Саясат • 24 Қараша, 2022

Үкімет басшысы Канаданың ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілімен кездесті

222 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Канада Премьер-Министрінің ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілі, Канаданың Франциядағы Елшісі Стефан Дион Қазақстан-Канада ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет басшысы Канаданың ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілімен кездесті

Қос тарап екіжақты сауданы дамыту, инвестициялық өзара іс-қимыл және энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің қызметін егжей-тегжейлі талқылады.

Премьер-Министр екі ел арасында кешенді сауда-экономикалық әріптестік қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы өзара сауда көлемі 34%-дан астам өсіп, шамамен $500 млн-ды құрады, ал биылғы 9 айда бұл көрсеткіш $730 млн-ға жетті. Сондай-ақ Қазақстан экономикасына тікелей канадалық инвестициялар көлемі де арта түсті, бұл көрсеткіш өткен жылы $385 млн-нан асты.

«Біз инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және өзара сауда көлемін ұлғайту бағытында әлеуеттің зор екенін көріп отырмыз. Қазақстан экономиканың түрлі секторларындағы өз өнімдерінің 45 түрін жеткізу көлемін $255 млн-ға ұлғайтуға дайын», деп атап өтті Әлихан Смайылов кездесу барысында.

Үкімет басшысының айтуынша, жүк транзиті және жаңартылатын энергия көздерін дамыту салаларында өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытудың мүмкіндіктері зор. 

Стефан Дион қазақстандық тарапты Президент сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, республикада жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді.

Стефан Дион, нақтырақ айтқанда, энергетика секторындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларына, оның ішінде ЖЭК және декарбонизациялауды дамыту жөніндегі іскерлік байланыстардың келешектегі жай-күйіне тоқталды.

«Бұл – Қазақстан үшін де, әлемдік қоғамдастық үшін де өте маңызды қадам. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Атап айтқанда, «таза» сутегіне және басқа да тұрақты отынға көшу қызығушылық тудырып отыр», деді Стефан Дион.