«Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» жобасы екі ел арасындағы индустриялық-инновациялық ынтымақтастық жобаларының тізіміне енгізілген. Оның үстіне «Жібек жолы» экономикалық белдеуінің құрылысын жүзеге асырудағы маңызы елеулі. Инвестордың жеке қаражаты есебінен 65,5 млн теңгеге жол және инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу жоспарланған. Инвестицияның күтілетін жалпы көлемі – 330 млрд теңге.
Осы ретте «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында қолға алынған «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» технопаркі құрылысының жобасын бастаған инвесторлармен облыс әкімі Бейбіт Исабаев онлайн-режімде кездесу өткізді. Іскерлік жиын барысында тараптар індет кезінде тоқтап қалған жобаның іске асырылу жұмыстарын қайта жандандыру мәселесін талқылады. Сонымен қатар жыл соңына дейін жобаға қатысты іс-шаралар мен олардың нақты мерзімі көрсетілген екіжақты меморандумға қол қоюға келісті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы өңірді дамытудың стратегиялық маңызды нүктесі. Бұл – Қытаймен, Еуразиялық одақ елдерімен, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерімен арадағы тауар легі тоғысында орналасқан ірі көлік-логистикалық хаб. Қазіргі қалыптасып отырған геосаяси жағдайлар мен логистикалық шектеулерді ескерсек, аталған хабқа сұраныс күннен-күнге артып келеді.
Бүгінде арнайы экономикалық аймақтың бірыңғай реестрінде жалпы құны 5 жүз млрд теңге болатын жобасы бар 34 қатысушы тіркелген. Соның ішінде 48,4 млрд теңгені құрайтын 11-і іске асқан.
«Біз екі жылға созылған коронавирус індеті кезіндегі шектеулердің жобаны іске асыруға кері әсерін тигізгенін жақсы түсінеміз. Қазір әлемде эпидемиялық жағдай тұрақты. Әзірге индустриалды парк салу жобасына қатысты негізгі жұмыстар небәрі 10 пайыз шамасында ғана орындалды. Бұдан бөлек, жеке қаражат есебінен жол және инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу жоспарланған. Жұмыстың межеленген ауқымын және жобаны іске асыру мерзімі 2025 жылдың қазанына дейін деп белгіленгенін ескерсек, бүгінге дейін өткізіп алған уақытымыздың орнын толтыру өте маңызды. Біздің алдын ала жасалған келісімдерімізге сәйкес жобаны қайта жандандыруға қатысты іс-шаралар мен олардың нақты мерзімі көрсетілген екіжақты меморандумға осы жылдың соңына дейін қол қоюды ұсынамын, деді Б.Исабаев.
Өз кезегінде «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласының» төрағасы И.Фацзюнь облыс басшысына кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, жобаға қатысты жұмыстардың жалғасып жатқанына сендірді. Атап айтқанда, технопарктің бас жоспары мен ішкі жобалары дайын. Соған сай Қытай компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізілді.
«Ең алдымен жобаға жан-жақты назар аударғандарыңызға алғыс айтамыз. Осыдан екі ай бұрын «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА өкілдерімен осы жобаның бағыттарын бірлесіп талқыладық. Жобаны жандандыру үшін келесі айда сіздерге барып, ынтымақтастық туралы меморандум жасасуға дайынбыз. Біз өз тарапымыздан жұмыс барысында туындаған әкімшілік мәселелерді дер кезінде шешіп отыру үшін меморандумға сіздерден логистикалық орталықтың филиалын құру туралы тармақ қосуды ұсынамыз», деді ол.
Аталған ұсынысқа облыс әкімі оң баға берді. Филиал құрып, екі тараптан да жұмыс тобын жасақтауды ұсынды. Бұл топ жоба шеңберінде күнделікті өзара байланысып отырмақ. Мұндай жұмыс жобаның іске асырылу қарқынына оң ықпал етері анық. Сол сияқты облыс әкімі Қытай делегациясының жұмыс сапарына дейін тағы бір мәрте онлайн форматта жиын өткізу қажеттігін айтты.
«Жобаны іске асыруды жылдамдату туралы ойымыз бір жерден шыққаны қуантады. Біздің облысқа жұмыс сапары барысында екіжақты меморандумға қол қоямыз. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында өндіріс саласы бойынша және біздің облыс пен Сямэнь қаласының арасындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық форумды ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінгі онлайн кездесуіміз мазмұнды болды. Ынтымақтастығымыз нәтижелі болады деп сенемін», деді Б.Исабаев.
Жетісу облысы