Қоғам • 23 Қараша, 2022

Қайсар қыз

582 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Есту, сөйлеу қабілетінде туғанынан кемістік болса да, қоғаммен араласу мүмкіндігі шектелмеген рухы биік ерекше жандардың таңдаған саласында жеткен жетістіктері талайды сүйсінтеді. Осындай сәулелі жанның бірі – Айнұр Саинованың аты-жөні және кәсібі жақында өткен Қ.Тоқаев жақтастарының сайлауалды форумында жұртшылықты елең еткізді.

Қайсар қыз

Сол форумда Президенттің алдында қолдау көрсетіп, сөз сөйлеген таңдаулы топтың қатарынан «Sensitive» естімейтін бишілер театрының әртісі Айнұр Саинова да көрінді. Сурдоаударма арқылы тілектестігін жеткізген оның сөзіне жиналған қауым ризашылығын білдірді.

Содан кейін Айнұрмен хабарласып, кеңінен пікірлесудің мүмкіндігі туды. Саласындағы жетістіктер жөнінде біраз әңгімелеген ол сөз орайы келгенде өміріне серік еткен өнердің елімізде дамуына, өзі құралпас жандарға жасалған жағдайға қатысты пікірін білдірді.

Айнұр Бейбітқызы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында 2020 жылдан бастап әртіс болып жұмыс істейді екен. Сондай-ақ ол – осы театрдың ішінен құрылған «Sensitive» би театрының бишісі. Бұл ансамбльдың құрылғанына 16 жыл болыпты. Оның қатарына Айнұр 2016 жылы қосылған екен.

«Мәскеуде мимикалық қимыл театры бар. Біздің Петропавлда да және еліміздің бас­қа қалаларында осындай театр ашылға­нын қалаймын. Сонда спектакльдерде «есті­мей­тін актерлер» жиі бой көрсетіп, көкжиегі кеңейе түсер еді. Қазақстан – жылдан-жыл­ға өсіп, өркендеп келе жатқан ел, бірақ әлі де естімейтін ел деуге болады. Өйткені ерек­ше адамдардың үні естілмей жатады. Олар пікіріне құлақ асқанын қалайды, көбірек мүмкіндіктер алғысы келеді. Ерекше бала болу және ритмді сезініп алға ұмтылу қажет әлемде өмір сүру өте қиын», дейді кейіпкеріміз.

Расында, музыканы құлағымен емес, жанымен сезінетін мұндай өнерпаздардың талантына тәнті боласың. Әрине, өнер жолы болған соң шеберлігіңді қашанда шыңдап отыру қажет. Былайғы адамға оңай соқпайтын бұл саланың соқпақ жолы мүмкіндігі шектеулі жандарға тіптен салмақ түсіретіні анық. Бірақ олар бұл қиындықтан қашпай, жан қалауы мен арман-мақсаты үшін алға ұмтылудан танбайды. Бұл ретте мемлекет тарапынан ерекше адамдардың білімін жетілдіруді, қолдауды күшейте түсуі керек. Мысалы, Айнұр Бейбітқызы білім ордаларында сурдоаудармашылардың жетіспейтіндігінен, тіптен жоқтығынан құлағының, тілінің мүкісі бар жандар талай кедергіге тап болып отырғанын алға тартты.

«Мүгедектігі бар шығармашыл жас­тарды жүйелі қолдау қажет. Бұл – хорео­графия, ым-ишарамен орындау, актерлік шеберлік пәндері бойынша шеберлік сабақтары, конкурс-фестивальдар. Мұндайда көзбояушылықтан ада болып, іс-шараларды уақытша емес, жыл сайын, мүмкін өңірлік, республикалық, халықаралық іріктеулер түрінде өткізіп тұру керек. Сонда ғана мүгедектігі бар жастардың орындаушылық шеберлігі мен кәсібилігі өседі, ынта-жігері, ұмтылысы болады. Осынау бастамаларға азаматтық қоғам да белсенді атсалысу қажет. Өкініштісі, бізде бір реттік жобаларға көбірек мән беріледі. Сондықтан жобалардың тұрақты болғанын қалаймыз. Сонымен қатар осы санаттағы шығармашыл жастар мамандықтары бойынша оқығысы келеді, әрі қарай өз жолын жалғастыруды көздейді. Бірақ олар жоғары оқу орындарына оқуға түсе алмайды. Өйткені қарапайым ғана оқуда көмектесетін сурдоаудармашылар жоқ. Егер бұл мамандардың қызметі ақылы болған күннің өзінде, оның әр сағатына төлейтіндей бізде мүмкіндік жоқ. Осындайда қалайша тең дәрежеде білім алуға болады деген ой келеді. Алайда Еуропа елдерінде, тіпті Ресейде де осындай міндеттің үдесінен шығып отырған білім беру жүйесі бар», дейді А.Саинова.

Саласындағы біраз жайттан хабардан еткен кейіпкеріміз осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріне тоқмейілсімей, әлі талай асуды бағындырғысы келеді екен. Соның бірі – болашақта өзін фильмдерде немесе сериалдарда басты рөлден көру. Лайым, ойлағаны орындалып, талантын шыңдауда қажырлы еңбек етіп жүрген Айнұрдың талабына нұр жаусын деген тілектестігімізді білдіреміз.