Саясат • 24 Қараша, 2022

Әлеуметтік келісім туралы декларация

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мельбурн қаласында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінің делегаттары оның қорытындысын шығарып, Жаңа әлеумет­тік келісім туралы декларация қабылдады.

Әлеуметтік келісім туралы декларация

«Егер үкіметтер жаңа әлеуметтік келісімшартты шұғыл түрде жүзеге асырмаса, әлем барлық аймақтардағы жұмысшылар үшін ауыр зардаптарға әкелетін тарихи экономикалық құл­дырау алдында тұр. Әлемге толық жұмыспен қамту, лайықты еңбек және жалпы өсіп-өркендеуге негізделген жаңа бизнес үлгілері бар жаңа эко­но­микалық модель қажет», деді Кон­гресс делегаттары.

ХКК Бас хатшысы лауазымында өз қызметін тәмамдаған Шаран Барроу әлемнің 161 елінен келген 300 ұлттық кәсіподақ орталығының басшыларына сөйлеген сөзінде жаһандық пандемия әлем бұрын-соңды болмаған адамзат ынтымақтастығының ең үлкен актісін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіподақ қозғалысы жұмысшылардың құқықтарын қорғауда бұрынғыдан бетер біріктірілген. Алайда пандемияның қиын жылдары да «корпоративтік ашкөздіктің» көрсеткішіне айналды. Бұл кезде жосықсыз жұмыс берушілер өз артықшылығын пайдаланып, жұ­мы­сшылармен келісімшартты бұзып, корпоративтік реттеудің жоқтығын көрсетті. ХКК статистикасына сәйкес әлем­дегі ең ірі 10 корпорация 2021 жы­лы шамамен 360 млрд долларды құ­райтын жиынтық табысын жариялады.

«Жұмысшылар мен олардың кәсіподақтары үкіметтер, жұмысшылар және бизнес арасында жаңа әлеуметтік келісімшартты талап етуде. Ол тұрақ­ты жұмыс орындарын, тұрақты жала­қыны, құқықтарды, теңдікті, инклю­зивтілікті және әлеуметтік қор­ғауды көрсетуі керек. Ұлттық жә­не ха­лықаралық заңнаманы жа­ңарту арқылы жұмыс берушілердің жа­уапкер­шілігін күшейту қажет. Кә­сіп­­одақтар Халықаралық еңбек ұйы­мы­ның стандарттары мен еңбек сала­­сын басқарудағы олқылықтарды жоюға арналған жаңа Конвенцияны қабыл­дауын қолдайды», деді Шаран Барроу.

Ол ұлттық кәсіподақ орталықтарына соңғы бірнеше жылдағы жемісті жұ­мысы үшін алғысын білдірді.

Конгресс делегаттарына Барбадос Премьер-Министрі Мия Мотли, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бұрынғы комиссары Мэри Робинсон және АҚШ Еңбек министрі Марти Уолш кәсіподақ қызметін одан әрі дамытуға сәттілік тіледі. Олар ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары көтерген мәселелердің өзектілігін атап өтті.

Қазақстандық делегацияның басшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіп­одақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин де Конгресс жұмысынан алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, жаһандық кәсіподақ форумына қатысушылар конгрестің алты күнінде ынтымағы мен бірлігін паш етті.

«Кәсіподақтардың күші – олардың бірлігінде, ынтымағында, әділдігінде. Бағдарламалық құжаттарды талқылауға қатысу, әріптестер мен пікірлестермен араласу, танысу бәрімізге пайдалы болды. Кәсіподақтар федерация­сы шетелдік ұлттық кәсіподақ орта­лық­тарымен және Халықаралық кәсіп­одақтар конфедерациясымен тығыз ын­тымақтастықта әлеуметтік әділдік, лайықты еңбек идеясын кеңінен на­сихаттау, еңбек құқықтары мен мүм­кіндіктерінің кез келген кемсітушіліксіз теңдігі, халықаралық кәсіподақ қоз­ғалысын одан әрі нығайту және дамыту үшін күресті жалғастырады», деді С.Дәулеталин.    

Айта кету керек, дәстүрлі түрде ХКК мүше елдердің кәсіподақ көш­бас­шылары «ең нашар жұмыс берушілер» дәстүрлі рейтингін қалыптастырды. Бұл жолы оның құрамына ірі транс­ұлттық компаниялардың басшылары кірді. Ең нашар бастықтар: P&O Ferries бас директоры Питер Хебблтуэйт, Amazon бас директоры Джефф Безос, Qantas бас директоры Алан Джойс, Emirates Airline және Group бас директоры Ахмед бин Саид Аль Мактум, Starbucks бас директоры Ховард Шульц, Hancock Prospecting бас директоры Джина Райнхарт.

Еске салайық, 17-22 қараша ара­лығында Мельбурн қаласында Халық­аралық кәсіподақтар конфедера­циясының V конгресі өтті. 300 ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері және дүние жүзінде 200 млн-ға жуық жұмысшыны біріктіретін мыңнан астам кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері жаһандық күн тәртібін талқылау және Жаңа әлеуметтік келісімшарт туралы Декларацияны қабылдау үшін жиналды. Съездің бірінші күнінде ХКК Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.