Бұл қиындық халқымызды шыңдады. Мемлекет басшысына деген сенім артты. Биыл маусым айында өткен референдумда Қазақстан халқы Президент бастамаларына қолдау білдірді. Президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын халықтық коалицияның ұсынуы және оны сайлаушылардың басым көпшілігінің қолдауы осы сенім мен үміттің нақты көрінісі.
Бұл сенім мен үміт негізі Қ.Тоқаевтың халықтың мұңын, оның зарын ести білетіндігінде жатыр. Соңғы үш жарым жылдан бергі Президент бастамасымен қолға алынған өзгерістер осы сөзіміздің дәлелі іспетті.
Республикалық қоғамдық штабта ұсынған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасы және оны іске асырудың үш қағидаты – қоғамның көптен күткен ойы. Осы кезге дейін қолға алынған іргелі реформалар және жоғарыда аталған бағдарлама – Қасым-Жомарт Кемелұлы табиғатының, ішкі жан дүниесінің көрінісі. Ол – қоғамдағы қайшылықтарды тереңінен білетін сергек сезімді басшы.
Оған Сенат депутаты болған кезде көзім жеткен, куәсі болғанмын. Қ.Тоқаев Сенат Төрағасы ретінде өңірлердің мәселелеріне ден қойып, олардың шешілуіне тікелей араласып, қолдау көрсетіп отырды. Атырау облысының күрделі экономикалық, экологиялық және әлеуметтік мәселелері сол уақытта Сенат Төрағасы лауазымында болған Қасым-Жомарт Кемелұлының көңіл бөліп мән беруінің арқасында шешімін тапты.
Ресей Федерациясына әскери мақсатта жалға берілген «Тайсойған» полигонының жерін қайтару ұзақ жыл өткір мәселеге айналып, тұрғындардың наразылығын тудырған еді. Ол елдің көріп отырған қиындығын, тартып отырған азабын ести білді. Естіп қана қойған жоқ мыңдаған адамның тағдырына байланысты аса күрделі мәселенің оң шешілуіне ықпал етті. Жер ел игілігіне қайтарылды. Қазір тұрғындар шөбі шүйгін, шаруаға қолайлы жерде кәсібін ашып, нәсібін табуда. Ризашылықтары шексіз. Полигон жерін қайтару туралы Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімшартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойылған күні Парламенттің бір топ депутаты Санкт-Петербург қаласында едік. ТМД елдерінің Парламенттік Ассамблеясының кезекті бір отырысына келгенбіз. Үзіліс кезінде Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Заңға Президент қол қойды, құттықтаймын», деген сәті әлі есімде. Ай сайын емес, апта сайын Сенатта қабылданып, Мемлекет басшысы қол қоятын заңдар көп. Бірақ жоғары лауазымды қызметте жүрген Қ.Тоқаевтың жадында «Тайсойған» полигонына байланысты заңның қалуы кездейсоқ емес. Бұл ел алдында жүрген азаматтың тұрғындардың жай-күйін сезіне білген сергектігінің бір көрінісі еді.
Он жеті рет жерасты ядролық сынағы өткізілген «Азғыр» полигонының жергілікті халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға тигізген зияны зор болды. Он мыңға жуық адам тұратын шалғайдағы ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына байланысты мәселелер де ол кісінің назарынан тыс қалмады. Сенат қабырғасында көтерілген өңірге қатысты айтылған ұсыныстарға сергек қарап, орталық мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар беріп отырды. Азғыр өңіріне министрлік пен комитет басшыларын апару, тұрғындармен кездесіп, мәселелерді шешу туралы ұсыныстарыма үнемі түсіністікпен қарап, қолдау көрсетті. Осындай түсіністік нәтижесінде бірнеше рет Азғыр өңіріне іссапармен бардық. Бүгінде өңірге қарасты біраз мәселе шешімін тапты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны сөзсіз.
