Қазақстан • 27 Қараша, 2022

Құрылысты цифрландыру деңгейі төмен

254 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстандағы құрылыс саласы небәрі 5 пайызға ғана цифрландырылған. Бұл туралы Астанада өткен ТМД елдерінің құрылыс саласын цифрландыру форумында айтылды.

Құрылысты цифрландыру деңгейі төмен

Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтің мәліметінше, еліміздегі цифрлық технологиялардың даму деңгейі тым төмен. Дәлірек айтсақ, елдің құрылыс саласы небәрі 5 пайызға ғана цифрландырылған. Демек алда қыруар жұмыс күтіп тұр.

– Біздің мықты тұсымызды білесіз бе? Біз контрагенттерді тексеру қыз­метіне келгенде кереметпіз. Олар барлық ақпаратты тексере алады, компаниялардың рейтингін қалып­тастыруға қауқарлы, мәмілелер аясында сіз бен бізді қорғауға көмектеседі. Бұл тетік ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Ал құрылыс компаниялары аясында ішкі құжат айналымын цифрландыру өте баяу. Мысал ретінде сатып алу процесін алайық. Тендерлерді өткізу үшін онлайн және басқа да цифрлық алаңдарды пайдалану әрі енгізу жұ­мыстары енді ғана қолға алына бастады. Компаниялардың барлығына бірдей тендерлік ереже жоқ. Тиісінше, бұл дәл қазіргі уақытта бармақбасты, көз­қыстылыққа жол беріп, пайда тауып қалуға мүмкіндік беретін бағыт болып тұр, – дейді В.Микрюков.

Оның пікіріне қарағанда, келісім­шарттарды жылдам келісу қолға алына бастады. Бірақ бұл бағытта атқаратын шаруа шашетектен. 

– Әзірлеушілердің дені әлі күнге дейін қағаз күйінде жұмыс істейді. Бұл экологиялық тұрғыдан тиімді емес әрі заманауи трендке жатпайды. Сондықтан Smart-келісімшарттар бағытындағы жұмысты жетілдіру керек. Smart-келісімшарттарды әзір­леу кезінде құрылыс салушыларға заңгер­лердің көмегі қажет емес. Өйткені үлгі ретінде ұстанатын арнайы форма болады. Соны меңгерсе болғаны. Жұмысты оңтайландыру, цифрландыру деген осы, – дейді Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының президенті.

В.Микрюковтің айтуынша, Қазақ­станда әлі күнге дейін атқару­шы­лық құжаттамаларға қол қою жұмысы қағаз күйінде жүзеге асырылады. Мұн­дай тәжірибеден бас тартатын уақыт әлдеқашан жетті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қара­ғой­шиннің мәліметінше, би­ыл 4 мың нормативтік құжаттың ішінен 1 мың құжат өзектендіріліп, оңтай­ландырылады. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылға дейін Қала құрылысы кодексін әзірлеуді тапсырғанын ұмытпаған жөн.

– Біз барлық құжатты оңтайлан­дырамыз және нормативтік актілерімізді 3D-4D деңгейіне жеткіземіз. Ақ­па­раттық жүйелерді цифрландыру және автоматтандыру тәртіпті жетіл­діруге, адами факторды алып тас­тауға жол ашады. Сондықтан осы ба­ғыттағы жұмысымызды қарқынды түрде жал­ғастыра береміз. Мәселен, құры­лыс саласының ақпараттық жүйесі – «Е-құрылыс» жобасы қанатқақты ре­жімде әзірленіп, сынақтан өтті. Қазір Мәжілісте қарастырылып жатыр, – деді Т.Қарағойшин.

Комитет төрағасының мәліметінше, осы жылы «Е-құрылыс» жүйесіне қатысты арнайы заң қабылданбақ. Заңға сәйкес құрылыс саласындағы қаты­су­шылардың барлығы, яғни тапсырыс берушілер мен жобалаушылардан бастап аталған ақпараттық жүйеде жұмыс істейтін болады.

– Шарт жасалды. Портал иесі – Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитеті. Жүйе Қа­зақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының сенімгерлік басқаруына берілді, – деп нақтылады комитет төрағасы.

Сондай-ақ Т.Қарағойшин негізгі құ­ралдарды салуға арналған шығыстарды есепке алу бойынша жаңа міндет жүктелгенін де атап өтті. Яғни алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап ел бойын­ша жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге жол бермеу көзделген.

