Ертіс-Баян өңірінде қараша айының екінші онкүндігінен шыңылтыр аяз тұрып, ауа райы қытымыр қысқа тән мінез көрсеткені балық аулауға құмар әлгі адамды тым әуестендіріп жүрген болуы керек. Усолка өзенінің үстіне қатқан жұқа мұзға шығып, ойық жасай бергенде суық суға күмп берген. Өкінішке қарай, алпысты алқымдап қалған арыстай азаматты құтқару мүмкін болмады. Құтқарушылар келіп үлгергенше суға тұншығып кетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әлгі азамат жағадан небәрі 5-6 метр ғана ұзаған екен.
– Құтқарушылар хабар түскен бетте жетіп, ер адамды судан алып шыққанда бәрі кеш болған. Естен танып, көп мөлшерде су жұтып қойғаны себепті жүрегі тоқтаған сыңайлы. Жедел жәрдем көлігі тез келгенімен құтқару мүмкін болмады, – делінген департамент хабарламасында.
Төтенше жағдай қызметкерлері балық аулау кезіндегі орын алуы ықтимал бақытсыз жағдайлардың басты себебі – мұзда қауіпсіздік талаптарын сақтамау, жұқа мұздың үстімен көлікпен және жаяу өту дейді. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермеу қайғылы оқиғаға әкеп соқтырады.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан Қазбек Рымбековтің айтуынша, биылғы жыл басынан өңірде мұз үстінде балық аулап жүріп 3 адам суға батып кеткен.
«Қыс мезгілі қарсаңында бетіне мұз қатқан су қоймасының бетіне шығу өте қауіпті. Алайда көптеген адамдар сақтық шараларын елемейді. Судың беті қатты қатпаса да көптеген адамдар балық аулауға шығып жатады. Біз тұрақты рейдтер арқылы оқыс оқиғалардың алдын алуды ойлаймыз. Балықшылардың көпшілігі ауа райына қарамай, көзсіз тәуекелге бел буады. Ал балалар су бетін сырғанақ алаңына айналдырады. Жазатайым оқиғалар орын алмас үшін әуелі қатты аязды күткен абзал», дейді маман.
Балық аулау үшін тұщы суда қалыңдығы кемінде 10 сантиметр және тұзды суда 15 сантиметр мұз адам үшін қауіпсіз деп саналады екен. Өзен сағалары мен өзендерде мұздың беріктігі әлсіз болады. Мұз ағынды суларда, сондай-ақ су өсімдіктері өсетін аумақтарда, ағаштарға, бұталар мен қамыстарға жақын жерлерде берік болмайды. Егер ауа температурасы 0 градустан жоғары болса, онда мұздың беріктігі 25%-ға төмендейді. Мамандар мұздың беріктігін көзбен шолып анықтауға болады дейді. Көк түсті мұз берік, ақ түстінің беріктігі 2 есе аз, сұр, күңгірт-ақ немесе сарғыш реңді болса сенімсіз деген сөз.
Павлодар облысы