Палата Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Үкімет сағатын аша келіп, қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі маңызды болып қала беретінін атап өтті. Ол құрылыс саласының өсу қарқынын сақтау ұлттық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал ететінін жеткізді.
«Бүгінде Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі құрылыстың үлесі 6%-дан сәл асады. Сонымен бірге БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының мәліметі бойынша 2010 жылы бізде бұл көрсеткіш 8% деңгейінде болды. Сонымен қатар осы экономикалық көрсеткіштер бойынша Қазақстан Әзербайжан мен Армения сияқты ТМД елдерінен, сондай-ақ Балтық жағалауы елдері – Литва мен Эстониядан төмен болып отыр. Сондықтан құрылыс саласының өсу қарқынын сақтау ұлттық экономиканың дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді», деді О.Перепечина.
Сенатор Серік Шайдаров өз кезегінде Үкіметтің назарын тұрғын үй құрылысы саласындағы нақты проблемаларға аударды. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары сапасының төмендігі, мемлекеттік сатып алу тетіктерінің жетілмегені, құрылыс материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ ауылдық жерлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың жоқтығы туралы айтылды.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұрғын үй біздің азаматтарымыз үшін қашанда күрделі сұрақ деп атап өткен болатын. Әлеуметтік әл-ауқат тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты, оны шешу мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысы әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, Қазақстанның экономикалық өсуіндегі драйверлердің біріне айналуға тиіс. Бүгінде құрылыс секторында 637 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл ел экономикасының нақты секторындағы барлық жұмыспен қамтылғандардың шамамен 17,5 пайызын құрайды.
Осы салада 50 мыңнан астам компания қызмет атқарады. Бұл – экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың жалпы санының 42 пайызы. Тұрғын үй құрылысының белсенді дамуы 2021 жылы 2,4 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді, бұл 2020 жылғы деңгейден 19,1 пайызға артық. Қалыптасқан үрдіс ішкі жалпы өнімдегі құрылыстың үлесі 6 пайыздан астамды құрап, шикізаттық емес сала үшін ең маңыздыларының бірі болады», деді С.Шайдаров.
Осы орайда сенатор тұрғын үй құрылысы саласының дамуын тежейтін жүйелі проблемалар мен кедергілерге назар аударды. Атап айтқанда, құрылыс нысандарының сапасы төмен. Бұл мәселені уәкілетті орган цифрландыру арқылы шешуді жоспарлаған. Алайда сенатор «Е-Құрылыс» секілді ақпараттық жүйелер тек бұзушылықтарды тіркейді, ақауларды азайтуға және оларды жоюға, сондай-ақ салынған объектілердің сапасын жақсартуға ықпал етпейді.
«Бұқаралық ақпарат құралдарынан мысал келтірсек. Алматы қаласының Зерделі шағын ауданында сапасыз құрылысқа байланысты қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 108 отбасыға арналған екі апатты үй бұзылып жатыр. Бұл ретте апатты нысанды бұзу үшін құрылысқа жұмсалғаннан екі еседен астам қаражат қажет. Егер бұл үйлерде адамдар тұрып, апат болса, қандай қасірет болатынын ойлаудың өзі қиын. Сондықтан Үкімет инженерлік персоналды сертификаттау және жобалау кезеңінен бастап, құрылыс аяқталғанға дейін құрылыс компанияларын аккредиттеу арқылы құрылысты бақылау жүйесін жетілдіруі керек.
Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алу тетігінің жетілмеуі де мәселе. Бүгінгі таңда, бір компания елдің әртүрлі аймағындағы бірнеше конкурстың жеңімпазы ретінде анықталуы мүмкін. Бұл жағдайда жұмыстың көп бөлігі кейіннен қосалқы мердігерлікке, кейде көп сатылы қосалқы мердігерлікке беріледі. Осындай тәжірибе мердігерлердің келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына, құрылыс сапасының төмендеуіне, сондай-ақ бір қосалқы мердігерден екіншісіне бағаның өсуіне әкеледі. Осыған байланысты, объектілер консервацияланады, ішінара талданады және оларды аяқтауға немесе қалпына келтіруге қосымша қаражат талап етіледі», деді С.Шайдаров.
Мысалы, Есеп комитетінің мәліметінше, құрылысы 2014 жылы басталған және нормативтік ұзақтығы 11 ай болатын, еліміздің бір қаласындағы 120 пәтерлік екі үйдің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Ал жоба 21 пайызға қымбаттаған.
«Бұл мәселені шешуде жаңа тәсілдер қажет деп санаймын. Сондықтан Үкімет адами факторды барынша алып тастай отырып, Мемлекеттік сатып алу порталында материалдық-техникалық және еңбек ресурстарын ескере отырып, бір компанияның конкурстарына қатысуға және жеңуге автоматтандырылған лимиттерді белгілеу арқылы цифрландыруды тереңдетуі қажет деп есептейміз.
Үшінші, құрылыстың қымбаттауы. Есеп комитетінің мәліметінше, құрылыс материалдары құрылыс нысандарының сметасында тұрғын үй құнының 65 пайызын құрайды. Сондықтан нарықтағы кез келген ауытқу, жеке құрылыс индустриясының дамуы құрылыс құнына ғана емес, сондай-ақ жалпы тұрғын үй құрылысының қарқынына да тікелей әсер етеді.
«Қазиндустрия» АҚ-ның деректері бойынша елдің құрылыс материалдарын өндіру саласының құрылымы айқын шикізат бағытына ие. Қазақстанда жоғары дәрежелі қайта өңдеу өнімдерін өндіретін кәсіпорындар жеткіліксіз. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 18 негізгі құрылыс материалдары бойынша импорттың үлесі 50 пайыздан асады. Бұл ретте 2022 жылғы қаңтар-тамызда отандық нарыққа құрылыс материалдарының импорты шамамен 3 пайызға артты, яғни 799,5 млн долларды құрағанын атап өту қажет», деді С.Шайдаров.
