Сұхбат • 27 Қараша, 2022

Нұрқанат Жақыпбай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Өмірімнің кредосы – шеңберден шығу

603 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Астананың тағы бір ақ таңы атты. Таңғажайып театр таңы. Сахнада мүлгіген тыныштық. Жастар театрының ат шаптырым залында ноқаттай ғана қарайған бейне көзге шалынды. Оңашаға оқшауланып алған жалқы сұлба алысқа, тым-тым алысқа көз тігеді. Өзі осында болғанымен, ойы қиянда. Маңайында тіршілік барын әлдеқашан ұмытқан. Тіпті жанына жақындап барсаң да, селт етер емес. Иығына түскен ұзын шашын салалап қойып, терең ойдың құшағында отыр. Тіпті біздің қасына қалай келгенімізді де сезбеді білем, тосыннан шыққан үніміз ойын үркіткендей, сәл тосырқап қалды да, лезде өзін жинап ала қойды. Күлімсірей амандасып, бірден: «Жаңа қойылымның премьерасына дайындалып жатырмыз. У.Шекспирдің «Ромео-Жульеттасы». Бұл қойылым менің Шекспир драматургиясына жасаған тәжірибе-триптихымның түйіні десем де болады. Осыған дейін «Асауға тұсауы» мен «Гамлетін» сараптасам, ендігі кезек «Ромео мен Жульеттаға» келді. Көптен бері көңіл түкпірінде толғантып жүр еді, міне, енді көрерменімен қауышатын да сәт жақындап қалды. Бұйырса, ертең премьера. Спектакльдің сахнаға шығар күні жақындаған сайын менде де маза жоқ. Осылай елден бұрын келіп әуелі дайындық алдында өзім оңаша қалып ойланамын, бұған дейін жасалған жұмыстарға қайтадан көз жүгіртіп, ойша артық-кем тұсын екшеп аламын да, содан кейін актерлерімді шақырамын. Сөйтіп, өзімнің ойым мен олардың түнімен ізденіп дайындалған ізденісін бір арнаға тоғыстырып, содан ортақ шешімге келеміз» деп әңгімесін бастаған режиссер тағы да сахнадан көз алмай, үнсіз қалды. Премьераалды толғаныс һәм толқыныс екенін түсіндік. Санада сайрап тұрған сансыз сауалымызбен килігіп, ойын бөлгіміз келмеді.

Нұрқанат Жақыпбай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Өмірімнің кредосы – шеңберден шығу

Мен ойладым: Сахнада сұлу өнер тудырып жүрген суреткерді қай кезде жолықтырсаң да үнемі көптен оқшау, жалқы, дара жүретінін байқауға болады. Дабыра дабылдан алыс, үнемі өз ойы­мен әуре, қашан да ойлы, көркем һәм салмақты спектакль қоюдың қамында. Сондайда ойға режиссердің өзі үнемі айтатын: «Өнер деген – жанкештілік. Барыңды салып адал еңбектенбесең, сахна мойындамайды, көрермен қабыл­дамайды. Жанкештілікте жүрген жаннан шын өнер туады» деген сөзі оралады. Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, Ш.Айт­­матов атындағы халықаралық сый­­лық­тың иегері, режиссер Нұрқанат Жа­­қып­бай дәл сондай. Үнсіз жүріп, үлкен істердің басынан табылатын суреткер табиғаты шын мәнінде сүйсінуге тұрарлық.

Режиссер айтады: – Мен өмірде бір-ақ нәрсені көкседім – ол өнерге қалт­қысыз қызмет ету. Соны таңдадым, сол соқпақта өзімнің дара жолымды қалдырғым келді. Бала күнімнен-ақ көп ішінен көмескіленуден қаштым, төл ерекшелігіммен есте қалғым келді. Қандай іске кіріссем де жан-тәніммен беріліп, адалынан атқаруға ұмтылдым. Ал театр ашу – оқыстан туа салып, сәтті жүзеге асып кеткен кездейсоқ қадам емес. Бұл – менің өмірлік арманым. Сонау бір жылы Алла бұйыртып тағдырым театр­мен тоғысқанда, ең алғаш өнер әлемінің әліппесімен танысқанымда-ақ мен мұнда кеңістікті толтырып, көпшілік сахнада жүру үшін келмегенімді түсіндім. Менің өнерде өз жолым болуы керек екенін ұқтым. Сондықтан да актерлік өнерде басты рөл биігінен көрініп қана қоймай, ойлы бейне жасауға, режиссурада да соны соқпағымды салуға бар күш-жігерімді, саналы ғұмырымды арнадым. Өмірімнің кредосы – шеңберден шығу болды. Өйткені шеңберде қалып қойсаң қайталауға ұрынасың. Ал мен қайталаудан қаштым, шығармашылықта шеңберден шығуға ұмтылдым. Жастар театрын ашу – осы асқақ арманымның ақиқатқа айналған ақ желкені.

