Экономика • 25 Қараша, 2022

Тұндыру кешенінің қуаты артты

382 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақсу ферроқорытпа зауыты тұндыру кешенінің қуатын 70 пайызға арттырды. Бұрын тек жылы мезгілде жұмыс істеп келген бөлімшенің өндірістік корпусы жылытылды. Енді ол жыл бойы жұмыс істейтін болды. Нәтижесінде, 60 жаңа жұмыс орны ашылған. Жобаға 2,5 млрд теңгеден астам қаражат құйылды.

Тұндыру кешенінің қуаты артты

Тұндыру кешені кә­сіп­орында 2010 жылы «Қаз­хром» компаниясының үз­дік әлемдік экологиялық стан­дарттар мен қалдықсыз өн­дірістерге ұмтылуы аясында салынған болатын. Бұл – қож өңдеу цехындағы жеті кешеннің бірі. Мұнда құнды өнім гравитациялық әдіспен алынады. Процесс кезінде су пайдаланылады. Сондықтан кешен жылдың тек жылы мезгілінде жұмыс істеді. 

– Қалдықтарды дұрыс пайдалану – заманауи тиімді өндіріс негіздерінің бірі. Жы­лытылған кешенде 1,6 млн тоннаға дейін материал өңдеуге болады. Осылайша, біз қордаланып қалған қож­­дарды өңдеу көлемін арт­тыру мәселесін шеше ала­мыз. Кешен зауыттың тұйық­талған айналым суын ғана пайдаланғандықтан, процестің энергия тиімділігі артады, – дейді Ақсу фер­роқорытпа зауытының директоры Валентин Чи­чихин.

Кешен жыл бойғы жұмыс тәртібіне ауысуына орай кәсіпорынның автокөлік цехына қосымша 60 жүргізуші қызметке қабылданды. Жаңа 7 үлкен ауыржүктасығыш автосамосвал және 4 жүк тиегіш сатып алынған. Адамдар да, техникалар да тәулік бойы жұмыс істейді.

Кешен өндірісін арттыру жобасы мұнымен аяқ­тал­ған жоқ. Келесі жылы Ақсу фер­ро­қорытпа зауы­ты­ның техно­логтері ең ұсақ класты материал­дар­ды өңдеуге арнал­ған жылы­тыл­ған же­лінің үшін­­шісін салуды жос­парлап отыр.