Сонымен қатар қаптамалы керамикалық кірпіштер, бетоннан жасалған бұйымдар, силикат және қож кірпіштері, портландцемент, құрастырмалы құрылыс конструкциялары, тауарлық бетон өндірістері төмендеген. Цемент пен әк өндірісінде де жағдай тұрақты емес. Елде жетіспейтін құрылыс тауарлары шетелден импортталады. Бұл қазақстандық кәсіпорындарға кедергі келтіріп отыр. Импорттық тізбектердің бұзылуы салдарынан өткен жылы құрылыс материалдарының барлық түрлерінің іс жүзінде 50 пайызға, ал кейбір материалдар бойынша 100 пайызға қымбаттады.
«Тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік осал топтарын айқындау жөніндегі тәсілдерді қайта қарау қажет. Жақында ғана «толық емес отбасыларды» жылдық 2%-бен кредиттеудің жеңілдікті мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй алу мүмкіндігін көздейтін «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығаруға қатысты шешім қоғамдық резонанс туындады. Мұндай шешім бірнеше себептерге байланысты қабылданды. Олардың ішіндегі ең бастысы – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің пікірінше, мемлекеттен қолдау алу мақсатында 2019-2020 жылдары жалған ажырасудың екі есе ұлғаюы.
Мүмкін, бұл жерде шындық бар шығар. Алайда бүгінде 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж. Соның 60 пайызының табысы күнкөріс деңгейінен төмен. Мұндай отбасылардың көпшілігі үшін жылдық 5% несиелік тұрғын үй алу өте ауыр болады. Сондықтан уәкілетті мемлекеттік органдар осы мәселені жан-жақты зерделеп, нақты мұқтаж толық емес отбасылар үшін жылдық 2%-бен кредиттік тұрғын үй алу тетігін, соның ішінде халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларға өзгерістер енгізуді айқындауы қажет деп санаймын», деді С.Шайдаров.
Осы орайда, сенатор мына мәселеге назар аударды. Қазіргі таңда Екінші дүниежүзілік соғыстың 88 ардагері үй алу кезегінде тұрған көрінеді. Бірақ 2015 жылы ардагерлердің бәріне баспана берілгені хабарланған болатын.
«Ауылдық жерлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалар жоқ. Қазақстанда Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша халықтың 41 пайызы немесе 7,8 млн адам тұратын 6 293 ауылдық елді мекен бар. Сонымен бірге ауылдық жерлерде елдің тұрғын үй қорының тек 35 пайызы немесе 137,5 млн шаршы метр шоғырланған. Ауылдық жерлердің бір тұрғынына жалпы ауданы 19,8 шаршы метр болатын тұрғын үй жайлары келеді. Ал қалада 25,5 шаршы метр, яғни 1,3 есе көп. Бұл ретте мұндай алшақтық тек ұлғаяды. Өйткені бүгінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалық құжаттарда ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі бағыттар жоқ.
Бос жер учаскелері тапшы. Миллиондық қалалар қажетті инфрақұрылыммен, инженерлік және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етілген мемлекеттік қордан бос жер учаскелерін сарқу проблемасына тап болуы мүмкін екеніне назар аударғым келеді. Мұндай проблема бүгінде Алматы қаласында бар. Қалада тұрғын үй бумы жағдайында мектептер, балабақшалар мен емханалар құрылысының қарқыны 3 есе артта қалып отыр. Бұл ретте Алматы қаласын дамытудың Бас жоспарына және жоспарлау жобасына сәйкес аумақты кешенді қайта құру және тозығы жеткен құрылыстарды бұзу шеңберінде 104 мектеп пен 230 балабақша қарастырылған», деді С.Шайдаров.
Мұндай жағдай елордада да қалыптасқан. Әлеуметтік нысандардың жетіспеуіне байланысты биыл мектептердің бірінде 18 бірінші сынып тіркелген. Осыған байланысты сенатор Үкіметке бірқатар ұсыныс жасады.
«Осы проблемаларды ескере отырып, Үкімет мемлекеттің жер қорын есепке алып және тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың біркелкі құрылысын болжап жүргізуге орай қалалардың бас жоспарын әзірлеу тәсілдерін қайта қарауы қажет. Сондай-ақ Үкіметке мемлекет мүддесі мен тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру үшін жағдай жасау қажеттігін ескере отырып, осы проблемаларды шешудің оңтайлы тетіктерін әзірлеуді ұсынамын», деді сенатор.
Үкімет сағаты барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан және Абай облысының басшылығы, «Отбасы Банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбеков баяндама жасады.
Іс-шараны жүргізіп отырған Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков Үкімет сағаты барысында әзірленген ұсыныстарды атап өтті. Үкімет ол ұсыныстарды аса мұқият бақылауға алуға тиіс.
«Құрылыс көлемін ұлғайту, халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуда мемлекеттік қолдау шараларының атаулы болуы мен тиімділігін арттыру талап етіледі. Құрылыс материалдарының импортын азайтуға, сондай-ақ отандық құрылыс өнімдерін өндіру нарығын дамытуға бағытталған шаралар қабылдануы керек. Сондай-ақ ескірген тұрғын үй қорына байланысты мәселелерді шешу тәсілдерін әзірлеу қажет», деп атап өтті Д.Әділбеков.
Жұмыс қорытындысы бойынша Сенат депутаттары әзірленген осы және басқа да ұсынымдар Үкіметке жіберіледі.