Өңіраралық ықпалдастық – еуразиялық интеграцияның алға жылжытушы бір тетігі. Себебі, шекаралық облыстардың өзара әріптестік орнатуы, соның аясында кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттілігінің артуы – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер экономикаларының дамуына мүмкіндік.
Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингке қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтқандары, міне, осыған сайды.
Брифингте сөз алған Нұрлан Асқарұлы: «Кеше үш мемлекеттің президенттері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Бұл – біздің еліміз үшін, қалған екі мемлекет үшін де өзінің оң ықпалын тигізетін тарихи оқиға. Аталған бастама осыдан 20 жыл бұрын көтерілгенін тағы да айта кету керек. Сол жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Елбасы еуразиялық интеграция идеясын көтерген болатын. Бұл Президенттің осыдан 20 жыл бұрын-ақ осы бастаманың өңір үшін маңыздылығын алдын ала болжағандығын байқатады. Кеше біз соның нәтижесіне көз жеткіздік», деді.
Н.Ноғаев өз сөзінде Қазақстан мен Ресей президенттерінің екіжақты кездесуінде В.Путин біздің Елбасына қарата: «Бұл Сіздің өзіңіз жүргізіп отырған саясатыңыздағы жеткен жетістіктеріңіздің бірегейі», деп баға бергеніне тоқтала келе, еуразиялық интеграция аясында атқарылған жұмыстар жайында өзінің ойын жеткізді. «Президенттің тапсырмасымен көп шара қабылданды. Мәселен, 1994 жылы негізі қаланған бастама кезең-кезеңмен жүзеге асырылып, біздің кәсіпкерлердің бәсекелестікке төтеп беруі үшін тиімді жағдайлар жасап, қажетті орта қалыптасты. Соның арқасында біздің бизнесмендердің, іскер азаматтардың бәсекеге қабілеттілігі артып, ал кәсіпорындар өздерінің тауарларын сыртқа шығаратындай мүмкіндік алса, бұл үрдіс бүгін де өзінің жалғасын тауып келеді», деді ол бұл орайдағы сөзінде.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет бизнесті қолдау бағытында бірқатар бағдарламаларды қолға алғанына тоқталды. Ол бұл ретте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, инфрақұрылымды дамыту, жұмыссыздықты азайту жөніндегі басқа да мемлекеттік бағдарламалар әкімшілік кедергілерді алып тастай отырып, жалпы бизнестің дамуына әсерін тигізуді көздейтінін, алдағы уақытта мұндай үдеріс жалғасын таба беретінін атап өтті. «Бұл Еуразиялық экономикалық одақ аясында пайда болатын кез келген кедергілерге қарсы тұруға, сол арқылы бәсекелестікке төтеп беруге септігін тигізеді деп ойлаймын», деді ол.
Әрине, Батыс Қазақстан облысы – еліміздің батыс қақпасы. Ол Ресейдің бес облысымен – Астрахань, Саратов, Волгоград, Самара, Орынбор облыстарымен шектеседі. Бұл облыс ішкі жалпы өнім көлемінің көрсеткіші бойынша, Атырау және Маңғыстау облыстарынан кейінгі 3-ші орын алады екен. Ал жалпы аймақтық өнім 2013 жылдың қорытындысы бойынша, 1 трлн. 800 млрд. теңгені құраса, бұл – жалпы жан басына шаққанда әр адамға 3 млн. теңгеден келеді деген сөз. Сондай-ақ, облыста үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында 26 жоба іске асырыла бастаған. Олардың жалпы құны – 287 млрд. теңге. Облыста 526 ірі өндіріс кәсіпорны және ауыл шаруашылығы бойынша 246 мекеме, көптеген шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. «Осының барлығы Елбасының мемлекетімізді, оның ішінде Батыс Қазақстан облысы экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Демек, біз қолға алатын бастама-жобалар өңіріміздің әлеуметтік әлеуетін, тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталатын болады», деді бұл турасында облыс басшысы.
Брифинг барысында Н.Ноғаев, сондай-ақ, жақында Батыс Қазақстан облысының ресми делегация өкілдері көршілес бес облысқа сапармен барып қайтқанын, сапар барысында экономикалық, әлеуметтік, білім-ғылым, спорт, гуманитарлық, жалпы қоғамдағы барлық салалар бойынша өзара ықпалдастықты арттыру, жандандыру мәселелері талқыланғанын, бұл бойынша екіжақты келісімдерге қол қойылғанын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».