Мен ойладым: Иә, рас. Осыдан тура 15 жыл бұрын Арқа төріне ту ті­гіп, іргесін қалаған Жастар театры – Нұр­қанат Жақыпбайдың өмірлік үлкен арманының ақиқатқа айналған тарихи сәті болатын. Бүгінде талай биікті бағындырып, өнер өлкесінен өзінің айшықты орнын белгілеген жасампаз рухты Жастар театрының жұлдызы жар­қырап, елімізді ғана емес, алыс-жақын шетелді мойындатып, өнерімен ұлт байрағын тек биікте желбіретіп жүрген ұжым үшін алғашқы жылдар оңай болмады. Ал тақыр жерден театр ашқан Нұрқанат Жақыпбайдың алдында үлкен сынақ тұрған еді.

Режиссер айтады: – Театр ашылған алғашқы жылдары бізде тіпті қойылым ойнайтын тұрақты төл сахнамыз болмады. Ұлы көштің көкесін сол кезде көрдік қой (күліп алды). Ел аралап, жер-жерлерде жүріп, бос тұрған сахналарда өнер көрсеттік. Бірде Қаллеки – Қалибек Қуанышбаев театрында қойған кезекті қойылымымыздан кейін декорацияларымызды алып, Жастар сарайына қарай келе жатқанбыз. Балаларды алға жіберіп, өзім соңдарынан еріп келе­мін. Қолымызда қытайдың ала сөмкесі, декорацияны көтере алмай қинала мықшыңдаймыз. Далада 40 градус аяз. Жел улеп, қар борап тұр. Кендір жіп қолдарын қиып жіберген болу керек, оның үстіне аяз қосылып, актриса қыз­дарым шыдамай жылап келе жатыр. Бет­тері әбден домбығып, қып-қызыл болып кеткен. Осы көріністі көріп шыдай алмадым, еркімнен тыс менің де көзімнен жас парлады. Бірақ онымды көрсетпеуге тырысып бақтым. Сеніп келе жатқандары – мен, жүрегімнің нәзіктігін көрсетіп, сол сенімдерін күйретіп алудан қорықтым. Бір уақытта жасым қатып қалыпты. Кір­пігімде кәдімгідей мұз пайда болып, көзімнің алдында бейнебір әйнек тұрған­дай, жаба алмаймын. Шынымды айта­йын, шошып кеттім. Жолшыбай «Абай» қонақүйі кездесе кетті де, дереу сонда бұрылдым. Ал балалар болса, ештеңені сезген жоқ, ілби басып әрі қарай кетіп ба­ра жатыр. Ғимараттың іші жылы ғой, көзімде қатып тұрған мұз бірден еріп кетті. Жанарымның аман екеніне кө­зім жетіп, қатты қуандым. Дереу бала­лар­дың соңынан жүгірдім. Қата­ры­нан қалып, қайта ілескенімді ешкім де бай­қамай қалды. Осы күн әлі есімнен кетпейді.

Мен ойладым: Астанадан Жастар театрын ашу жайлы алғаш ұсыныс түс­кенде бәрін тастап, жылы орнын суытып, үйренген ортасын қиып Алма­тыдан жыраққа қоныс аудару режис­сер үшін оңай болмағаны анық. Шәкірт­терінің өз жұмыс жоспары, ал режиссердің ұстаздықтан бөлек, Ғ.Мү­сірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында ұзақ жылдан бері етіп келе жатқан қызметі бар. Достары да, жақындары да, сырласар ортасы да осында. Қалай дегенмен, Алматы – мәдениеттің ошағы ғой. Сон­дықтан алғашында бір шешімге келуде қатты қиналды: «Бірді мыңға сата ма» («Абай»), әлде бәрін жалғыз арманының жолында құрбан ете ме? Режиссер арманын таңдады! 37 жыл қызмет еткен құтты орны – театрын, отбасын қал­дырып, оқуын енді тәмамдағалы отырған шәкірттерін ертіп тәуекел сапары – арманның ұлы жолына бағыт бұрды.

