«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, баланың ата-анасы аурудың алғашқы белгілерін нәрестенің қатты мазасыздығы мен сылбырлығынан, әлсіздігінен кейін байқаған. Сонымен қатар нәрестенің басының үлкейіп, еңбегінің ісінгені байқалады. Осыдан кейін баланың анасы невропатологке барады. Әрі қарай дәрігер мидың нейросонографиясына және КТ-ға жіберіп, онда гидроцефалия белгілері, орташа клиникалық декомпенсация сатысында мидың оң жақ қарыншасының көлемді ісігі анықталады.
Сәбиге алғашқы «Вентрикулоперитонеальды шунттау» операциясы Алматыдағы №2 қалалық балалар ауруханасында жасалды. Дәрігерлер консилиумында екінші операцияны Ұлттық нейрохирургия орталығында жасау жоспарланған болатын.
Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Ғабит Өлеңбай операцияның күрделілігі, осы жастағы бала үшін ісіктің жеткілікті дәрежеде үлкен (4*3 см) және функционалды маңызды аймақта болғандығында екенін жеткізді. Сонымен қатар операция кезінде қан жоғалту қаупі жоғары, соңы ауыр асқынуларға, тіпті өлімге дейін апаруы мүмкін болды. Ісік туа біткен және нәресте құрсақта жатқанда пайда болған. Бұл – сирек кездесетін құбылыс.
«Біз микрохирургиялық араласу жүргіздік, оң жақ қарыншаның артқы мүйізінің қарыншаішілік ісігін алып тастадық. Бұл жерде барлық заманауи әдіс қолданылды. Сондай-ақ қызметкерлердің жоғары біліктілігі мен біздің Орталықтың операция блогінің заманауи жабдықталуы операцияның сәтті аяқталуында маңызды рөл атқарды. Нейрохирургиялық навигациялық жүйенің бақылауымен ісікке аса дәлдікпен шығып, оны толығымен алып тастадық», деді нейрохирург дәрігер Ғабит Ілиясұлы.
Анестезиолог дәрігерлердің де жоғары кәсіби деңгейін атап өткен жөн. Мұндай кішкентай жаста операция әрдайым анестезия берудің үлкен қиындықтарымен қатар жүреді. Қан айналымы мен тыныс алуды мұқият бақылау, анестезияны өте мұқият есептеу – баланың өмірі үшін үлкен жауапкершілік. Осының бәрі Нейрохирургия орталығының көпсалалы командасының мойнына түсті.
Операцияны жоғары санатты білікті нейрохирург-дәрігер, Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, «ҰҒО» АҚ профессоры Ғабит Өлеңбай мен нейрохирург-дәрігер Сапарбек Сейтбеков жасады. Сондай-ақ операция барысында анестезиолог-реаниматолог дәрігер Айгүл Жанделдинова, трансфузиолог дәрігер Ербол Қуанышев және операция мейіргері Мәдина Рахматуллақызы қатысты.