Бизнес • 24 Қараша, 2022

Шағын бизнес несиеге мұқтаж

211 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің III тоқсанындағы кредиттеу бойынша екінші деңгейлі банк­тер арасында жүргізген сауалдамасына сәйкес шағын және орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс біршама өсті. Ал ірі бизнес тарапынан банк кредитіне деген сұраныс айтарлықтай жоғары емес. Шағын бизнес тарапынан несиеге сұраныстың артуы, негізінен, ірі банктерде байқалған.

Шағын бизнес несиеге мұқтаж

«Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 417 мыңға дейін, тоқсаннан тоқсанға (т/т) 35 пайызға өсті. Ал өтінімнің орташа мөлшері 25,9 млн теңгеге дейін, т/т 11 пайызға ұлғайды. Ірі банктер есеп­тік тоқсандағы кредиттік өтінімдер ағынын және олардың орташа мөлшерінің ұлғаюын «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы бо­йын­ша қаражат бөлінуімен түсіндіреді. Оған қоса, өтінімдер санының өсуі қолданыстағы скорингтік несие өнім­дерінің дамуымен немесе іске қо­сылуымен де байланысты», деді Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев.

Орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныс оң қалыптасқан. Мәселен, кредиттік өтінімдер саны 4,4 мыңға дейін, 12 пайызға көбейді. Ал өтінімнің орташа мөлшері 251 млн теңгеге дейін, 5 пайызға төмендеген. Орта кәсіпкерлік тарапынан өтінімдер санының өсуі, шағын бизнестегідей, скорингтік модельдер негізіндегі кепілсіз кредиттік өнімдерге тиесілі.

Банктердің көпшілігінде ірі бизнес тарапынан сұраныс өзгерген жоқ, бірақ маусымдық ауытқуларға байланысты кредиттік өтінімдер санының төмендеуі байқалады.

Соның салдарынан кредиттік өтінім­дердің жалпы саны 156-ға дейін, т/т 23 пайызға төмендеп, өтінімнің орташа мөлшері 5,8 млрд теңгеге дейін, 23 пайызға азайған. Шағын және ірі бизнестің кредит алуға берілген өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті, көбіне, ірі банктерде тиісінше 40 пайызға және 58 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар орта бизнестің кредит алуға берген өтінімдері бойынша мақұлдау үлесі 48 пайызды құрап, біршама төмендеген.

Сарапшының айтуынша, кей банкте сыйақы мөлшерлемелерінің аздап өсуіне, мар­жаның ұлғаюына және кейбір кредиттік өнімдер бо­йынша ең жоғары мерзімнің қысқаруына байланысты кредиттеу талаптары күшейген.

«Есепті тоқсанда сыйақы мөлшерлемелері, негізінен, ірі бизнес сегментінде өсті. Ірі банктердің пікірі бойынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс теріс болады. Себебі банктер несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл ретте, жекелеген банктер нарықтағы ірі қарыз алушылар санының өсу мүмкіндігі аясында ірі бизнес тарапынан сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді», дейді ол.

Үшінші тоқсанда жеке несиеге сұраныс ипотека және тұтынушылық қарыз сегментін­де жақсы өскен. Ал автонесиеге деген қызығу­шылық әжептәуір азайған.

«Банктердің пайымдауы бойынша, есепті тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың артуы объектілерді пайдалануға берумен байланысты болды. Алайда ол бойынша түскен өтінімдер саны 258 мыңнан 183 мыңға дейін қысқарды, бұл жеке банктегі сұраныстың II тоқсанда күрт өскеннен кейін алдыңғы мәндерге кері келуіне байланысты. Бұл төмендеу жалпы сұраныс көрсеткішінің өсуіне әсер бермегенін айтып өткен жөн. Сонымен қатар ипотекалық кредиттеу талаптарында айтарлықтай өзгерістер байқалмады және ол бойынша мақұлдау үлесі өткен тоқсандар деңгейінде сақталды (38 пайыз)», деп атап өтті О.Кубенбаев.

Бірқатар банк халықтың ұзақ мерзімді тауарларға жұмсайтын шығынының көбеюі тұтынушылық қарызға деген сұранысты арт­тыр­ған деп санайды. Кей банктер болса меркетингтік акция мен түрлі науқан тұтыну­шылық қарыз сегментіне әсер етіп жатыр деп есептейді. Жалпы, үшінші тоқсанда кепіл­ді және кепілсіз тұтыну қарыздары бо­йын­ша келіп түскен өтінімдер саны тиісінше т/т 15,3 пайызға және т/т 10,3 пайызға өсім көрсет­кен. Өз кезегінде, тұтынушылық несие беру талаптарында кепілмен қамтамасыз етілген кредиттер бойынша кепілді мүлікке қойы­ла­тын талаптар жеңілдетілді. Ал кепіл­сіз қа­рыз­дар сегментінде клиенттердің төлем қа­­бі­лет­тілігіне қойылатын талаптар күшей­тіліп, кредиттердің лимиті мен өтеу мерзімі ұлғайтылды.

Сарапшының сөзіне қарағанда, автоне­сие­ге деген сұраныстың төмендеуіне авто­мо­бильдерді салонға жеткізу деңгейінің төмен­деуі әсер етті. Тағы бір фактор – кейбір ірі банк­­тер автокредит бойынша сыйақы ставкасын да көтеріп жіберді. Осылайша, есепті тоқсанда автокредит сегментінде келіп түскен өтінімдер бойынша бас тарту үлесі алдыңғы тоқсан көрсеткішіндей 88 пайыз деңгейінде сақталды.

Төртінші тоқсанда банктер кепілді тұтыну қарыздарына да сұраныс артып, ипотекалық несие беру талаптары күшейтіледі деп күтеді.

2022 жылғы III тоқсанда кредит беру бойын­­ша банктерде жүргізілген сауалдамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Сауал­даманы Ұлттық банк кредиттік ресурстардың сұра­нысы мен ұсынысындағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді.