Спорт • 25 Қараша, 2022

Ақ жол, Асылжан!

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

3 желтоқсанда Ресейдің Екатеринбург қаласында аралас жекпе-жектен «Russian Cagefighting Championship» (RCC) деп аталатын халықаралық турнирдің жалауы желбірейді.

Ақ жол, Асылжан!

Аталған жарыста Асылжан Бақытжанұлы да өнер көрсетеді. Ауыр салмақта айқасып жүрген 31 жастағы қазақ спортшысы бұған дейін АСА жарыстарында табысты өнер көрсетіп, әр кез үздіктер қатарында болды. Октагонда барлығы 13 кездесу өткізген «Сақ» сол бәсекелердің 10-ын өз пайдасына шешті. Сегіз қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Соңғы жекпе-жегін Асылжан 17 қыркүйекте ирандық Хасан Юсефимен өткізіп, оны екінші раундта қылқындырып тастады.

Екатеринбургтегі бұл жолғы қарсыласы да өте қарымды. Ол ресейлік Иван Штры­ковпен айқасады. 34 жастағы Ха­баровск тумасының самбодан Әлем кубогінің қола жүлдегері деген атағы бар. Ол аралас жекпе-жекпен 2015 жылдан бері шұғылданып жүр. Сол аралықта 24 кездесу өткізіп, соның 21-інде жеңіске жетті. 15 бәсекелесін айқын басымдықпен ұтты. Екі рет ұтылып, тағы бір айқаста тең есеп тіркелді.