Қоғам • 25 Қараша, 2022

Табиғат тасырлары жазаланды

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзған 350-ден астам адам жауапқа тартылды.

Табиғат тасырлары жазаланды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өңірде браконьерлікті, биоло­гиялық ресурстар объектілерінің заң­сыз айналымын анықтау және жолын кесу мақсатында «Браконьер» жалпы республикалық жедел-профилак­тикалық іс-шарасы өткізілді. Арнайы операцияға жергілікті полиция қызметі, көші-қон және криминалдық полиция, сон­дай-ақ «Орманға жедел ден қою жасағы» инспекторлары, облыстық та­биғи ресурстар және табиғат пайда­лануды реттеу басқармасының аң­шылық шаруашылығы күштері жұмылдырылған.

Облыс бойынша барлығы 380-нен астам рейд ұйымдастырылған. Оның барысында табиғат қорғау заңна­ма­сын бұзған 10 қылмыстық құқық­бұзу­шы­лық, оның ішінде 2 – заңсыз аң аулау, 7 – балық ресурстарын заңсыз өндіру және 1 – жерді тиісті пайдаланбау фактісі анықталды. Табиғат қорғау заңнамасын бұзушылардың 358-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде, 236-сы – аң аулау қағидаларын бұзған, 101 – балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін, 8 – ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені үшін, 8 – қаруды сатып алу, беру, есепке алу, сақтау тәртібін бұзғаны үшін, тегіс ұңғылы, газды қару мен патрондарды сақтау, алып жүру, тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін – 5. Құқық бұзушылардан 78 құрал, оның ішінде төрт қайық, үш қайық моторы, алты атыс қаруы және жалпы ұзындығы
5 850­ метр ҚХР өндірген 65 монофиламенттен жасалған синтетикалық ау тәркіленген. Барлық тәркіленген ау өртеу арқылы жойылды. Жалпы сомасы 1,6 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Шығыс Қазақстанның тұмса та­би­ғаты кез келген адамды өзіне бау­рап тұратыны сөзсіз. Бұл өңірде жалпы­ұлттық деңгейдегі ауданы 1,5 млн гек­тардан асатын 24 табиғатты қорғау аймағы бар.