Қоғам • 23 Қараша, 2022

Еңбек ер атандырады

427 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік ең жоғары марапат иелерінің бірлестігі «Тáyelsiz qazaqstannyń halyq batyrlary» Республикалық қоғамдық ұйымының I республикалық конференциясы өтті.

Еңбек ер атандырады

Бірлестік биыл маусым айында құрылған еді. Парламент депутаттарының, мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері­нің қатысуымен өткен конференцияда бір­лес­тіктің тұжырымдамасы бекітілді. Сондай-ақ еліміздің аймақтарында филиалдар ашу сияқ­ты мәселелер талқыланды. Бүгінде жо­ғары дәрежелі «Халық Қаһарманы» ата­ғының 9, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы­ның 35 иегері өздерінің өнегесін ұлттық құн­ды­лықтарды нығайтуға жұмсап жүргені қуантады.

Конференцияға Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев төрағалық етті. «Ел астанасында тұңғыш рет батырлар жиыны өтіп жатыр. Ел жастарының патриоттық сезімін, мемлекеттің беріктігін нығайтуда ұйымның ықпалы зор», деді бірлестік төрағасы Б.Ертаев.

Жиынға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімұлы, Қуа­ныш Сұлтанұлы, Ахметжан Смағұлұлы, Қайыр­бек Шошанұлы, Ұзақбай Сүлейменұлы, Иван Адамович, Мұқаш Зұлқайнарұлы ұйым­ның құрылуын жоғары бағалап, барынша қолдау көрсетуге әзір екендерін жеткізді.

Жаңа бірлестіктің елімізге танымал 10 құрылтайшысы бар. Олар: Айдын Айымбетов, Серік Ақшолақов, Мұхтар Алтынбаев, Абзал Ералиев, Бақытжан Ертаев, Мұқаш Ес­кен­діров, Айман Мұсақожаева, Иван Сауэр, Қай­рат Үмбетов және осы жолдардың авторы.

Бар өмірін халқына қызмет етуге арнаған, бақытын елге қызмет етуден тапқан жандар бо­­лады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы­ның 150 жылдығы мерейтойына орай: «Шын ­мә­нін­де, Ақаңның өмір жолы – ұлтқа қызмет ету­дің жарқын үлгісі» деп айтқан сөзі тарихи тұлғаларымызды ғана ардақтау емес, со­нымен бірге бүгінде арамызда жүрген мем­лекеттік жоғары марапатқа ие болған азамат­тарды да үлгі тұтып, қоғамға кең таныту деп білеміз.

«Тáyelsiz qazaqstannyń halyq batyrlary» қоғамдық ұйым негізінен «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» марапаты иегерлерін насихаттау ісін бір орталыққа біріктіруді көздейді. Қоғамдық бірлестіктің әрбір мүшесінің еңбек жолын, азаматтық бейнесін, ізгілікті өмір салтын халық арасында кеңінен насихаттайтын арнайы бағдарламалар әзірлеу көзделгені құптарлық. Олардың жүзеге асуына бұқаралық ақпарат құралдарын, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарын кеңінен тарту, кітаптар, альбомдар, аудио-видео құралдар дайындап, тарату жұмыстарын қолға алу патриоттық бастамашылық деп білемін.

Марапат өздігінен келмейді. Қоғамдық еңбек жемісін көрсету құралының бір тәсілі ретінде қарастырған жөн. Аға буында бұған құштарлық күшті болды. Бұл ретте, ел ардақтыларын танытатын тетікті іске асырудың уақыты жеткен сияқты. Жастарды еңбекшіл болуға, еңбек ерлеріне қарап бой түзеуді, өз елінің жетістіктеріне үлес қосатындай жағдайға жеткізуіміз керек. Мұндай қадам біздің тәрбие саласындағы үлкен олқылықтарға жол бермес еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырау облысы жұртшылығымен кездесуде еліміздегі ардагерлер кеңесінің қазақ халқының дәстүрлі институты болып келген ақсақалдар қауымдастығының жалғасы екеніне назар аударды. Бүгінде ардагерлер кеңесі жұмысының белсенділігін арттыру қажеттілігін айтты. Президенттің бұл сөзі «Тáyelsiz qazaqstannyń halyq batyrlary» жұмысының негізгі арқауы деп санаймын.

Бұл ретте, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның: «Алашқа аты шыққан адамдар! Кө­семдіктерінді адаспай түзу істеңдер! Сен­дер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады, арттарынан ергендердің обал-сауаптарына сендер қаласыңдар» деген сөзі ойға оралады. Әлі де өзектілігін жоғалтпаған бұл сөз қазіргі ел ағалары мен аналардың жас­тарға ұлттық, рухани-адамгершілік, пат­риот­тық­ тәлім-тәрбие беру ісіне үлес қосуды жауап­кер­шілікпен атқару керектігін еске салады.

Ең жоғары марапат иегері «Халық Қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» деген атына сай болуы міндетті. Бұл – олар­дың мемлекет алдындағы жауапкершілігі, азаматтық парызы.

Ұстаз ретінде «Тáyelsiz qazaqstannyń halyq batyrlary» атты бірлестіктің жас ұрпақ тәрбиесі үшін таптырмас үлгі екенін айта отырып, аталған бірлестік мүшелерінің еңбек және ерлік істерін республика мектептерінде кең насихаттау жұмысына көбірек көңіл бөлінсе екен деген тілегімді білдіремін.

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері