Қазақстан • 27 Қараша, 2022

Ауылды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын

774 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту мәселесі тура­лы Жарлыққа қол қойды. Бұл – Мем­лекет басшысының жаңа прези­денттік мерзімдегі бірінші Жар­лығы. Осылайша, аталған құ­жат арқылы Үкіметке ауылды дамы­тудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Ауылды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Өткен аптада жаңа мерзімге сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өткені белгілі. Мемлекет басшысы аталған рәсімде сөйлеген сөзінде бірнеше маңызды мәселеге назар аударды. Соның ішінде ауыл туралы айтылған бастама жұрт­шы­лықтың көңіліне жақты.

– Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жар­лыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкі­метке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған бар­лық жобаны жүйелі түрде реттеп, жи­нақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түр­де тиімді жұмыс жүргіземіз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде.

Қостанай облысының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозовтың пікіріне қарағанда, алдымен ауылдарды алалағанды доғару керек. Өйткені қазір «келешегі жоқ ауыл» де­ген сөзді жиі еститініміз рас. Көпшілік ара­сында әңгіменің ретіне қарай айтылса бір сәрі ғой, биік мінберлерден естіп жүрге­ні­міз қынжылтады. Оның айтуынша, адам­ның үрейін ұшыратын мұндай суық сөз ел қыз­мет­інде жүрген азаматтар тарапынан айтыл­мауға тиіс.

– Өйткені ауылдарды алалауға болмайды. Бірін «тірек ауыл» деп, екіншісін «келешегі жоқ ауыл» деп бөлу дұрыс емес. Қазақта «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» деген сөз бар. Туған ауылының түлегенін бәрі қалайды. Алайда «келешегі жоқ ауыл» деген сөз жиі естілген сайын ауылда малын бағып, шаруасын дөңгелетіп отырған халықтың бойын үрей билей бастады. Әлбетте, әркім өзінің қалаған жеріне қоныстануға ерікті. Бірақ «келешегі жоқ ауыл» деп ат қойғаннан кейін халықтың көңілі орнықпайды. Әсіресе, мұндай ауылға жастар тұрақтамайды. Жастар кеткен соң, ауыл «қартайып», ойдағыдай жұмыс істеп тұрған шаруашылықтар өркендемей, құрып тынары ақиқат, – дейді К.Карбозов.

Оның пікіріне ден қойсақ, Үкімет ауылдардан жөн-жосықсыз көшу мәселесін қатаң бақылауға алуы керек.

– Туып-өскен ауылым Көлқамыс деп аталады. Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарайды. Ауылдың іргетасын кеңестік заманда өзім қалаған едім. Өкінішке қарай, тұрғындар тоқырау жылдары жан-жаққа көше бастады. Ауылдың тапа-тал түсте талан-таражға түсіп жат­қанын көріп отыра алмадым. Халықты жинап, ақылдастым. Олар не себепті көшіп жатқанын түсіндірді. «Жағдай қиындады», «жарық, байланыс жоқ» деп түрлі себептерді атады. Рас, кеңестік заманда адамдар алаңсыз өмірге үйренді. Кейін қоғам өзгергеннен кейін жұмыссыз қалған адамдар не істерін білмей абдырап қалды. Туған ауылымды сақтап қалу үшін әрі көші-қонды тоқтату мақсатында жеке шаруа қожалығын ашып, ауылдастарыма жағдай жасап, жұмыс берсем деген ұсыныс жасадым. Жоспарыммен бөлістім. Соның нәтижесінде Көлқамыс ауылын 1992-2005 жылдары басқардым. Жасым сексеннен асса да ауылымның өсіп-өркендеуіне әлі де үлесімді қосып келемін. 2005 жылдан бері өзім ашқан жеке шаруа қожалықты ұлым Манат басқарып келеді. Ауылда 300-дей адам тұрады, мәдени мекемелер жұмыс істеп тұр. Әр үйге телефон байланысы мен жоғары жылдамдықтағы интернет қосылған. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыз су құбыры тартылды. Шағын ауылдың көшелеріне тас жол төселген, ауылымыз жағалай жасыл ағаштармен көмкерілген, яғни дәулетіне сәулеті сай Көлқамысқа айналды. Ауылдарға дәл осындай қамқорлық керек, – дейді ардагер.

Туған ауылын көркейтіп отыр­ған­дар­­дың қатарында ақтөбелік кәсіпкер Жұма­­бай Бекмағамбетов те бар. Кәсіпкер ауылды сақтап қалу үшін барын салуда.

– Қарлау ауылы Хромтау ауданында орналасқан. Осы жерде туып-өскен соң елді мекеннің гүлденуі жолында аянбай еңбек ету – парызым. Екі жыл бұрын өз қаражатыма ауылдағы бас­тауыш мектептің құрылысын бастап, был­тыр пайдалануға бердік. Жергілікті амбулаторияның да қызмет етуіне жағдай жасадық. Енді әр үйге ауыз су мен газ жетсе деген тілек бар. Бірақ ол үшін биліктің көмегі қажет. Басты мақсатым – Қарлау елді мекенін құлатпау. Осы ауылға көшіп келіп, орнығам деген адамдар болса, қуана қарсы аламыз. Шаруа қожалығымның атынан көтермеақы ретінде 1 сиыр, 10 қой беремін. Ауылда бос үйлер бар. Соларды сатып алып беруге әзірмін. Келесі жылы амандық болса, үй салуды бастаймын деген жос­пар бар. Ауыл – азаматымен көрікті. Сондықтан өмірдің ағынымен жан-жаққа тарап кеткен ауылдықтар өздерінің туған елді мекендеріне оралуы керек. Біздің кіндігіміз ауылға байланған. Одан алыс­тап ешқайда кете алмаймыз. Сондықтан Президенттің ауылды дамытуға көңіл бөліп отырғаны құптарлық қадам. Бес жылдық бағдарламадан көп дүние күтеміз, – дейді Ж.Бекмағамбетов.

Қазір Қарлау ауылында 30 шақты үй бар, 150-ге тарта адам тұрады. Негізгі кәсіп – мал шаруашылығы. Ауылға малшы, тракторшы, механизатор, ветеринар секілді мамандар қажет. Қожалық иелері лайықты жалақы төлеуге де әзір. Ал отбасылы жандар болса, балаларын жергілікті мектеп қабылдауға дайын.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсен­­баевтың айтуынша, халық Мем­лекет басшысының ауылды дамытуға қатысты Жарлығын жақсы қабылдап жатыр.

– Ауылды гүлдендіру, өркендету керек. Өйткені елдегі үлкен қалалардың урба­низацияға әлі дайын еместігін түсінетін уақыт жетті. Сол себепті қаладағы барлық инфрақұрылым, мәдениет үйлері, жақсы медициналық орталықтардың ауылда да салынғанын қалаймыз. Ауылды қолдау – құптарлық қадам. Елімізде 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымын дамыту. Жоба аясында бес жылға 500 млрд теңге бөлінген болатын. 2019-2021 жылдары оның шамамен 200 млрд теңгесі игерілді. Әзірше 665 ауылға қажетті инфрақұрылым салынды. Жоба аясында биыл 576 елді мекендегі жағдайды жақсартуға 128 млрд теңге қарастырылған. Үкіметтің есебінше, оның 91 млн теңгесі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына, 454 млн теңгесі әлеуметтік инфрақұрылымға, 511 млн теңгесі көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Келер жылы 663 ауылдағы жағдайды дамыту үшін 140 млрд теңге қарастырылып отыр. Президент тапсыр­масы бойынша ауылды дамытуға алдағы жылдарға 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінетіндігі айтылуда. Бұл қомақты қаржы. Тиісінше, оған көп шаруа тындыруға болады, – дейді Е.Бейсенбаев.

Экономист Талғат Демесіновтің пікіріне сүйенсек, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға ден қою қажет. Қазақстанда 6 293 ауыл бар. Онда шамамен 8 млн адам тұрады. Бұл – ел халқының 41 пайызы. Біле білген адамға бұл – үлкен нарық.

– Негізі отбасылық кәсіпті бастауға қолайлы жер – ауыл. Сондай-ақ ауылда өңдеу жұмыстарын арттыруға мүмкіндік бар. Жалпы, ауыл экономикалық дамудың драйверіне айнала алады. Сондықтан батыл қадамдар жасау керек. Президент айтқан бес жылдық бағдарламадан көп нәтиже күтеміз. Осы орайда назар аударатын бір мәселе бар. Ол – екінші деңгейлі банктердің ауыл кәсіпкерлеріне несие беруге келгенде құлықсыздық танытатыны. Банктердің несие қоржынындағы ауылдың үлесі тым төмен. Осы мәселе шешілсе, біраз түйін өздігінен тарқатылар еді. Ауылдағы жұмыссыздық мәселесі де шешімін табары даусыз. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша осы уақытқа дейін 66 мың ауылдық тұрғын кәсіпкерлік негіздерін меңгерген екен. 10 мың адамға жеке ісін бастау үшін 50 млрд теңге көлемінде несие берілген. Осындай қолжетімді жобаларды қолға алу маңызды, – дейді Т.Демесінов.

Олимпиада чемпионы, марқұм Жақ­сы­лық Үшкемпіровтің «Қазақстанда көп болса 5 мыңнан аса ғана ауыл бар шығар. Сол 5 мың ауылды өз қамқорлығына алатын 5 мың қазақтың жігіті табылмайды деймісіз? Табылады! Әрқайсымыз бір-бір ауылды қолға алып көтеріп жіберсек, ұрпақ үшін одан асқан қандай бақыт болуы мүмкін?! Менің басты арманым осы», деген сөзі ойға оралып отыр. Шын мәнінде, бұл сөз ел азаматтарының бұлжымас қағидасына айналуға тиіс. Президент айтқандай, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын.