Аймақтар • 24 Қараша, 2022

«Қазфосфаттағы» дау: Жұмысшылар неге дүрлікті?

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбылдың ғана емес, еліміздегі химия өнеркәсібінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС-ның соңғы кездері басы даудан арылмай қойды. Біраз уақыт бұ­рын мыңдаған қызметкері бар кәсіпорынның Сарысу ауданын­дағы бөлімшесінде оқыс оқиға тіркелген еді. «Қаратау» кен өнді­ру комбинатындағы фосфор ұнтақ­тайтын құрылғы ішінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан шақта диірмен өздігінен іске қосы­лып, екі адам бақилық болды.

«Қазфосфаттағы» дау: Жұмысшылар неге дүрлікті?

Мәселе мұнымен біткен жоқ. Кейін­нен Тараздағы күкірт қышқылы цехы өнді­рі­сіндегі келеңсіз жағдайдан кейін көне ша­һар төбесін көк түтін басып қал­ды. Күмәнді тұманның қарқынынан қай­мыққан жұрт байбаламға салды. Әбігерге түскен ел дақпырт әңгімемен әлеуметтік желіні шулатты. Енді міне, еңбек дауы сипатындағы жаңа бір жан­жалдың оты тұтанды. Қысқасы, жеті мың­ға жетеғабыл адамды жұмыспен қам­тып отырған мекеме басшылары жақ­сы­лап ойланбаса, дауға қалғаны қалған.

Жүздеген қызметкер неге дүрлігіп көше­ге шықты? Осы мәселе кімді де болса ойландырмай қоймасы анық. Әлбетте, әуелгі себеп серіктестіктің цифрлық трансформация басқармасының басшысы Олег Куликовтің қызметкерлерге дөрекі сөйлегенімен сабақтастырылып отыр. Десе де бұл жерде бірінші кезекте еңбек дауы мәселесі көрініс береді. Иә, О.Куликов расында да артық қылам деп тыртық қылған секілді. Наразы топтың алдына келген ол экс-әріптестерінен кешірім сұрады. Экс деуіміздің де өзін­дік сыры бар. Қызметкерлерге дөре­кі сөйледі деген басқарма басшысы сол мезетте жұмысымен қош айтысты. Бұрынғы ұжымының алдында екі қолын өкпесіне қойып тұрып кешірім сұрады.

Жалпы, серіктестік қызметкерлері өткір мәселелерді бұған дейін де жиі ай­тып жүретін. Ашуға булыққан жұ­рт әлеуметтік теңсіздіктен әбден зәре­зап болған секілді. Осылайша, мәсе­ле ушықты, еңбек дауына айналып кетті. Әуелде әр жерден үн қатқан қыз­мет­керлер соңынан бірнеше пункттен тұратын талаптарын алға тартты.

Олар бірінші кезекте ішкі іс-қағаз­дардың мемлекеттік тілде жүргізіл­генін қалайды. Емделуге берілетін төлем­ақыны қалпына келтіру, кәсіби киіммен қамтамасыз ету, 15 шағын ауданнан және қала іргесіндегі елді мекендерден жұмысшыларды сапалы қоғамдық көлікпен жеткізу, қызметкерлердің санын арттыру, екінші агломашинаға қара­жат бөлу секілді 13 пункттен тұратын та­­лап­­тарды арнайы құрылған жұмысшы топ назарға алмақ. Тараз қаласының әкі­­­мі Бақытжан Орынбековтің өзі өткір мәсе­ленің байыппен шешілуін қада­ғалайды.

Рас, әуелде жұрт ұлтаралық сипат бе­ру­ге тырысқан жанжалдың негізі ең­­бек дауы, әлеуметтік теңсіздікпен кү­рес­­те жатқаны айқын аңғарылып тұр. Әлеуметтік желіде тарап кеткен қыз­мет­керлердің талаптары осыған анық көз жеткізуге мүмкіндік берді. Наразылыққа шыққандардың ішінде әйгілі серіктестік мемлекет меншігіне қайтарылсын деген талапты қойғандар да болды. Бұл енді қаншалықты қисынға келетінін жауапты органдар анықтай жатар.

Бір белгілісі, қызметкерлердің талабы жергілікті атқарушы биліктің назарынан тыс қалмақ емес. Мұны ресми жауаптан да анық байқап отырмыз.

«Биылғы жылдың 23 қарашасы күні сағат 11:40 шамасында «Қазфосфат» ЖФ қызметкерлері арасында түсінбеушілік туындады. «Қазфосфат» ЖШС-ына қарасты цифрлық трансформация бас­қармасының басшысы әріптестеріне дөрекі сөйлеген. Соның салдарынан түсінбеушілік орын алған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы қыз­меткерлермен кездесіп, түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізді. «Қазфосфат» ЖШС-ына қарасты цифрлық трансформация басқармасының басшысы әріптестерінен кешірім сұрады. Ол жұ­мыс­тан шығарылды. Жиналған қызмет­керлердің саны 200-ді құрады.

Осы оғиғаға қатысты зауыт ішінен ерікті 20 адамнан құралған жұмысшы топ құрылды. Топ құрамына әр цехтың басшысы және кәсіподақ өкілдері еніп, өзекті мәселелер бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда кәсіпорындағы ахуал тұрақтанды. Жағдай облыс әкімі­нің тікелей бақылауында», делінген ресми жауап мәтінінде.

Әлбетте, бір қызметкердің аңдамай сөйлеуінен басталған еңбек дауы қысқа мерзімде шешімін табуы керек. Олай болмаған жағдайда мәселе тағы да ушыға түсуі ықтимал. Бір белгілісі, 28 қараша күні жоғарыда көтерілген мәселелердің оңынан шешілуіне баса назар аударылатын жиын өтпек. Жұмысшы топтың жүргізген жұмысының сапасы сол кезде нақтыланбақ. Бұл мәселе біздің де назарымызда болады.

 

ТАРАЗ