Жылдар бойы сөз болып іске асырылмай келген «Атырау-Астрахань» автомобиль жолының құрылысы да тікелей Қ.Тоқаевтың араласуымен 11 жыл дегенде басталғанын айта кеткен жөн. Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалған Сенат отырысында жол мәселесін қайта көтеруіме тура келді. Үкімет мүшелерінің сырғытпа жауаптарына риза болмаған Сенат Төрағасы бұл сұраққа жете мән беріп тез арада құрылыс жұмысын бастауды тапсырып және осы жылы қолға алынбаса, тағы да бірнеше жылға созылып кетуі мүмкін деген қауіпті де ескертті. Түскі үзіліс кезінде Сенат Төрағасының қабылдауынан телефон соққан қызметкер «Сізді Қасым-Жомарт Кемелұлымен қосамын» деді. Төраға жол мәселесінің маңыздылығына тоқталып, Үкімет басшысына қосымша сөйлесіп тапсырма бергенін және сағат үште Үкіметте шұғыл жиналыс өтетінін, менің сол жиналысқа қатысып, нақты ұсыныс бергенім жөн екенін айтты. Астанадан үш мың шақырымға жуық алыстағы ауылдың жай-күйіне ерекше көңіл бөлген Қ.Тоқаевқа риза болдым. Бұл 2018 жылдың 11 маусымы болатын. Үкіметтің бірнеше мүшесі және басқа да жауапты орталық мемлекеттік органдарының басшысы қатысқан жиында ұсыныстарым толық қолдау тапты. Жол картасы дайындалып, қыркүйек айына дейін мердігер компанияны анықтау, келісімшартқа қол қою сияқты негізгі жұмыстардың мерзімі анықталды. Ресеймен шекарада орналасқан, 60 мың тұрғыны бар Құрманғазы ауданынан өтетін жол толық іске қосылды. Маңызды халықаралық автомобиль жолының құрылысы осылай басталды.
Экономиканың мүмкіндігі мол саласының бірі балық шаруашылығын дамыту – кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Бұл сала, әсіресе, Жайық пен Қиғаш арасын, Каспий жағасын қоныстанған Атырау жұртшылығы үшін экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да аса маңызды. Өкінішке қарай, салаға жете көңіл бөлінбеуден бұрынғы балық аулау және өңдеу өндірістері жабылып, өзен арналары тартылып, жергілікті халық қиын жағдайға душар болды. Оның үстіне Үкімет тарапынан асығыс қабылданған шешімдер шағын балық аулау ұжымдарының жұмысын қиындатып жіберді. Көршілес Ресей балықшыларымен салыстырғанда отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігіне қолдан шектеу салынды десек артық болмас. Жағдайды түзеу тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, Жайық пен Қиғаш өзендерін тереңдету сияқты жүйелі жұмысты, қомақты қаржыны қажет етті. Міне, бұл мәселелердің барлығы тікелей Сенат Төрағасының қолдауы нәтижесінде іске асты.
Құрманғазы ауданының бір топ ақсақалы мен аудандық мәслихат депутаттары 2018 жылдың 25 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Кемелұлына ризашылықтарын білдіріп алғыс хат жолдады. Іргелі аудан атынан жолданған хатта: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, «Тура биде туған жоқ» дегендей Сіздің өз еліңіздің туған перзенті ретіндегі әділдігіңіз, турашылдығыңызды, аса білімдарлығыңызды жақсы білеміз. Биіктігіңіз аласармай, халқыңыздың нақ сүйер ұлы, дана қабілетті арқалы азаматы, дарынды басшысы сапында жасампаздықпен жасай беріңіз», деген жолдар бар.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жазылған ел тілегі қабыл болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы халық сеніміне ие болған президенттік қызметінде әділетті қоғам құру, халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында қажырлы қызмет атқарып жатыр. Алда бұдан да ауқымды жұмыстар бар. Елдің болашағы білікті, парасат пайымы жоғары, халқының сеніміне ие, кісілігі мол басшыға байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Қ.Тоқаев ел дамуының болашағы үшін мемлекетті басқаруға лайықты тұлға деп есептеймін.
Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» кітабында:
«Шыншыл, сара басшы керек
халыққа,
Халық үшін түсіп шығар
тамұққа.
Жасай алар ізгілік пен ірілік
Заң, ұятты сақтай білер жүгініп», дейді. Ол сондай-ақ:
«Кісі аз емес, аз кісілік,
Кісіліктің қадірін біл түсініп», деп ұрпағына өсиет қалдырған. Дананың сөзіне құлақ қояр халқымыз ел үшін маңызды кезеңде дұрыс таңдау жасады.
Президент бастамалары мен халық қолдауы болашаққа деген үмітті нығайтып, сенімді күшейтті. Бұл үміт пен сенімнің іске асуы әрқайсымызға тікелей байланысты. Қоғамда өмір сүріп, одан тыс тұруға болмайды. Әрбір адам – өз өмірінің қожасы ғана емес, мемлекеттің де тірегі. Әр адам өзіне жоғары талап қойып, білім мен өнерді игеріп, еңбек қылуға ұмтылса ғана біз дамыған мемлекеттер қатарына қосылып, келер ұрпақ үшін жарқын болашақтың жолын саламыз.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
заңгер