Саясат • 24 Қараша, 2022

Әкімдер «AMANAT» партиясындағы қызметтерінен босатылды

278 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«AMANAT» партиясының өңірлік және аумақтық филиалдарында партиялық конференциялар өтті. Күн тәртібінде өңірлік филиалдардың 2022 жылғы 10 айдағы жұмысын қорытындылау, сондай-ақ әкімдерді филиал төрағасы қызметінен босату мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әкімдер «AMANAT» партиясындағы қызметтерінен босатылды

Биылғы жылдың наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу қажет екенін айтқан еді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қараша айының басында заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізілді.

Бұдан былай барлық деңгейдегі әкімдер «AMANAT» партиясының облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының төрағасы лауазымын атқармайды. Сондай-ақ әкімдер партияның тиісті филиалдарындағы Саяси кеңес Бюросы мен Саяси кеңестерінің құрамына кірмейді.

«Бұл шара ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалар бағытын іске асырудың қисынды жалғасы саналады. Бұл қадам партиялық бәсекелестікке серпін беретініне сенімдіміз.  Әсіресе, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарда өтетін алдағы сайлау аясында бұл шешім өте өзекті», деп түсіндірді партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов.