– Еліміз жаңа кезеңнің, жаңа меженің алдында тұр. Күні кеше өз таңдауын жасап, Мемлекет басшысына сенім артқан халық «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының іске асатынынан үмітті. Ал халықты біріктірген осы асқақ идеяны жүзеге асырудағы отандық соттың рөлі қандай?
– Әділетті Қазақстан – қазіргідей сындарлы кезеңде елді бір мақсатқа біріктірген әлеуеті күшті, болашағы үлкен жоспар. Бұл тұжырымдаманың алғышарты – әділ сот жүйесі. Әділетті мемлекет құру біздің елдігіміздің, мемлекетіміздің іргетасы, негізі. Ал оның тиімді жүзеге асуы бәрімізге байланысты. Алып Американың Президенті болған Рональд Рейган «Ең ұлы көшбасшы міндетті түрде ең үлкен істерді жасайтын адам емес. Ол адамдарды ең үлкен істер жасауға мәжбүр ететін адам» деген екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа идеялар ұсынумен қатар әр саланың жандануына, әр азаматтың қабілет-қарымын көрсетуіне барынша қолдау көрсетіп келеді. Отандық соттың бүгінгі жетістігі мен алдағы ілкімді істеріне «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында берілген бағыт-бағдардың серпін берері анық. Елімізде азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жыл санап жетілдіріліп жатыр. Дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот төрелігін қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Сот жүйесіндегі реформалар елімізде ашық әрі әділетті қоғам құруға жол ашып отыр. Сол арқылы азаматтардың құқығын қорғаудың конституциялық тетіктері күшейе түсті. Алдағы уақытта сот корпусын білікті кадрлармен жасақтау, сот жұмысының сапасын көтеру, судья тәуелсіздігін нығайту, заңдарды жетілдіру бағытында жасалып жатқан реформалар өз жемісін берері анық.
– Жұмысының мәні мен міндеті тура төрелікке негізделген сот саласы реформадан кенде болып жатқан жоқ. Осы жаңашылдықтардың нәтижесі қандай? Халық оң өзгерісті сезініп отыр ма?
– Сот төрелігін жүзеге асырудағы басты мақсат «Адам құқықтарының сақталуы мен заң үстемдігін қамтамасыз ету». Жалпы, тарихымызға үңілетін болсақ та, халық үшін «төрелік», «әділдік» деген ұғымдар әрқашанда мағынасы терең, маңызы зор ұғым болған. Себебі кең ойлап, кесек пайым жасаған кемеңгер қазақ осы ұғымдардың артында адам тағдыры, ел тағдыры тұрғанын жете түсінген. Сондықтан да біз үшін «Билер институтының» орны әрқашанда биік, беделді. Дана билеріміздің әділ төрелік арқасында ел тыныштығы мен жер тұтастығын сақтағанына тарих куә.
Өткеннен сабақ алмай, жарқын болашаққа жол бастау қиын. Сондықтан да болар Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев «қара қылды қақ жарған» билер жолын жалғастыруымыз керек деп, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған саясатында сот жүйесіне үлкен жауапкершілік артып отыр. Саланы жаңғырту, жаңарту бағытында бұған дейін де ауқымды жұмыстар атқарылған, алдағы уақытта да бұл үрдіс тоқтамайды. Өйткені «Тосылған судың тұнығы болмайтыны» сияқты бір шеңберден шықпаған, ілгері қадам жасамаған салада да тоқырау орын алатыны түсінікті. Осыған орай, сот қызметін оңтайландыру, ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру, саланы халыққа жақындату бағытында қолданысқа енгізілген заң, тәжірибеге қосылған жобалардың тиімділігін халық көріп, біліп отыр.
«Жалғыздың үні шықпас» деген дана бабаларымыз. Соттағы жобалардың өмірлік болуы, өзін өзі ақтауы тек бізге ғана байланысты емес. Биылғы Жолдауда да саланың жұмысын жандандыруға серпін беретін іргелі тапсырмалар айтылды. Десек те, қазіргі таңда орын алып отырған өте күрделі «әлемдік геополитикалық» ахуал кезінде, Президент саясатының нәтижелі болуы еліне жанашыр әрбір азаматтың, әрбір судьяның, әрбір сот қызметкерінің нақты жұмысы мен жауапкершілігіне тәуелді екенін айтпай кетуге болмайды. Әрбір адам талап қою мен жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Сондықтан да жұмысымда «Әрбір тұлғаға әділдікті қамтамасыз етпей, бүкіл қоғамның бейбітшілік пен бірлікте тату өмір сүруіне қол жеткізу мүмкін емес» деген ұстанымды басшылыққа алып келемін.
Сотқа жүгінген әрбір тұлға әділдік іздеп келетіні сөзсіз. Егер әділдіктің бар екеніне, төреліктің тура екеніне тараптардың көзін жеткізе алсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Еліміздің кез келген азаматы әділдіктің орнайтынына сенімді болған кезде ғана сапалы төрелікке қол жеткіздік деп айта аламыз.
– «Ауыр істің салмағы білекке түседі, ауыр сөздің салмағы жүрекке түседі» дейді қазақ. Әр істі таразылаған сайын білегіне де, жүрегіне де салмақ түсетін судьялар қызметінің ауырлығын төрағадан артық ешкім білмес. Бүгінгі судьялар бетпе-бет келетін қандай түйткілдер бар?
– Кез келген істің артында адам тағдыры тұрғандықтан, істі қарау барысында туындайтын мәселе өте көп. Осы ретте, әкімшілік істерді қарайтын судьялардың жұмысын айтпай кетуге болмайды. Өйткені тәжірибеге енді қосылған әкімшілік соттарда істі таразылаудың тәртібі бөлек. Көпшілікке түсінікті болу үшін, бұл қиындықтарды салыстыра отырып айтып өткен жөн. Мәселен, азаматтық істерді қарайтын судья тараптардың берген дәлелдемелерін зерттеумен ғана шектеледі. Әрі тек осы ұсынылған дәлелдемелердің шеңберінде шешім шығарады. Өйткені соттың өз бетінше дәлелдеме жинақтауға құқығы жоқ. Егер тарап қандай да бір дәлелдемені бірінші саты сотына ұсынбаса немесе сол дәлелдемені алдыртуға сотқа өтініш білдірмесе, ол дәлелдемені жоғары тұрған сот сатылары да қабылдамайды. Соттар тараптың бұл әрекетін процессуалдық мүмкіндігін жіберіп алды деп бағалап, істе бар дәлелдемелердің шеңберінде ғана саралап, шешім шығарады.
Сол сияқты қылмыстық істерде де судьялар айыптау тарабы мен қорғау тарабының ұсынған дәлелдемелерін зерделеумен ғана шектеледі. Бұл жерде де судья өз бетінше дәлелдеме жинақтамайды. Сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық істерде де судья қолдағы бар дәлелдемелер бойынша соңғы сөзін айтады. Ал әкімшілік істердегі жағдай мүлде басқаша. Мұнда «судьялардың белсенді рөлі» қағидасы басшылыққа алынады. Әкімшілік істі қарайтын судья сотқа арыз түскеннен бастап белсенді рөл атқарады, яғни арыздың дұрыс жазылуы, арыздағы талаптың дұрыс қойылуы, азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қажетті дәлелдемелер шеңберін айқындау, жинақтау – осының барлығы әкімшілік іс қарайтын судьяның алдында тұрған мәселе.
Түркістан өңіріндегі сотқа жүгінген азаматтардың барлығы құқықтық сауатты, заңнан хабары бар адамдар деп айта алмаймыз. Оларға көп жағдайда істі қарап жатқан судья заңгер ретінде де көмектесуге мәжбүр болады. Онымен қоса, әкімшілік істі қарайтын судья өзінің шығарған сот актісінің толық орындалуын аяғына дейін қадағалауы керек. Толық орындалғаннан кейін ғана іс кеңсеге өткізіледі, ал оған дейін сот актісінің орындалуы судьяның жауапкершілігінде болады. Яғни салыстырмалы түрде айтқанда басқа санаттағы істер бойынша судьялар сот актісін орындауға жолдайды да, істі кеңсеге өткізеді, әрі қарай сот актісінің орындалуын қадағалау соттың кеңсе меңгерушісіне жүктеледі. Осыдан байқап тұрғанымыздай, әкімшілік сот судьяларының жауаптылығы мен жұмысы басқалардан көп. Бірақ нәтижесінде, әкімшілік істі қараған судьяның «мен азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтірдім» деп нық сеніммен айтуына болады. Себебі азаматтың бұзылған құқығы істі қараған судьяның белсенділігі мен біліктілігінің арқасында қалпына келеді.
– Әкімшілік әділет институтының тәжірибеге енгеніне бір жылдан асты. Жаңа сот пен судьялар жұмысы халық көңілінен шығып жатыр ма?
– Әкімшілік істерді қарау – күрделі процесс, онымен қоса сот ісін жүргізудің осы моделі 2021 жылы ғана енгізілді. Яғни сот тәжірибесі әлі толыққанды орныққан жоқ, сондықтан біршама қиындықтар әлі де бар. Дегенмен де, сот ісін жүргізудің осы моделі облыс халқы үшін оң нәтижесін беруде, әкімшілік сот толық жұмыс жасап, істер қаралып, шешімдер шығарылып, құқықтар қалпына келтіріліп жатыр.
Жалпы, істерді қарау барысында туындаған мәселелер заң шеңберінде шешіледі. Кей кездерде істі қарап жатқан судьяның заңды жетік білмеуінен немесе дұрыс қолдана алмауынан қателіктер орын алатыны жасырын емес. Мұндай қателер жоғары тұрған сот сатысында түзеледі, дегенмен де әрбір судьяның қатесі халықтың сенімінің төмендеуіне алып келеді. Сондықтан да заңсыз сот актілерінің алдын алу бағытында шаралар қабылдап жатырмыз. Ол үшін апта сайын Түркістан облысындағы барлық судьяның қатысуымен жедел жиналыстар өткізіліп, кемшіліктер талқыланып, шешу жолдары айқындалады. Бұған қоса, ай сайын аймақтық семинарлар өткізіліп келеді. Облыстық соттың судьялары орналасу аймақтарына байланысты топтастырылып жинақталған аудандық соттардың судьяларын біріктіріп, сот төрелігін жүзеге асыру барысында жіберілген қателерімен жұмыс істеп, әрекет етуші заңдарға енгізілген жаңалықтарды талқылап, сот тәжірибесінің біркелкілігін қалыптастыруға бағытталған оқытуларды жүзеге асырады.
Сонымен қатар жұмыс көрсеткіштері төмен, заңды қолдануда қателерге жиі жол беретін жекелеген судьялар сенбі сайын облыстық сотқа шақыртылып, олармен қосымша оқыту жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде сот тәжірибесін қалыптастыруда оңтайлы жетістіктерге қол жеткіздік деп ойлаймын. Мысалы, 2021 жылдың 9 айында аудандық соттардың 74 шешімінің күші жойылып, 96 шешімі өзгертілген болса, биылғы 9 айда 44 шешімнің күші жойылып, 46 шешім өзгертілген. Яғни аудандық және оған теңестірілген соттардың азаматтық істер бойынша жұмыс сапасы 50%-ға жуық жақсарған. Қылмыстық істерге келсек, былтырғы жылдың 9 айында аудандық соттардың 32 үкімінің күші жойылса, биылғы есеп беру кезеңінде 16 үкімнің күші жойылған, сәйкесінше бұзылған үкімдер саны 50%-ға жақсарған.
– Халықпен жиі кездесіп, қабылдаулар өткізетініңізді байқап жүрміз. Көпшіліктің сотқа деген пікірі қандай?
– «Көп қайда болса, шындық сонда» дейді қазақ. Көпшілікке қызмет етіп жүрген соң, олардың пікірін, лебізін тыңдау аса маңызды. Апта сайын азаматтарды қабылдау себебім де сондықтан. Қабылдау барысында заң талаптарын түсіндіріп, қабылдауға келген азаматты толық тыңдап, соттарға деген наразылық көзқарасын басуға тырысамын. Онымен қоса, өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда Президент Жарлығының негізінде облыс әкімдері аудандарға шығып, жергілікті халықпен кездесулер өткізуде. Облыс әкімінің аймақтардағы халықпен кездесулеріне тиісінше аудандық соттардың төрағалары менің тарабымнан қатысуға міндеттелген. Сол жерде төрағаларға жергілікті халықтың соттарға қатысты туындаған сұрақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жергілікті халықтың соттарға деген оңтайлы көзқарасын қалыптастыруға тырысу міндеті жүктелген.
Осы жұмыстардың арқасында жергілікті халықтың судьялардың әрекетіне берген шағымдарының азаюына қол жеткіздік деп ойлаймын, нақты 2022-жылдың есеп беру кезеңінде 76 шағым түссе, былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 110 шағым болған, яғни шағымдар саны 46-ға немесе 51%-ға азайған. Сонымен бірге ағымдағы кезеңде сот актілеріне шағым келтіру азайғанын айтып кету керек. Нақты апелляциялық тәртіппен 2022 жылдың 9 айында алқаға 1036 іс түскен, қалдық іспен қосқанда барлығы 1220, оның 998-і аяқталған, бұл барлық аяқталған істердің 81,8% құрайды (2021 жылы 1998 түсіп, оның 1862 аяқталған, – 962 іс аз түскен). Оның ішінде апелляциялық шағыммен 643 іс түскен, бұл бірінші сатыдағы соттармен қабылданған барлық шешімдердің 8,9% құрайды, (2021 жылы 972 іс түскен немесе қабылданған шешімдердің 11,0% құрайды, – 329 шағым аз түскен). Яғни ағымдағы кезеңде сот актілеріне шағым келтіру 2,1% төмендеген. Бұл көрсеткіштерден сотқа жүгініп жатқан тұлғалардың саны азайғанын көреміз. Біздің пікіріміз бойынша, істің мән-жайларын толыққанды анықтап, сот актілерін тараптарға дұрыс түсіндіру осындай көрсеткіштерге әкеліп отыр.
– Тұрысбек Ерболғанұлы, облыс бойынша бітімгершілік институтын қолдану қандай деңгейде?
– Сотқа жүгінген екі тарапты да қанағаттандыратын, екі тарап та мойындайтын шешім қабылдағанда ғана, әділеттілікті орнатудың биік шыңына жетуге болады. Ал екі тарапты да қанағаттандыратын шешім қабылдау дегеніміз, ол – екі тарапты татуластыру. Қазіргі таңда, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов та соттардан татуластыру институттарын кеңінен қолдануды талап етіп отыр. Осыған байланысты «Халықаралық Медиация орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша өкілдігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Меморандум аясында кәсіби медиаторлардың жұмыспен қамту орталығының тіркеуіндегі жұмыссыздарға, зейнеткер, мүгедек, көпбалалы отбасыларға және заңға сәйкес жеңілдіктерге ие өзге де адамдарға медиация рәсімін тегін жүргізуге қол жеткіздік.
Биылғы 9 айда бітімгершілік институттарын қолданып 1 777 азаматтық іс қаралса, 2021 жылдың сәйкес мерзімінде 1 165 іс болған, яғни биыл бітімгершілікті қолданған істер саны 612-ге көбейген. Осы кезеңде 116 әкімшілік іс бойынша медиация қолданылса, 2021 жылғы мұндай істер саны – 9. Яғни бітімгершілік институттарын қолдануда да оңтайлы нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасын табады.
Еліміздің кез келген азаматы әділдіктің орнайтынына сенімді болған кезде ғана, сапалы төрелікке қол жеткіздік деп айта аламыз. Сенімділік қайдан пайда болады? Сенімділік – қолжетімді әділеттіліктен, судьяның беделі мен абыройынан, түсінікті және негізді сот актісінен туындайды. Сондықтан да күнделікті жұмысымды, маған сеніп тапсырылған сотта сапалы сот төрелігін қамтамасыз етуге, жергілікті халықтың сенімін ақтауға, маған жүктелген жауапкершілікті тиісінше деңгейде орындауға арнаймын.
Әңгімелескен
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы