Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Атап айтсақ, кеден саласының жұмысы 2017 жылдан бастап «Астана-1» ақпараттық жүйесі негізінде түгелдей автоматтандырылып, электронды декларациялау арқылы тәуекел бейімінің басқаруымен жұмыс істейді. Тәуекел бейімі – «Цифрлы Қазақстан» және Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Дүниежүзілік кеден ұйымының талаптары төңірегінде автоматты түрде басқару тәсіліне негізделген бағдарлама. Тауарларды кедендік тексеруге жіберу, кедендік құнын анықтау, сараптама жасау және дәліздерге бөлу (қызыл, жасыл, сары, көк) сияқты процестердің барлығы автоматты түрде тәуекел бейімі көрсеткен шеңберде ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар кедендік тексерудің техникалық құралдары да автоматты басқару жүйесіне негізделген. Яғни бұрынғы кездегідей кеден қызметкері өз бетінше тексеріп, тауарларды негізсіз тоқтатып қоюға құқылы емес. Кедендік тексеру жұмыстары инспекциялық тексеру кешені арқылы «күдікті» деп танылған жағдайда, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті ахуалды басқару орталығының нұсқауы бойынша және тәуекел бейімінің автоматты түрде көрсеткен белгісіне байланысты ғана жүзеге асырылады. Кеден қызметкері тәуекел бейімі көрсеткен шеңберден және инспекциялық тексеру кешені анықтаған жағдайдан тыс өз бетінше әрекет жасауға құқылы емес. Сонымен қатар кедендік ресімдеу мен тексерудің белгіленген техникалық регламенттерінен аса алмайды. Мысалы, инспекциялық тексеру кешені сканерлік жүйе арқылы 50-60 контейнерден тұратын бір құрамды бір минуттың ішінде тексеруден өткізе алады. Соның ішінде «күдікті» деп танылған көлік құралдары ғана кедендік тексеріске алынады. Кедендік тексерудің мұндай озық үлгідегі құралдары ТМД шеңберіндегі елдер ғана емес, Еуропаның кей мемлекеттерінің өзінде жоқ. Бұған қоса кедендік шекарадағы барлық ресімдеу мен тексеру жағдайлары Мемлекеттік кірістер комитетінің Астанадағы ахуалды басқару орталығы арқылы қатаң бақылауда тұрады. Тауарларға кедендік тексеру жүргізуге өкілетті мамандардың әр әрекеті бейнежазба жетоны арқылы сол басқарманың бақылауынан тыс кетпейді. Аталған басқарма қызметкерлері кедендік тексеру ғана емес, ресімдеу кезінде тауардың кедендік құнының белгіленген мөлшерден төмендеп кетпеуіне де бақылау жасайды. Сондай-ақ кедендік тексеру шаралары түгелдей бейнежазбаға түсіріліп, сол түсірілім серверде үш жылға дейін сақталады. Егер де кеденшінің әрекетінде заңсыздық байқалса немесе сыртқы экономикалық қызметкерлер тарапынан шағым түсетін болса, сол бейнежазбаны қайта қарау арқылы барлық заңсыздықты нақтылап анықтауға болады.
Сонымен қатар кедендік тексеру мен ресімдеу процестерінің автоматты түрде жүзеге асырылуы ең бірінші адам факторының әсер етпеуіне оң ықпалын тигізіп отыр. Олай дейтініміз, қазіргі уақытта тиісті құжаттарды ресімдеу шараларын декларанттар мен кеден өкілдері интернет жүйесі арқылы кеңседе немесе үйінде отырып-ақ атқара береді. Бұрынғыдай алыстан ат терлетіп келу арқылы тауарларын шекарада тосып алып, сол жерде қағаз жүзінде ресімдеу деген жоқ. Егер импортталатын немесе транзиттік процедура бойынша жөнелтілген тауардың мәлімделуі мен құжаттары барлық талапқа сай келсе, кеденде ешқандай кедергі болмайды. Сондықтан да кеден төңірегіндегі кереғар пікір тудыратын кейбір әңгімені өткен күндердің сарқыншағы деп айтқанымыз дұрыс. Енді сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысалдарға жүгінейік.
Қазіргі уақытта қытаймен шекарада орналасқан кеден бекеттеріндегі талап бұрынғыдан да күшейген. Сонымен қатар «Қаңтар оқиғасынан» кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қытаймен шекарда орналасқан кеден бекеттері белгілі бір экономикалық операторлардың ықпалында қалып, шекарада монополия орнағаны жөнінде қатты сын айтқан болатын. Осы сыннан кейін кедендік шекарада ел басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және Қаржылық мониторинг агенттігі, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінен құралған комиссия бір айдан аса жұмыс істеп, көптеген кемшіліктің бетін ашты. Бұл жұмыс ырғағы қазіргі уақытта да екпінінен жаңылған жоқ.
Атап айтсақ, Жетісу облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде биыл он айдың қорытындысы бойынша кедендік тексеруге түскен 63 көлік құралынан жалпы салмағы 1 287 358 тонна әртүрлі (биологиялық активтік қосымшалар, мата, жұқа темір прокаты, ойыншық, аяқкиім, шаруашылық заттары, құрылыс материалдары, т.б) контрабандалық тауарлар ұсталып, оның кедендік құны 2 млрд 611 млн теңгеден асып кетті. Осылайша, он айдың қорытындысы бойынша контрабандалық әрекет деп танылған 17 іс процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы және Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаменттеріне жіберілді. Сонымен қатар әлі де кедендік тексеруі бітпеген бірнеше көлік құралдары өз кезегін күтіп тұр. Алдағы уақытта бұл цифрлар тізбегі тағы да көбейе түсуі мүмкін.
