушілер неге наразы?

– 13 қараша күні Катонқарағайдан Өске­менге жолға шықтым. Қар жауатынын алдын ала күн райы болжамына қарап отырып, біліп отырдық. Борандатқан жоқ, қылаулап қана жауды. Бірақ соның өзін күрей алмады ғой. Тракторларын тізіп қойып, «көрме» өткізгеннен не пайда?! Жолымыз күрелмесе, – деген еді жүргізуші Асхат Қасенов.

Бұл ғана емес, жолдардың уақтылы күрел­мей жатқанына байланысты пікір білдіргендер көп. Тіпті алғашқы қар жауған күндері Өскемен – Шемонайха, Өскемен – Риддер бағыттарында жол-көлік оқиғалары да орын алып үлгерді. Әлбетте, оқыс оқиғалар жүргізушілердің абайсыздығынан да орын алуы мүмкін. Қалай десек те, күре жолдарға күрек уақтылы тиіп тұрса екен дейміз.

Брифинг соңында спикерлер облыс жолдарында үздіксіз қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақы­лауда екенін атап өтті.

пв

 

Шығыс Қазақстан облысы