* «Егемен Қазақстан» – 95
«Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысындағы күндері өтті
Биылғы желтоқсан айында ел газеті – «Егеменнің» жасы 95-ке толғалы отыр. Қалыптасқан дәстүр бойынша оның әрбір «0» және «5»-пен аяқталатын мерейтойлары кеңінен аталып өтілді. Мерейтой жылдары «Егемен» журналистерінің еліміздің біршама өңірлеріне арнайы шығып, бас басылымның күндерін өткізуі дәстүрге айналған. «Құрыш қалай шынықты» Сол дәстүрмен «Егеменнің» күндері биыл алғашқы болып Қарағанды облысында ашылды. Байлықтың бұлағындай өңірдің алғашқы таңдалуының бастамашысы газеттің сол облыстағы меншікті тілшісі – Айқын Несіпбай. Ол – ұзақ жылдардан бері осы өңірдің жақсылықтары мен жасампаздықтарын, үлгілері мен үздіктерін, кей-кейде кемістіктерін де жасырмай «Егемен» арқылы республика жұртшылығына талмай жеткізіп жүрген журналистеріміздің бірі. Биыл ол пайғамбар жасына толып, енді өмірдің кезекті асуына қол созамын ба деген ойда болған соң, Қарағандыны қаламдастарына көрсетіп қалмақты ойлап, облыс басшыларына «Егеменнің» күндерін өткізу туралы ұсыныс түсірген екен, оны басшылар қуана қолдапты. Сөйтіп, газет басшысы, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахманов бастаған, құрамында бас редактордың орынбасары Самат Мұса, шолушы Әлисұлтан Құланбай, облыстардағы тілшілер Бақберген Амалбек, Өмір Есқали, Жолдасбек Шөпеғұл және осы жолдардың авторы бар егемендіктер тобының мамырдың 23-інде Қарағанды өңіріне жолы түсті. Егемендіктерді қарсы алушылар тобын облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Жұмабеков бастап алып жүрді. Алғашқы кездесу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшқан ұясы – Теміртаудағы Қарағанды металлургия комбинатынан басталды. Бұл кәсіпорын қазір «Арселор Миттал Теміртау» аталса да Елбасының өмірімен етене болып кеткен «Қарметкомбинат» деген ескі атауы ауызға орала береді. Егемендіктер тобына алдымен №2 домна пеші көрсетілді. Басымызға каска, көзімізге көзілдірік, үстімізге халат берген сәттен-ақ мұндағы тірліктің өзгеше екендігі біліне бастады. Атағы аспанға шыққан мұндай комбинаттан қалай әсер алмассың, бәріміз де ұмсынып, ерекше көріністердің бәрін қақас қалдырмауға тырысып келеміз. Кәсіпорынның тарихы 1960 жылдан басталады. Сол жылы зауыт алғашқы өнімін берген. Ал 1970 жылы Атасу және Оңтүстік Топар рудаларын қосқан соң зауыт металлургиялық комбинат аталған. 1991 жылы жекешелендірілгенде ол алдымен «Испат-Кармет», сосын, 2005 жылдан бастап «Арселор Миттал Теміртау» деп аталды. «Арселор Митталдың» Теміртаудағы шығаратын негізгі өнімдері – шойын, құрыш, прокат, кокс және т.б. Өз өнімдерін көптеген шетелдерге шығарады. Барлық өнімнің 25 пайызы ғана елдің ішінде қалдырылып, тұтынылады. Қазір жыл сайын 3 млн. тоннадай өнім өндіріледі, ал кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген болса, өнім көлемін 5 млн. тоннаға дейін жеткізуге болады екен. Соңғы уақытта 2011 жыл ғана кәсіпорын үшін қолайлы болыпты, қалған жылдардағы өнім көлемі аздау. Бізге жол көрсеткен сапа жөніндегі бас менеджер М.Витущенко құйма блогындағы барлық технологиялық үдерістермен таныстырып өтті. Алдымен темір мен көміртектің қосындысынан шойын құйылады. Көміртегі шойынның берік болуын қамтамасыз етеді. Оның құрамында цементит пен графит деген заттар болады. Ал құрыш 70 пайыз шойыннан және басқа темір қалдықтарының көміртектік қосындысынан тұрады. Осының бәрі домна пешінен шығып, қып-қызыл «отты өзен» болып ағып жатады. Ал конверторға құйылғанда оған фурмалар арқылы қатты қысыммен таза техникалық оттегі беріледі. Соның арқасында көміртегі толығымен жанып кетіп, таза құрыш қана қалады. Конвертор цехында балқыма қалыптарға құйылып, дайын өнімдер алынады. Соның бірі – 1,5 тонналық құрыш балкалар. Осы балкалардың бесеуін магнитті кран бір-ақ көтеріп, жүк тасығыш вагондарға артып жатқанын көрдік. Ал магнитті кран болмаса, іліп-түсірудің өзіне қаншама уақыт кетер еді. Бұл да озық технология жетістігінің бір көрінісі. Қазір мұнда 13 мыңнан артық адам жұмыс істейді. Кей жерінде бір цехтан келесі цехқа биіктегі көпірлер арқылы өтесің. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осында келген сапарларында биік көпірдің үстінде тұрып, кәсіпорынға ұзақ қарайды екен. Осында жұмыс істеген жылдарын, жастық шағын, қимас достарын еске түсіретін сияқты. Айта кететін бір жәйт, біз Днепродзержинскідегі дәл осындай комбинатта да болған едік. Олардың технологиясы әлі ескі, цехтары лас, кейбір жұмыстардың қолмен атқарылып жатқанын көргенбіз. Ал біздікінің технологиялары жетілген, цехтары анағұрлым таза екені көзге бірден шалынды. Инвестиция тартудың, озық технологиялар енгізудің артықшылықтары, тіпті, осылайша жеңіл қарағанда да көзге шалынып тұрды. Комбинаттан кейін егемендіктер осындағы Тұңғыш Президент орталығында болып, оқырмандармен кездесті. Жиналғандар арасында Елбасымен бірге еңбек еткен серіктестері де қатысып отырды. Тарихи-мәдени орталықтың директоры Төлеутай Естекбаевтың айтуына қарағанда, орталық 2011 жылы ашылған. Екінші қабатында Елбасының тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуындағы рөлін айқындайтын «Өз заманының перзенті», «Тәуелсіз Қазақстан», «Тұлғаның ерен қабілеті» «Қазақстан жолы» және т.б. алты экспозициялық залдар жұмыс істейді екен. Орталық ашылғаннан бері 1224 тақырыптық экскурсия жүргізіліп, мұражай залдарын 19 500 адам тамашалаған. «Егемен» қызметкерлерінің халықпен кездесуі орталықтың 144 орындық залында өтті. Оны ашқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Жұмабеков оқырмандарға меймандарды түгел таныстырған соң алғашқы сөзді «Егемен Қазақстан газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановқа берді. Басылым басшысы өзінің сөзін «отты өзенді» көріп, үлкен әсермен келіп отырғанымыздан бастады. Одан әрі 1973 жылы осында болған оқиғаны еске алды. Сол жылы Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қалалық партия комитетінің екінші хатшысы ретінде өзі бастама көтеріп, «Егеменнің» (ол кезде «Социалистік Қазақстан») бас редакторы Ұзақ Бағаев бастаған облыстардағы меншікті тілшілерінің көшпелі отырысын өткізуді ұйымдастырыпты. Сол кезеңдерді еске ала отырып, Сауытбек Абдрахманұлы «Егеменнің» ежелгі тарихынан бастап, бүгінгі тыныс-тіршілігіне дейін қызықты әңгіме айтып берді. Одан әрі басылым басшысы оқырмандардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Амангелді Нұрлан, Сұлтан Сабырбаев, Тілеуберді Смағұл, Қазбек Амандықов және т.