Экономика • 23 Қараша, 2022

Қарағанды құбыры сұранысты толық өтейді

183 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Заманның өзі жаңа өндіріс пен өнімнің өмірге келуін талап етеді. Бүгінгі уақыт – дәл сондай уақыт. Өзге елдердің басқалардан бір қадам алда жүруінің себебі де осында. Олар тұтынушы талабына дер кезінде үн қатып келеді. Елде инфрақұрылым мен құрылыстың қарқын алуы да нарықтан соны сұрайды. Қажеттіліктерді алыстан арба­лағаннан гөрі жақыннан дорбалаған абзал екенін аңғартады.

Қарағанды құбыры сұранысты толық өтейді

Кейінгі жыл­дары құрылыс материалдарын шығаруда Қазақстанның бәсі біршама жоға­рылады. Әуелі шақтап бастап, содан соң қанатын кеңге жайған құры­лысқа қажетті өнім өндірген өндіріс ке­шендері көбейгені өтірік емес. Ондай өнеркәсіп жобалары Қара­ғанды аймағында да бар. Мәселен, Қара­­ған­дыдағы «Lifeyshik» ЖШС компания­сы жақында жұмысын бастайды. Ол гофрленген полипропиленді (пластик) құбыр шығаруды көздейді. Яғни бұл – кәрізге, дренаждық желілерге, су бұру және су жіберуге арналған құбырлар.

Бұл күні заманауи құрылысты сусыз әрі жылусыз елестету мүм­кін емес. Осы орайда ғимарат ішіндегі және сыртындағы ин­же­нерлік коммуникацияларда полипропиленді құбырлар өзге материалдан жасалған құбырларды ығыстырып шығарып келеді. Химия өнеркәсібі кез келген сұра­нысты жаба алатын түрлі өнімге мүмкіндік бергенін мойындау керек. 

Гофрленген полипропиленді құбыр шығаратын компания бас­шысы Александр Иванов жо­баға өз қаражаты есебінен қазір­гі таңда 500 млн теңге инвести­ция құйылғанын айтады. Бірақ мұнымен шектелмек емес. Қомақ­ты инвестиция әлі де салынады.

– Бұл қаражат – өзіміздікі. Мұнда ешбір шетелдік қаржы, бол­маса басқа серіктестер тартыл­ған жоқ. Жоба толық іске асқанға дейін 1,7 млрд теңге инвестиция салынады. Оған кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар алынады. Біз «Даму» қорына пайыздық ставканы субсидиялауға және жобаға кепілдік беруге өтініш жолдадық, өтінішіміз қолдау тапты, – дейді компания басшысы.

Жоба негізінде 50-70 адам жұмыспен қамтылады. Алайда бұл кезең-кезеңімен іске аспақшы. Айталық, ең алдымен, құрал-жабдықтарды орнату кезінде 10-15 адам жұмысқа алынады. Содан соң жоба іске кіріскенде 50-70 қарағандылық тұрақты жұмысқа орналаса алады.

Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына – 8-9 мың тонна құбыр. Бұл өнімдер екі өндірістік желіге бөлінеді. Оның бірі жылына – 2,5 мың тонна, екіншісі 6,5 мың тонна өнім шығарады.

– Кәсіпорынның өнімі – гофр­ленген полипропиленді құбырлар. Өнім түпкілікті шикізаттан, түйіршіктелген полипропиленнен жасалады. Шикізат Корея, БАӘ және Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы өндірушілерінен жет­кізіледі. Сапасы аса жоғары. Бар­лық қажетті талаптарға толық жауап береді. Біз шығаратын құ­быр­лардың диаметрі 100-ден, 1 200 диаметрге дейінгі өлшемді қам­тиды, – дейді компания басшысы.

Компанияның мақсаты зор. Бұл – осы құбырға деген сұра­нысты толық дерлік жабу. Дәлі­рек айтқанда, Қазақстан нарығы­ның 90 пайызын қамту межеле­ніп отыр. Сонымен қатар экспорт­қа шығу да – мұрат. Қараған­ды құ­бырларын келешекте Ре­сей, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжік­стан елдеріне экспорттау жоспарда. Ком­пания осы күні аталған ел­дер­­мен келіссөздер жүргізіп жатыр. 

– Қазіргі таңда BI-Group, Bazis construction секілді тұтынушы ком­паниялармен, еліміздің әр өңір­індегі суға жауапты ұйымдар­мен, ірі құрылыс компаниялармен келісім бар, – дейді А.Иванов. 

Компания басшылығы құбыр­дың негізін қалайтын шетелден келетін шикізатта шикілік жоқтығына сенімді. Бұл жоғары сапалы әрі біздің климат қажет ететін техникалық сипаттамаларға сай. Өнім мемлекеттік стандартқа толық жауап береді.

Кәсіпорын өнімін тек ірі құрылыс компаниялары ғана тұтынбайды. Оны  қарапайым жеке тұлғалар да арнайы келіп алуына мүмкіндік бар.

Полипропиленді бұйым­дар­дың сумен жабдықтауда ал­дыңғы қатарлы құрылыс материа­лына айналуына бірден-бір себеп – оның осы химиялық инерт­тілігі деседі ғалымдар. Артық­шы­­лығы, оның қоршаған ортамен химиялық реакцияға түс­пей­­тіндігінде, кез келген темпе-
­­ра­турада механикалық берік­­тігін жоғалтпауында. Атал­ған құбырлар өндірісі толық авто­мат­тандырылған технологиямен жүзеге асады. Соның нәтижесінде оның өзіндік құны да өзгелерге қарағанда әлдеқайда арзанырақ түседі.

Мұндай құбырлардың тө­зімділігі күшті. Мамандардың айтуынша, 50 жылға төтеп береді. Оған қоса, құбыр бойындағы судың құрамын өзгертпейді, суға зиянды әсері жоқ. Себебі мұндай химиялық бұйым сумен реакцияға түспейді екен.

ра

 

Қарағанды облысы