Аймақтар • 23 Қараша, 2022

Апатқа айыпты – «Арселор»

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарашаның 3-інде Қарағандыдағы Ленин атындағы шахтадағы апатты тергеген Үкіметтік комиссия жұмысын аяқтады. Комиссия апатқа жұмыс беруші, яғни «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кінәлі деп анықтады. Трагедиядағы жұмысшылардың кінәсі – 0 пайыз. Жұмыс берушінің кінәсі – 100 пайыз. Бұл туралы Үкіметтік комиссияның төрағасы, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді.

Апатқа айыпты – «Арселор»

Шахтадағы апатқа жауапты 26 тұлға анықталды. Олар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығынан бастап, Ленин атындағы шахтаның инженерлік-техникалық құрамына дейінгі мамандар. Арасында өзге мемлекеттің азаматтары да бар. Атап айтсақ, Биджу Наир және Джелсон Батиста. Министрдің айтуынша, алдағы тергеу барысында куә немесе күдікті ретінде өзге де қызметкерлер, жауапты тұлғалар белгілі болуы мүмкін. Апатты тергеу құжаттары қадағалау және құқық қорғау органдарына тапсырылады.

– Қайғылы жағдайдың орын алуының негізі себебі – өте үлкен көлемдегі метанның көмір тозаңымен бірге бөлінуі. Жарылыс №79 пикет ауданындағы бұрғылау станогындағы бұрғы штангасының метал тіреуге үйкелісінен шыққан ұшқыннан тұтанған. Сондай-ақ Ленин атындағы шахтада көмір департаментінің, тікелей Ленин атындағы шахтаның инженерлік-техникалық қызметкерлері жұмысын дұрыс ұйымдастырмауы да бір себеп, – деді министр. 

Ведомство басшысының айтуынша, апатқа мамандардың жетіспеушілігі де ықпал еткен. Мәселен, комиссия шахтада қауіпті учаскелерге болжау жасайтын қызметтің штаты толық еместігін анықтады. Тау-кен шеберлері аз. Заң бо­йынша шахтада 25 тау-кен шебері жұмыс істеуге тиіс. Бірақ бұл жұмысты 13 адам атқарған. Маманның кемдігі ұңғыманы бұрғылауда болжау қызметінің инженерлік бақылауын толық деңгейде жүргізуге мүмкіндік бермеген. Маманның аздығы сапа мен параметрлерді қадағалауға кері әсер еткен. Бұдан бөлек, шахтада жерасты электрслесарі жетпейді. Шахтада мұндай 25 маманның орнына 16 электрслесарь жұмыс істеп келіпті. Ал электрслесарьдың міндеті – газ қорғанысы есептегіштерінің қызметін бақылау.

– Ұңғыманы бұрғылау шаңды бас­пай жүзеге асырылған. Бұл жылдам тұтанатын көмір тозаңының көп жиналуы­на алып келген. Бұрғы станоктарының орналасуы электрмен жабдықтау және ұңғымаларды бұрғылаудағы аэрогазды бақылау құжаты сызбасына сәйкес келмеген. Сонымен комиссия бұл трагедиядағы жұмысшылардың кінәсі – 0 пайыз, жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз екенін анықтады, – деді Ю.Ильин.

Апатқа жол берген тұлғаларды жоғарыда атап өттік. Ал «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорындарындағы мамандардың жетіспеушілігі бүгін ғана туындаған проблема емес.

– Бұл проблема көмір бассейнінің шахталарына да тән. Бұған дейінгі басқа шахталарда орын алған төтенше оқиғалар бо­йынша біз тұрақты бақылау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Биыл жоспарлыдан бөлек, жоспардан тыс тексерістерді де жүргіздік. Барлық ұсынысты бердік. Одан кейін материалдарды сотқа жолдаймыз, содан соң сот құрал-жабдықтардың жұмысын тоқтату туралы шешім шығарады. Біздің ұсыныстарды шахта басшылығы орындауға міндетті. Дегенмен кейде ұзақ уақытты талап ететін фактілер бар. Бұл, біріншіден, персоналды оқыту, даярлау. Алынған құрал-жабдықтарды іске қосу үшін де адамдар оқытылып, даярлықтан өтуге тиіс. Мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның жұмысын жоққа да шығармаймын, асыра да бағаламаймын. Біз жағымды динамиканы көріп отырмыз. Жаңа құрал-жабдықты қаржыландырып, сатып алу артып келеді. Бірақ өкінішке қарай, алынған құралдардың біраз бөлігі қолданылмайды. Басшыларының айтуынша, адамдарды оқытып, құрал-жабдықтарды монтаждау үшін уақыт керек. Сондықтан да бұл жуық арада іске аспаса, шаралар қабылдаймыз. Материалдарды сотқа жолдауға дейін барамыз, – дейді Ю.Ильин.

 

Қарағанды облысы