б. сұрақтарының бәрі де елдік мәселелерге арналды. Соның ішінде «Мәңгілік Ел» идеясы, «Қазақстан» атауының «Қазақ елі» және Петропавл мен Павлодар қалалары атауларының қазақы болып өзгеруі, рулық шежірелерді жариялау жайы, еңбек адамдарының газет беттерінде көрінуі, т.б. мәселелер сұралды. Бірде-бір адам материалдық жағдайдың қиындығын, тұрмыстық проблемалар жайын қозғаған жоқ. Жиынды ақсақалдар алқасының төрағасы Асылхан Бекболатұлы қорытып, жиналғандар атынан егемендіктерге алғысын айтты. Кездесу қорытындысында ақсақалдар ұйымының өнер ұжымы қонақтарға бірнеше ән орындап берді. Осыдан әрі егемендіктер Қарағанды қаласына жол тартты. Қарағандыдағы алғашқы кездесу Мемлекеттік техникалық университетте (ҚМТУ) өтті. Университет ректоры, академик Арыстан Ғазалиев қонақтарды есік алдынан қарсы алып, жол бастады. Жуырда, Еуропа ғылыми-өнеркәсіптік палатасы әлемдегі 2678 ЖОО-ны сараптап, олардың еуропалық стандартқа сайлылығын анықтағанда, осы университет қазақстандық бес оқу орнының бірі болып, жоғары рейтингі барлардың арасынан табылыпты. Өздері бұл бағаға өте қуанышты екендіктері көрініп тұрды. Университеттің үлкен залында болған кездесуді ашқан университет ректоры А.Ғазалиев те сөзін осынау жетістіктен бастап, оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып берді. Соның ішінде облыстың индустрияландыру картасына енетін 75 кәсіпорынмен 29 мамандық бойынша 2984 маманды мақсатты даярлау туралы шарт жасалғанын жеткізді. «Армандастар ордасы» атты 800 орындық Қазақстандағы ең ірі студенттер үйінің салынып жатқаны да қуанышпен жеткізілді. С.Абдрахманов ҚМТУ-дің құрметті профессоры болып қабылданды. Осыдан кейін ол «Елбасы және «Егемен Қазақстан» атты тақырыпта өзінің дәрісін оқыды әрі жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында осы жерде қызмет істейтін ақын Сәбит Бексейіт «Егеменге» арнаған өлеңін оқыды. «Шығу үшін дағдарыстан, Жұртым дұрыс бағдар ұстан!» – Деп күніге айтып жүрген «Егемен Қазақстан». Бастап ата салтымыздан, Айналады халқымыздан. Ұлттық түлеу тілеулесі – «Егемен Қазақстан». Кетсе де асып жасы алпыстан, Зейнеткер көп хат алысқан. Жастығының астында оның «Егемен Қазақстан», – деді ақын. Осы күні кешке егемендіктер «Мерейлі отбасы» атты жалпыұлттық конкурсты облыс әкімі Бауыржан Әбдішевпен бірге тамашалап, оның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына куә болды. Бұл конкурста бас жүлдені Жұманғали Сәпиевтің отбасы жеңіп алды. Лондон Олимпиадасының чемпионы, үш баланың әкесі Серік Сәпиев шыққан отбасының бас бәйге алғанына біз де шексіз қуандық. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы...» Келесі күні таңертең егемендіктер Қарқаралы ауданына бет алды. Бұл жолғы сапарымызды «Егемен Қазақстан газеті» АҚ-тың вице-президенті – бас редактор Жанболат Аупбаев бастады. Қарқаралыда бізді аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы бастаған жігіттер қарсы алды. Олар бізге атақты Қарқаралы қаласының тарихи орындарын көрсетті. Алдымен Құнанбай қажының мешітін тамашаладық. Архитектуралық ескерткіш болып саналатын оның бойына сыйдырып тұрған тылсым тарихы мол. «Абай жолын» оқыған қазақтың бәрі оны Құнанбайдың аға сұлтан болып, алыс-жақынға әмірін жүргізіп тұрған кезінде, 1856 жылы салғызғанын біледі. Ұлы Мұхтар Әуезов оның ашылу