Режиссер айтады: – Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында 40 жылға жуық табан аудармай еңбек еттім. Сыншылардың берген бағасына қарағанда жаман актер бол­маған сияқтымын. Әр рөліме өзгеше өмір сыйлауға ұмтылдым. Сол жолда іздендім. Әрине, сол бедел биігінде халықтың шексіз ықылас-құрметіне бөленіп күні бүгінге дейін еш қиналмай, бейқам да алаңсыз өмірімді кешіп жүре беруіме де болатын еді. Бірақ мені алыс­тан бір арман қол бұлғап шақыра берді. Өзімнің актерлік амплуаға сыймайтынымды түсіндім. Алайда режиссер болам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кір­мепті. Театрда әртүрлі жағдайлар болып жатады ғой, біреулерге іштей қатты рен­жідім. Намысымды қамшылаған осы жағ­дайдан кейін қалайда актерліктен кетіп, режиссерлікке баруға бел будым. Дәл сол уақытта әйгілі Әзірбайжан Мәм­­бетов режиссерлік бөлімге шәкірт қа­был­­дап жатыр екен. Талапкерлер қата­­рынан мені көрген Әзірбайжан Мәдиұлы:

 – Сен мұнда не істеп жүрсің? Мен сені бәрібір қабылдамаймын. Сондықтан әуре болма! Жақсы актерсiң, режиссурадан не іздедің?.. Театрыңа, сахнаңа қайтып барғаның дұрыс болады! Идиот, сен сол жаққа көбірек керексің...– деп бірден шешімін кесіп айтты. Жастық жалын бойда қайнап тұрған кез ғой: – Неге жақсы актер режиссер болмауы керек? – деп мен де айтқанымнан қайтпадым. Сөйтіп емтиханға кірдім. Межелі уақытта конверт ашылып, тапсырма ортаға тасталды. Алғашқысы – Мұхтар Әуезовтің «Абай» трагедиясы екен де, екіншісі – еркін тақырып. Таңдауым Айтматовқа түсті, «Шынарым менің, шырайлым». «Спектакльді қалай қояр едің?..» деп жазылыпты емтихан билетінде. Мұны көрген Мәмбетов:

– Неге Айтматовты таңдадың? – деп тағы да сауал тастады.

– Менің ең жақсы көретін жазушым...

– Ал Әуезовті ше? Ұнатпайсың ба?

– Мұхтар Әуезовті түсіну үшін маған әлі уақыт керек... Кейін жақсы түсінген кезде «Абайға» да келемін! Міндетті түрде!

Режиссер ләм демеді. Араға біраз уақыт салып емтихан қорытындысы шықты. Әзекең келді де, барлығының бағаларын хабарлап жатыр. Әлден уақытта: «Жақыпбаев – «2!» деді. Өлген жерім осы екен деп, төмен қарадым. Әзілі екен. Бірнеше секундқа созылған үзілістен кейін бетiме қарап күлдi де: «5», идиот!» дедi. Сөйтiп, режиссерлiк бөлімнің студенті атанып шыға келдім.

Мен ойладым: Актерлік соқпақ – Нұрқанат Жақыпбайдың ұлттық режиссураға әкелер соны сүрлеуіне жол салған ұлы дайындығы еді. Өнер иесінің табиғатындағы сөзге сараңдық, дабыра-дабылдан гөрі ойлану мен толғану үстінде жүрер ішкі көңіл күй қатпарлары сахнагерді әрдайым ойлы бейнелер биігіне жетелейтін, тереңдікке ұмтылдыратын. Бұл қасиет режиссураға қадам басқанда да суреткердің жанынан бір елі ажырамады. Сыршыл актердің сезімтал әлемінен жеткен тазалықпен тең өрілген сұлулық енді тұтастай сурет­керлік биіктен үн қатты.

