Аймақтар • 27 Қараша, 2022

Екібастұздағы апат: Ақаудың нақты себебі анықталған жоқ

740 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенбіден жексенбіге қараған түні Екібастұз қаласының жылу тораптарында үлкен апат болды. Шаһар ішіндегі жылу желілеріндегі зақымданудан ыстық су толассыз ысырап болып, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ындағы 4 бірдей қазандық тоқтап қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екібастұздағы апат: Ақаудың нақты себебі анықталған жоқ

«Павлодарэнерго» АҚ хабарлағандай, апат 27 қараша күні, түнгі сағат 01.20 шамасында орын алған. Әуелі судың өте көп мөлшерде ысырап болуынан №11 қазандық агрегаты істен шығады, одан 10 минут өткенде №13, 14, 15 қазандықтары тоқтайды. Сәйкесінше шаһардағы орталықтандырылған жылуға қосылған барлық нысандар, тұрғын үйлер, әлеуметтік мекемелер, кәсіпорындарда жылу беру тоқтап, қала түнде қатып қалды.

Көмірлі шаһарда 150 мыңдай халық тұрады. Апаттың адам айтқысыз екенін ескерген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов жексенбі күні таңертеңгілік Екібастұзға жедел жетіп, жағдайды көзімен көрді. Әкім әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайды баяндап, қала  тұрғындарын сабырлыққа шақырды.

- Жылу-электр орталығында қазір апат бойынша штаб құрылып, өзімнің бірінші  орынбасарым Олег Крук, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, «Павлодарэнерго» АҚ және Екібастұз ЖЭО басшылары жағдайды бақылауда ұстауда. Сағат 11.00-дегі  жағдай бойынша  станцияда су тұтыну үш есеге өскен. Судың ағып кетуіне тест жүргізілді. Станцияда су азайып жатқан жоқ. Бұл жылу желілерінде апат орын алғанын айғақтап отыр. Бірнеше дронды ұшырып, жылу тораптарындағы он зақымдану орнын анықтадық. Жылу желілерінің бір тұсында үлкен апат орын алған болуы керек, – деді Әбілқайыр Сқақов бейнеүндеуінде.

Бұған қоса әкім жөндеу бригадалары ақауды жойып жатқанын  жеткізді.

Сондай-ақ Олег Крук пен қала әкімі Аян Бейсекин пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілерімен шұғыл жиын өткізді. 

- Жылу-энерго орталығында су көп көлемде ағып кетіп жатыр. Жылу тораптарындағы зақымданулардан көп көлемде су жоғалған. 3 энергетикалық қазандық, 1 ыстық су жылытатын қазандық жұмыс істеп тұр. Стансадағы температуралық параметрлер 42/51 градусты көрсетіп тұр. Су айналымы қамтамасыз етілді. Барлық қажетті ресурстар жұмылдырылып, коммуналдық қызметтер мен қала құраушы кәсіпорындардың жұмысы ұйымдастырылды. 15 жөндеу бригадасы құрылып, жылу құбырларында орын алған апаттармен шұғылдануда. Тағы 4 бригада өзге жерлердегі ықтимал зақымдануларды іздеп жатыр, - деп хабарлады Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.