Үкімет • 23 Қараша, 2022

Агломерацияға – ақ жол

198 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Агломерацияға – ақ жол

Аталған мәселелер жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қа­ла мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық да­­муда, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір тең­сіз­діктер бар.

«Теңсіздіктердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақы­лаусыз өсуі. Мәселен соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы – 59, Алматыда – 37, Шымкентте 67 пайызға өсті. Оған қоса, қалалардың аумақтары да едәуір ұлғайды. Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе, ал Шым­кенттің аумағы 3,5 есе өсті», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, ау­мақтардың үйлестірілмеген да­муының негізгі себептерінің бірі – агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік-құқықтық базаның болмауы. Осыған байланысты, орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажет.

«Бір айта кететін жайт, әлемде Ұлыбритания, Франция және Қытай сияқты унитарлық мемлекеттерде де, АҚШ, Канада, Гер­мания, Испания және Италия сияқ­ты федеративті мемлекеттерде қа­лалық агломерациялардың да­муын реттейтін арнайы заңдар бар.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақ­стан халқына Жолдауында «Агло­ме­ра­цияларды дамыту туралы» заң әзірлеуді тапсырды. Оның үстіне, Мемлекет басшысы биыл­ғы 5 мамырдағы Реформалар жө­ніндегі жоғары кеңестің отырысында осы заң жобасын жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.

Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі. Негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі. Агломерация құрамын уәкілетті орган – Ұлт­тық экономика министрлігі қа­лып­тастырылады», деді Ә.Қуантыров.

Агломерацияларды айқын­дау­дың негізгі критерийлері ретінде орталық қаланың әкімшілік мәр­тебесі, демографиялық сыйым­дылық, логистикалық және эко­номикалық әлеует қарасты­рылмақ. Заң жобасы қабыл­дан­ғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент қала­лары, сондай-ақ тағы басқа облыс орталықтары да айқындалмақ.

«Аймақтық деңгейде Жер­гілікті агломерация кеңестері құ­рылады. Олар агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс істейді. Жер­гілікті кеңестің құрамына екі әкім­діктің және мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ Ұлттық кәсіп­керлер палатасының және үкімет­тік-емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

Жергілікті кеңес агломерацияны дамытуды қолдауға бағытталған міндеттер мен шара­лар бойынша ұсыныстар әзір­лейді. Осы орайда, орнықты әлеу­меттік-экономикалық әрі үйлес­тірілген дамуды қамтамасыз ету мақсатында Жергілікті кеңес агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын дайындайды. Кешенді жоспар қаржыландыру көлемі мен көздерін, іске асыру мерзімдерін, жауапты орындаушыларды, күтілетін нәтижелерді қамтиды», деді Ә.Қуантыров.

Республикалық деңгейде агломерацияларды дамыту жөніндегі өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шы­ғарылады. Негізгі және ілес­пе заң жобалары шеңберінде өңір­лердің әкімдіктеріне қосымша өкі­леттіктер берілмек.

«Мәселен негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірле­сіп шешуге, тиісті келісімді да­йындауға және оған қол қоюға қатысады. Сондай-ақ әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге атсалысады.

Бұдан басқа, орталық қала­лар­дың жергілікті атқарушы орган­дары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді. Бас жос­пардың жобасын әзірлеуді ұйым­­дастырады, сондай-ақ сәу­лет, қала құрылысы және құ­ры­лыс қызметі саласындағы мем­ле­кеттік нормативтердің жоба­лары­на келісім береді», деді Ә.Қуан­тыров.

Агломерацияларды үйлес­тірілген дамыту мақсатында заң жобасында синергия әсері бар бірлескен агломерациялық жобаларды қаржыландыру үшін қала және іргелес облыс бюджеттері арасында көлденең трансферттер тетігі әзірленбек. Бұл орталық қаланың да, оның маңындағы аймағының да дамуына әсер етеді.

Бұдан кейін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құжат жөнінде Сыртқы істер министрінің міндетін ат­қарушы Роман Василенко баяндама жасады.

«Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынты­мақтастық жыл сайын көптеген салаларда кеңейіп келеді. Елдер арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың 9 айында 558 млн долларды құраса, БАӘ-тен келген инвестициялар ағыны 2022 жылдың 1 жартыжылдығында 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 128,7 млн долларға жетті.

Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға Парсы шығана­ғын­дағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі елдерінің ішіндегі негізгі инвестор. Жалпы, 2005 жылдан бастап 2022 жылдың 1 жартыжылдығында дейін БАӘ-тен келген тікелей шетелдік инвес­тициялар ағыны 2,9 млрд дол­ларға тең.

Сонымен қатар 2022 жылдың 1 қаң­тарындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда Біріккен Араб Әмір­ліктері капиталының қатысуымен 371 заңды тұлға тіркелген. Бүгінгі таңда 5,3 млрд АҚШ доллары сомасын құрайтын 28 жоба іске асырылып жатыр», деді вице-министр.

Р.Василенконың айтуынша, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыруда инвесторлардың құқықтарына кепілдіктерді бекіту жолымен ынтымақтастық үшін құқықтық шеңберлер құруды көздейді.

Сондай-ақ «Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Фуат Сатыбаев ант берді. Сонымен қатар жалпы отырыста палата депутаттары Фуат Сатыбаевты Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына сайлады.

Жиын соңында бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады. Сәлімжан Нақпаев Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдаған сауалында Жайық өзеніне қатысты мәселе көтерді.

«Жайық өзенінде 2018 жылдан бастап, әсіресе Каспий теңі­зіне құятын өзеннің сағасында су деңгейінің күрт төмендеуі бай­қалады. Қазіргі уақытта теңізге құятын Жайық өзенінің тереңдігі небәрі 40-50 см құрайды. Су дең­гейінің мұндай апатты төмендеуі бірнеше салаларға әсер етеді.

Бірінші, халық шаруа­шы­лығының балық саласында. 5 мыңға жуық балықшыны бірік­тіретін 800-ге жуық балық аулау бри­гадасының теңізге тұрақты түрде шығуға мүмкіндігі жоқ. Бұл балық аулау лимитін орын­дамауға және жергілікті қазы­наға салықтың түспеуіне әкеледі. Яғни ең негізгісі – балық­шыларды жалғыз табыс көзінен айы­рады», деді С.Нақпаев. Екінші­ден, бұл жағдай Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті ке­мелерінің теңізге кіруіне және шығуына елеулі қиындық туғызады. Үшіншіден, экология­лық қауіпсіздікке де әсер етеді.

«Норт Каспийан Оперейтинг Ком­пани» (НКОК) компания­сы – еліміздегі те­ңіз мұнай-газ кен орындарын игерудің ірі жобасы ретінде Солтүстік Кас­пий жобасының операторы. Теңіздегі Қаша­ған кен орнын­да түр­лі апаттар болған жағ­дайда мұ­найдың теңіз бетіне тө­гі­лу қаупі бар. Сондықтан Жайық өзе­нінің теңізге құятын жері­­не жақын жерде «Солтүстік Каспий мұнайының төгілуіне әре­кет етудің экологиялық базасы» орналасқан. Ол апат кезінде теңіз­ге тараған мұнайды шұғыл түрде жинауы керек.

Су деңгейінің Жайық өзенінің атырабындағы 1,4 м сыни белгіден төмен түсуі мұнайдың авариялық төгілуін жедел жою мақсатында мамандандырылған кемелердің өтуіне мүмкіндік бермейтін жағдайға әкеледі. Үкімет сағаты кезінде бізге жыл сайын тереңдету жұмыстарына қаражат бөлінетіні туралы хабарланды. Бірақ бұл жұмыстардың нәтижесі өзеннің сыни таяздануына әкелді. Демек атқарылған жұмыстар тиімсіз болып отыр», деді С.Нақпаев.

Бұдан бөлек, тағы бірнеше депутат сауалдарын жолдады.