Режиссер айтады: – Актер ретінде көпке сүйкімім болғанымен, режиссураға алғаш келгенде: «Күткеніміз сен едің?» деп театр әлемі мені бірден құшақ жа­йып қарсы алған жоқ. Алдымда көп кедергі, қиындықтар кездесті. Өйткені мен бұған дейін таптаурынға түскен дәстүрлі режиссурадан бас тартып, суреткерлік жолда өз сүрлеуімді салуға ұмтылдым. Көпсөзділіктен қашып, оның орнына пластика, би мен әнге, әрекетке басымдық бердім. Соным үшін көп сыналып, талай таяқ та жедім. Бірақ бұл мені жасытпады. Керісінше қайрай түсті. Өйткені мен өз жолымның, таңдаған бағытымның дұрыстығына сендім және түбінде театрлар дәл осы әдіспен жұ­мыс істеуге көшетініне сендім. Түйсі­гім алдамапты. Бүгінде көптеген театр­ осы әдіске көшті, тіпті маған елік­тегісі келетіндерді байқаймын. Сон­дықтан да қанша сыналып жатсам да, әу баста таңдаған бағытымнан бас тартпағаныма бүгінде қуанамын. Осы табандылық, осы тәуекел түбінде маған жаңа театрдың іргесін қалауыма себеп болды. Маңайыма мені сөзсіз түсініп, қабағымнан ұғатын мүдделес жандарды, шәкірттерімді жинап 2007 жылы жаңа театрдың іргесін қаладық. Игілікті істің басы-қасында жүріп, елорда төрінен Жастар театрының ашылуына ұйытқы болып, қолдау білдірген сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Әмірханұлы Аманшаевқа алғысым шексіз.

Мен ойладым: Шынымен де, Жас­тар театрының қойылымдарын жіті бақылар жан сахна төрінен еліміздің көптеген академиялық театрларына тән сықиған, қозғалмайтын декорацияны емес, жалындаған жастардың жастық лебін сезер еді. Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың реформаторлығы да сол – қойылымдарында мүлік емес, бірінші кезекке үнемі актерлердің өзі шығады. Сондықтан да сахна суреткерінің әр қойылымы үздіксіз қозғалысқа түсіп, ті­рі ағза секілді өнердегі өмірін сүріп жа­та­ды. Ал Жастар театры – Нұрқанат Жа­қып­байдың тәуекелімен құрылған театр.

Режиссер айтады: – Мен жастарға үнемі келешегіміз деп қараймын. Олар қай кезде де сол жастығымен ұтады. Бүгінде олар айлығының аздығына, баспанасының жоқтығына қарамай, уақытпен санасуды ұмытып, өзін тұтастай өнерге арнап жатса – ол да сол жастық жалынның арқасы. «Мен халқыма керекпін! Мен – елімнің ертеңімін» деген жалғыз-ақ сенім оларды алға жетелейді. Әйтпесе, дәл қазір, шынын айтқанда, сол жастардың үйі де мықты емес, жалақысы да қалта көтермейді. Жалпы, қазақ театрларының жалақысы мардымсыз болса, біздің театр мүлдем аз алады. Дегенмен бұл балалар оны айтып жатқан жоқ. Қалай театр деген киелі мекеннің табалдырығын аттайды, өзінің үйі жоқ екенін, жалақысының аздығын, күйбең тірліктің басқа да қиыншылығын ұмытып, саф сұлу өнердің сиқырына арбалады. Маңайыма өзім секілді армандай білетін және менің ертегіме имандай сенетін арманшыл жастардың топтасқанына бақыттымын.

Мен ойладым: Есепсіз төгілген маңдай тер, адал еңбектің қай кезде де өтеуі болған. Бүгінде жас театр елорда төрінде жаңа ғимаратқа ие болып, өнердегі өзінің айшықты орнын белгілесе – бұл да сол өнерге деген шексіз махаббат пен ешбір өтеусіз еселене төгілген маңдай тер, қажыр-қайраттың, тұғырлы табандылық пен ерік-жігердің жемісі деп білеміз. Уақыт-ағзам алақанында бедерленген осынау 15 жылда Жастар театрының елімізді ғана емес, алыс-жақын шетелді мойындатып қана қоймай, талай додаларда топ жарып жүрген қарымды қадамы һәм жемісті жолы – жас театрдың өнердегі өрісіне өлшем, алдағы күндерде атқармақ айтулы туындыларының талғам деңгейі мен көркемдік келбетіне таразы.