Сонымен қатар өткен мерзім ішінде 2 090 әкімшілік-құқық тәртібін бұзу фактілері (өткен жылы 1 345) әшкереленіп, нәтижесінде декларанттар мен кеден өкілдеріне және сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға 184 204 617 теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар кедендік тексерудің нәтижесінде қосымша 666 680 418 теңге кедендік төлем мен салық өндірілді. Яғни кедендік тексеру кезінде әр көлікке қосымша 606 625 теңге кедендік төлем мен салық салынды деген сөз. Осы орайда өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген әріптестеріміз жөнінде де бір ауыз жылы сөз айта кетелік. Мысалы, бас маман Ондағали Кеңесбаев он айдың қорытындысы бойынша 73 әкімшілік-құқық бұзу фактісін анықтап (әрі қарай ӘҚБ), 17 305 950 теңге, бас маман Дәурен Мұқатов 71 ӘҚБ фактісін анықтап, 15 621 300 теңге, бас маман Тәңірберген Нүкеев 59 ӘҚБ фактісін анықтап, 12 466 410 теңге, бас маман Нұрлан Әбдіғұлов 56 ӘҚБ фактісін анықтап, 10 628 610 теңге айыппұл өндірді. Бұған қоса кедендік тексеру кезінде тауар декларациясында дұрыс мәлімделмеген тауарларды анықтау арқылы қосымша 279 729 761 теңгенің кедендік төлемі мен салығын өндірген бас маман Ермек Нүсіпов пен 234 107 362 теңге өндірген бас маман Дастан Абылқайырдың қосқан үлестері де қомақты.
Сондай-ақ инспекциялық тексеру кешені арқылы сканерлеу тәсілімен кеден заңын бұзушылықтарды анықтау барысындағы көрсеткіштер де 90 пайызға жеттті. Яғни инспекциялық тексеру кешені арқылы «күдікті» деп тексеруге қойылған 100 көлік құралының тоқсанынан кеден тәртібін бұзушылық фактілері анықталған. Бұл жерде инспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін операторлардың жоғары біліктілік дәрежесін байқауға болады. Біраз қызметкеріміздің АҚШ сияқты ірі мемлекеттерде интрузивтік емес тексеру мәселесі бойынша тәжірибеден өтіп келген сертифткаттары да бар. Инспекциялық тексеру кешенінде жұмыс істейтін кеденші оператордың «күдікті» деп таныған көлік құралдарынан кеден тәртібін бұзу фактісі дәлелденбеген жағдайда, кемшілік жіберген қызметкердің атқарып отырған қызметіне лайықтылық мәселесі де басшылық тарапынан бақылаусыз қалмайды. Сондықтан да аталған жұмыс учаскесінде қызмет ететін мамандарға жүктелетін жауапкершілік жүгі өте ауыр. Осы орайда миллиардтаған теңгенің әкімшілік құқық тәртібін бұзу мен контрабандалық әрекеттердің бетін ашқан бас маман Руслан Калимов пен Насыр Нұргелдінің еңбегін де ерекше атап өткен жөн.
Иә, жоғарыда айтып өткеніміздей, бүгінде кеден жүйесіне жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі ауыр. Себебі кеден қызметкерлерінің жұмысы кеден тәртібін бұзушыларды әшкерелеп, қылмыстық және әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар отандық өндірісшілердің мүддесі мен интеллектуалдық меншік иелерінің құқығын қорғау және алып өтуге тыйым салған тауарларды жібермеу мәселелері де басты назарда. Осы орайда ең негізгі мәселенің бірі – кедендік төлемдерді толық көлемде өндіру арқылы республикалық бюджеттің көбеюіне үлес қосып, еліміздің сыртқы экономикалық байланыстарын нығайтуға және экономикалық саясатты жақсартуға күш салу. Бұл мәселеде «Алтынкөл-жол» кеден бекетінде он айдың ішінде біршама жұмыс атқарылды. Мысалы, импортталатын тауарлардың үлес салмағы 175 502 тоннаға (56 пайызға), тауардың декларациясының саны 9 119-ға (46 пайызға) азайғанына қарамастан, кедендік төлемдер мен салықтардан түскен қаражат мөлшері 86 млрд 988 млн-нан астам теңгені құрады. Және де әр көлік құралынан өндірілген кедендік төлемдер 6 млн 101 мың теңгеге жетті. Бұл цифрлар былтырғымен салыстырғанда әр көліктен өндірілетін кедендік төлемдер орта есеппен 2 млн теңгеден асқанын көрсетеді.
Қазір кеден саласына жүктелетін тағы бір жауапты міндеттің бірі – еліміздің транзиттік әлеуетін көтеру. Бұл мәселе жөнінде еліміздің «2050 стратегиясында» нақтылы міндеттер қойылды. Осы орайда «Алтынкөл-жол» кеден бекеті арқылы Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия, Орталық Азия, Батыс Еуропа, т.б. елдерге жөнелтілетін жүк көлемі де артып келеді. Оған дәлел ретінде аталған мерзімде транзиттік жүк көлемі 19 пайызға артқанын айтып өтуге болады. Мысалы, транзиттік тауар айналымының жалпы құны 28 млрд доллардан (өткен мерзімде 17 млрд) асып, салмағы 3 954 443 (өткен мерзімде 3 320 997 тонна) тоннаны құрады. Бұл әрине, кеден органының инфрақұрылымы өркендеп, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жасалған оңтайлы нәтижелердің көрінісі десек, қателеспейміз. Осылайша, кедендік шекарада кедергі азайып, жаңа Қазақстан құру жолында кеден саласындағы жаңаша бетбұрыс шаралары өз нәтижесін беруде.
Бекен НҰРАХМЕТОВ,
Жетісу облысы бойынша «Алтынкөл-жол» кеден бекеті басшысының орынбасары