салтанатынан кейінгі ас беруді тілінің майын тамызып суреттеген. Міне, енді сол сәулет орнын көзімізбен көруге мүмкіндік туғанда жүрегіміз лүпілдеп, оның іші-сыртына көз алмай қараумен болдық. Құнанбай қай жерде отырды екен, Алшынбай қай жерінде тұрды екен деп оның барлық бұрыштарын көзбен қуалап шықтық. Найб-имам Рауан Айтқазиннің айтуына қарағанда, тұрақты намазхандардың саны жиырма шақты екен. Ал жұма намазында кісі сыймай кететін көрінеді. Мешіттен кейін бізді жол бастаушыларымыз Құнанбай түсіп жүретін Халиулла Бекметов деген татар көпесінің үйіне апарды. Қазір аудандық музыка мектебі болып тұрған бұл ғимараттың да тарихы мол. Осы үйге Абай да талай рет келіп, әкесімен бірге қонып жүрген. Ұлы адамның қолының таңбасы қалған жәдігердің қай жерінен ұстасақ екен деп жапа-тармағай ұмтылып жатырмыз. Абайдың жатқан бөлмесі мынау дегенде сол жерге әрі-бері аунап алған әріптестеріміз де болды... Биыл Қарқаралының қадасы қағылғанына 190 жыл болады екен, жергілікті билік соны атап өтуге дайындалып жатқан көрінеді. Қаладағы үшінші көрген жәдігеріміз – Мәдидің ескерткіші. Мүсіншінің шебер шешімі мен бай фантазиясы батырдың шын келбетін бейнелей алыпты. Ортасынан озып туған білімді, әрі батыр, ақын, балуан, әнші, композитордың бар болмысы оған сыйып тұрғандай. Ең бастысы... Бұл ескерткіш Мәдидің қаны тамған жерге тұрғызылған екен. НКВД-ның жендеті халықтың айтқанына көнбеген өр мінезді, ерке ұлын дәл осы жерде атып өлтіріпті. Қанішердің аты-жөні де белгілі, алайда жазықсыз ұрпағының бетіне шіркеу болмасын деп атамадық. Сайлау Әлиұлы Қарқаралының бұдан басқа да тарихи орындары көп дегенімен, уақыттың тығыздығына байланысты жолға шықтық. Ендігі бет алысымыз Қасым ауылы. Кәдімгі «дауылдай өртке тиген» өлеңдер қалдырған «Аманжол Рақымжанның Қасымы». «Ей, тәкаппар дүние!» деп дүниені өзіне қаратқан Қасым осы. Бұл ақынға қанша эпитет жапсырсаң да Мұқағалидың: «Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің, әммесінен Қасымның десі басым!» деген бір жолынан артық айта алмайсың. Қасым ауылы таудың етегіне, оның ық жағына емес, жел жағына қоныс теуіпті. Қастасқанға қасқая қарап, қарсы тұратын дауылпаз мінез ақынға желден ықпай, егесе қарап тұрған өз ауылының топырағынан жұққан шығар, бәлкім. Айтқандай... Қасым ауылы анадайдан көрініп тұрған жерде осыдан 3-4 жыл бұрын «Алтын адам» табылған «Талды-2» қорымы бар екен. «Егемен» кезінде бұл туралы бірінші болып егжей-тегжейлі жазды. Сөйтіп, қазақ даласы ежелгі өркениеттің ошағы болғандығын Қарқаралының қасиетті жері де дәлелдеген. Егемендіктер Қасым Аманжоловтың ескерткішіне тағзым етіп, гүлдесте қойды. «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, Қараймын елесіңе мен таңырқап», деп Қасымның өзі айтқандай, бақытты ұрпақ, тәуелсіз елдің балдырғандары ескерткіш басында ақын бабаларының өлеңдерін оқыды. Соның ішінде, әсіресе, бастауыш сынып оқушысы Аружан Мағаз деген қыз баланың өнеріне риза болдық. Одан әрі мектеп директоры Мақсат Оспанқұловтың бастауымен осында жиналған оқырмандармен кездесу өтті. Жалпы, Қарқаралы халқы белсенді оқырман екен. Аудан халқы 40 мың болса, 22 мыңы баспасөз өніміне жазылатын көрінеді. Соның ішінде 1 мыңнан артығы – «Егемен». Қасым ауылында 220-дан артық шаңырақ бар, мектеп