Режиссер айтады: – Елімізде 60-тан аса театр бар. Сол театрлардың репертуарларында жүріп жатқан пьесаларды біз де қоямыз. Бірақ біз ұжымның мүмкіндігіне сай оған бөлек бағыт, өзгеше үнмен келеміз. Болашағымыз жастар болған соң, кез келген туындыны, тіпті классикалық шығарманы да сол жастарға арнап көркемдеп, жаңашыл бағытта қоюға тырысып жатырмыз. Керемет жаңалық аштық деп есептемейміз. Жастардың талғамына сай, солардың тілінде, көпсөзділіктен гөрі, оқиғаны әрекетке көбірек құрып, музыка мен пластикаға басымдық беріп жұмыс істеу үстіндеміз. Өйткені адамда намыс деген бар. Әсіресе қазақ – намысшыл халық. Қазіргі компьтермен өсіп келе жатқан жастар «менің елімде неге Мәскеудегідей, болмаса Еуропаның алуан бағыттағы театрларындай сан қырлы театр жоқ? Бродвей театрларының спектакльдеріндей қойылымды мен неге өз елімнен тамашалай алмаймын?» деп намыстанбасыншы, әлемнен іздейтін ерекшелікті өз елінен, ұлттық өнерінен тапсыншы деген ой әр қойылымды қойған сайын менің көкейімде тұрады. Егер шындап тырысатын болсақ, қолымыздан келеді ғой, неге Еуропа, Мәскеу театр­ларымен иық тірестіре аларлық өнер тудырмасқа?!. Әлемдік классиканы сахналап шетелдік болып кете алмайтынымыз ақиқат. Алайда біздің діттегеніміз – дүниежүзілік театр мәдениетінен, тәжірибеден өзімізге, қазаққа керек дүниені алып, көрерменімізге ұсыну. Мәселен, қазір сахнада тұрып алып ақыл айтқанды ешкім тыңдағысы келмейді. Ақыл айтудың дәуірі өткен. Қазір соңғы сөзді көрерменнің өзіне қалдыру керек. Өзі ойланып, түйінін өзінің түсінік-танымына қарай көрермен өзі шешеді. Театр мамандары, сыншылардың пікіріне сүйенсек, өнерсүйер қауымның ықыласына қарағанда, аяқ алысымыз дұрыс сияқты.

Мен ойладым: Әдетте, кез келген шығармашылық иесінің бала таны­мының қалыптасып, биікке қанат қағуы­на туған жер, өскен ортасының ықпа­лы өте зор. Бұл – оның азаматтық көзқарасын, шығармашылық қиял қарымын айқындайтын негізгі фактор. Сол секілді Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық әлемі жайлы сөз болғанда, өнер иесінің туып-өскен, қиялына қанат бітірген киелі Қарқара өңірі, Мыңжылқы жайлауы назардан тыс қалуға тиіс емес. Алматы облысы, Райымбек ауданының төріндегі қа­сиет­ті Қарқара мекенінің бар ғажабы мен сұлулығына сұқтанып ержеткен баланың түбі бір суреткер болуы заңды да еді.

Режиссер айтады: – Мен Алматы облысының Райымбек ауданындағы атақты Қарқара жайлауының төрінде дүниеге келіппін. Табиғаты ерекше әсем жер. Шөптің биіктігі атты адамның бойынан асады. Бұл өлкеге еліктер сол шөптің арасымен келетұғын еді. Таулары қандай биік еді! Әсемдікпен әдіптеліп, сұлулыққа маталған табиғат­тың ғажайып жаратылысы балаң танымымызды кеңейтіп, көркем ойлауға жетеледі. Мұзарт шыңы аспанмен талас­қан асқар таулар биікке ұмтыл­дырды. Сондықтан болса керек, біз ерек­ше қиялшыл, арманшыл болып ержеттік. Далада туғандықтан ба, дала­безер­леу болдым. Осы күнге дейін сол әдет.

Сөз соңында:

– Арманыңыз?

– Өзім ашқан Жастар театрының үлкен биіктерге, шырқау деңгейге жет­кені. Өйткені мен үшін іргетасын қала­ған театрымның жеткенінен асқан зор бақыт жоқ.

– Сіздің ұғымыңыздағы бақыт деген не?

– Тірі жүру, осындай қуаныш көру. Одан артық бақыт болмайды. Тірлік – бақыт, қалғанының бәрі келеді, кетеді...

– Атаққа қалай қарайсыз?

– Шығармашылық деген сезім мен шабытқа тікелей тәуелді болғандықтан, өнер адамдарының ара-тұра ресми түрде мойындалып тұрғаны дұрыс. Ол жаңа серпілістерге бастамашы болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»