– Жобалардың өзін ғана түзету қарастырылады. Негізгі құралдарды салуға арналған шығыстарды есепке алу көлемі бұрын 14-15 парақтан тұрса, енді 3-4 парақтан аспайтын болады. Ал баға белгілеумен Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты айналыспақ, – деді Т.Қарағойшин.

Форумда сөз алған Қазақстан құры­лысшылар одағы төралқасының төр­ағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, саланы цифрландырудың маңызы зор.

– Өкінішке қарай, біздің елдегі кейбір мемлекеттік органдар өздері ұсын­ған бағамен, өздері бекіткен тәртіп­пен күн көріп жатыр. Нарықтағы баға, қызметтің құны, құрылыстың бағасы мемлекеттік орган ұсынып отырған қағаздағы баға мен тәртіпке сай емес. Өйткені мемлекеттік органдардың мүмкіндігі шектеулі. Тиісінше, олар нарықтағы нақты жағдайды білмейді. Ал баға күнде өзгеріп жатыр. Егер біз саланы цифрландырсақ, онда құры­лыстағы процестер ашық әрі қол­жетімді бола түседі. Тараптардың бәрі жағдайды қадағалап отыруға мүмкіндік алады. Тиісінше, бағаға қатысты да дау туындамайды, – деді Т.Ерғалиев.

Сондай-ақ ол еліміздің құрылыс саласында шешімін таппаған проблема көп, сын-қатерлер де жеткілікті екенін алға тартты. Әсіресе инженерлік желілер мен инфрақұрылымның жоқтығын, халықтың кең ауқымы үшін қолжетімді ипотека қарастырылмағанын, саладағы кадрлар тапшылығын, импортталатын құрылыс материалдарының қымбаттығын еске салды.

– Ең алдымен инженерлік желілер мен инфрақұрылымға мән беру керек. Өйткені елде жылу жетіспей жатыр. Құрылыс нысандарының көбі уақтылы аяқталса да, компаниялар жылу мен судың жеткіліксіздігінен болашақ пәтер иелерін қуанта алмай отыр. Сондай-ақ құрылыс материалдарының отандық өндірісін қалыптастыру маңызды. Бүгінде құрылысқа арналған материал­дар мен жабдықтардың дені шетелден әкелінеді. Қаржы және маман табу мәселесі өзекті болып тұр. Сондықтан құрылыс саласына жыл сайын 5 трлн теңге құю қажет. Бұл шамамен 30 млн шаршы метрді салуға мүмкіндік береді. Аталған көрсеткіш қазіргі 15 млн шаршы метрден екі есе жоғары. Халыққа қолжетімді ипотекалар жоқ. Ел үмітін ақтаған «7-20-25» бағдарламасы келер жылы аяқталады. Бұл ретте тұрғын үйге мұқтаж 100 адамның 60-ы мойнына несие қамытын кигенін атап өту керек. Демек олар бірде-бір бағдарлама бойынша пәтер ала алмайды. Қаржы институттарының осы түсініп, ес­ке­руі маңызды, – дейді Қазақстан құ­рылысшылар одағы төралқасының төрағасы.

«Всё о стройке» жобасының директоры Светлана Опрышконың пікіріне ден қойсақ, цифрландыру – құрылыс саласының бүгіні мен болашағы.

– Құрылыс салушылардың барлығы дерлік жақын уақытта цифрландырудың жемісін көргісі келеді. Бірақ бұл жол­ға түспей жүргендер де баршылық. Жалпы, құрылыс салушының цифрлық экожүйесі 12 кезеңнен тұрады. Инвес­тиция құйып, талдау жасаудан бастап, нысанды пайдалануға беруге дейінгі аралықтағы жұмыстарды қамтитын цифрлық экожүйені толық меңгерген компаниялар бар. Біразы құжат айналымы, сатылым, сатып алулар се­кілді кезеңдерді ғана өткеріп жатыр. Жалпы, экожүйенің 12 кезеңін өткерген жағдайда құрылыс салушы бірнеше басымдыққа ие болады. Біріншіден, құрылыс жобасының жүзеге асырылу мерзімін 30 пайызға дейін жедел­детеді. Екіншіден, құрылыстың құнын 25 пайызға оңтайландырады. Үшіншіден, нысанның сапасын 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік алады. Төртіншіден, құрылыс жобасының шығындарын 5 пайызға қысқартады. Бесін­шіден, топ-менеджменттің ашық­тығын қамтамасыз етеді. Тиі­сінше, ашықтықтың нәтижесінде басшы­лардың шешім қабылдау сапасы жақ­сарады. Осыдан-ақ құрылыс саласын цифрландыру қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады, – дейді С.Опрышко.