оқушыларының саны – 180. Кездесуде «Егеменнің» вице-президенті – бас редактор Жанболат Аупбаев басылымның тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында әңгімелеп берді. Қойылған сұрақтардың қатарында газетті шағын көлеммен шығару туралы ұсыныс болды. «Сонда бағасы да арзандап, оқылуға да жеңіл болар еді», деді Қартабай Исин деген қарт оқырман. Оған ресми материалдарды «Егемен» ғана басатындығы, газеттің көлемін шақтау мәселесі жоғарыдан ғана шешілетіндігі айтылып, жауап берілді. Қасым ауылынан аттанған соң Қарқаралының ең шеткі елді мекені –Аппазға бет алдық. Қазір Қайнарбұлақ округінің орталығы болып отырған бұл ауыл бір кезде Жамбыл кеңшарының орталығы болыпты. Тұрмыстары күйлі, сары қымызды сапырып, сары аяққа бал құйып, сақтап ішіп отыр. Округте 38 шаруа қожалығы бар екен, олар 3 мыңнан артық қой өсіреді, 5500 гектарға егін салады. Жылқы мен қара мал да жетерлік. Біз Разақ Әли есімді бұрын кеңшар директоры болған шаруа қожалығы басшысының үйіне түсіп, дәм таттық. «Аппаз» деген сөз арабшадан аударғанда қатаң, кәрлі деген мағынаны береді екен. Атына заты сай осы ауылдан аттанарда аспан әлемі түнеріп сала берді. Бір қара бұлт жүргіншілердің үстінен өне-бойы төнді де тұрды. Алайда жауын жауған жоқ. Ал біздің сапарымыз ауылдың қара жолымен жалғасып жатты. Мақсатымыз – Қарқаралы тауларының ең биік шыңы – Ақсораң (1565 м) арқылы Ақтоғай ауданына өту. Тас жолмен барсақ, ұзақ айналады екенбіз, сондықтан 45 шақырымдық даланың қара жолымен жүргенді жөн көрдік. Оның үстіне бұл бағыт тұнып тұрған тарих екен. «Ақтоғай – мекендеген Арқа белін» Ауылдың жолы, жарықтық, атауы жақсы болғанымен, алқауы қиын емес пе қашаннан, осы 45 шақырымды біз 4 сағатқа жуық жүрдік. Ұсақ шоқылардың сілемдері болып жатқан кең дала көзге жазық көрінгенімен, ойпатты өзектері көп екен. Сол өзектерде әлі күнге қардың суы жатыр. Ені жалпақ болмаған соң екпіндетіп келіп, өтіп-ақ кететін шалшықтардан қаладан шығып көрмеген тәжірибесіз жүргізушіміз қорқа соғып ақырындай қалады. Ақырындап қалған соң белгілі, жапонның микроавтобусын қара жер тұтқындай қояды. Біз жеңіл болсын деп жерге түскен соң шығарып салып келе жатқан немесе күтіп алған «Нива» көліктері оны зу еткізіп сүйреп шығарады. Сөйтіп, белгіленген жерімізге екі сағат кешігіп, кеш қараңғылығы қоюланғанда бір-ақ жеттік. Бізді Ақтоғай шекарасында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нөкеш қарсы алған, сол кісінің бастауымен Қызыларай ауылының мәдениет үйіне келіп тоқтадық. Бізбен кездесуге жиналған халықтың біршамасы мал-жан бар дегендей, кетіп қалыпты, соның өзінде зал толы болды... Осы жерден бастап Ақтоғайдың тарихымен таныса бастадық. Айқын Несіпбайдың жолды осылай таңдап қана қоймай, қайтсе де Ақтоғайды көрсетуге тырысқанының ар жағында үлкен сыр бар екен. Ақтоғай да Қарқаралы сияқты Қарағанды облысындағы қазақы ауданның бірі көрінеді. Жергілікті халықтың үлесі 95 пайызға жуық. 52 мың шаршы шақырым жері, 19 мыңдай халқы бар. Ең бастысы, жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихы бай екен. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, алашорданың атақты тұлғалары, математикадан тұңғыш профессор атағын алған Әлімхан Ермеков пен атақты заңгер Жақып Ақбаев, «қазақ бұлбұлы» Күләш Байсейітова, әншілер Манарбек Ержанов, Әсет Найманбайұлы, тамаша суретші Сахи Романов сияқты қазақтың атақты ұл-қыздары осында дүниеге келіпті. Ақтоғайлықтар қазіргі ақиық ақындардың бірі Серік Ақсұңқарұлының есімімен де орынды мақтанады екен. Бегазы-Дәндібай мәдениетінің де ошағы осы аймақ. ...Қызыларай мектебіндегі кездесу де қызықты өтті. Амангелді Әбдіразақов, Мереке Әдіханова, Төкен Қасымбеков секілді кісілер сұрақтарын да қойып, пікірлерін де айтып жатты. Қызыларайлықтар шетінен шешен, әнші болып келеді екен. Басқа жердегі қазақтар әңгіме айтса текіректеп, бір сөзін қайталап, тұтыға берсе, қызыларайлықтар сөзді аққан селдей тасқындатады. Өздері егемендіктер келеді дегенге қатты елеңдеп, бірнеше күн тосыпты. Әнші Зайра Дәрібаева мен Мәдениет Төлеубаев «Қызыларай», «Ақтоғай» әндерін шырқап берді. «Атыңды айтып мақтанайын, Алтын бесік Ақтоғайым», деп шырқағанда, патриоттық сезімдердің шалқып тұрғанын көзімізбен көрдік. Шағын зал іші толқып кетіп, ән қайырмасына қосылып отырды. Қызыларай ауылдық округінде 58 шаруа қожалығы, 39 қыстақ бар көрінеді. Ауыз су мәселесі шешілген, интернет бар, тек жол мәселесі ғана қиындау деседі. Басқа жағынан ауылдың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Бізді Қызыларайда қаладағыдан бетер етіп екі қабатты жайлы коттедж салып алған Төкен Қасымбеков ақсақалдың үйіне түсіріп, қонақ етті. Бұл кісі де 60 шақты жылқысы, 120 сиыры, 300-дей қойы бар іргелі қожалықтың иесі көрінеді. Осы ақсақалдың өзі, оның 5 жасында қасқырдың апанына кіріп, бес бөлтірікті алып шыққан немересі, өз қаражаттарына ауыл балаларына бөбектер айлағын тұрғызып жатқан жерлестері – Ақпанбаевтар әулеті және басқалар туралы жол-жөнекей жазбай, арнаулы мақала арнамақпыз. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, ауданға әкім болып Ниханбай Омарханов деген іскер азамат келіп жатыр екен. Бұған дейін Қарқаралы ауданында он жыл әкім болған бұл жігіттің үлкен еңбегін де жерлестері жол бойы жыр ғып айтып отырды. Бізді Бегазы-Дәндібай мәдениеті табылған орынға, одан Әлихан Бөкейханов әулеті жерленген Талды-бейіттің басына апарып, зиярат еткізген аудандық музейдің директоры, тамаша патриот, білікті өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанов болды. Осы екі азамат туралы да арнайы жазуды алдымызға мақсат етіп қойып отырмыз. Ақтоғайдың өз басына жақындаған жолда тоқтағанымыз Жалғасбай Шәмбеков деген шаруа қожалығы болды. 120 жылқысы, 300-дей қара малы, 600-дей қойы мыңғырып жатқан бұл бай жігіттің қолы ашық, мырза да екен. Ол «Егеменнің» 95 жылдығына байлағаным деп редакцияға бір жылқы атады. Осыдан әрі Қарағанды облысының әкімдігі жолсапарға пайдалануға берген мәшинемізбен жалпақтығы 9-10 метрдей болатын Тоқырауын өзенін «Беларусь» тракторының көмегімен кешіп өтіп, Ақтоғайдың өз басына жетіп, аттың басын іріктік. Бұл жерде аудан әкімі Ниханбай Омархановпен кездесіп, музейді аралап, одан 1500 данамен тарайтын «Тоқырауын тынысы» газетінің қара шаңырағына бас сұқтық. Содан кейін Ақтоғайдан алған зор әсерден арыла алмай, бірге жүрген қарағандылық азаматтармен де қимай қоштасып, кешкісін Астанаға бет түзедік. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». ТЕМІРТАУ – ҚАРАҒАНДЫ – ҚАРҚАРАЛЫ – АҚТОҒАЙ –АСТАНА.