Пікір • 28 Қараша, 2022

Қолдау көрсету – баршаның міндеті

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа 7 жылдық мерзімге қайта сайлануына байланысты ұлықтау рәсіміндегі сөздерін толық тыңдап шықтым. Президент жауапкершілігіне орасан зор міндеттер алды. Ата Заңымызға қолын қойып, бүкіл халыққа ант беріп, «Мемлекет, ел мүддесі мен үшін бәрінен биік, ел сенімі мен үшін ең үлкен жауапкершілік» деп толғана сөйлеуі – біле-білген адамға өте керемет әсер қалдырғаны анық. Орасан жауапкершілікті мойнына алу, «орындаймын», «орындатамын», «барлық күш-жігерімді жұмсаймын» деп серт беру әркімнің қолынан келмейді.

Қолдау көрсету – баршаның міндеті

«Қазір сайлаудағы жеңісті тойлайтын кез емес, аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салуға болмайды, бірден іске кірісуіміз керек» деген Президент ұлықтау рәсімінен кейін 5 Жарлыққа қол қойды. Соның ішінде, бірінші қол қойған құжаты – ауылды дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасы. Бұл ауыл адамы, ауыл шаруашылығы маманы ретінде өзіме зор әсер етті. Яғни Президенттің халықтың тең жартысына жуығы мекендеген ауыл мен ауыл шаруашылығын экономиканың қозғаушы күші, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қымбатшылықты құрықтаушы, мықты ауыл ғана мықты мемлекеттің алтын діңгегі екеніне әбден көзі жеткен.

Ендігі мәселе – осы тапсырманы орындауға Үкіметтен бастап барлық деңгейдегі басшылардың бар күш-жігерлерін жұмсауында жатыр. Тағы бір айта кететін жайт бар. Осы арада ауылшаруашылық өндірісін қоса дамыту бағдарламасы бірге қабылданса деген ой туады. Өйткені ауылды қанша әспеттеп, жолы, суы, білімі, медицинасы, мәдениетін көтергенімен, егер ауылшаруашылық өндірісі қатар дамымаса, пайдалы жұмыс орны ашылмаса, ауылда ешкім тұрақтамайды. Сондықтан «Ұлттық азық-түлік концепциясы» қабылданғаны абзал деп есептеймін. Ауыл шаруашылығын тығырықтан шығаратын 40 пункттен тұратын ұсыныстарымыз да бар. Бұл орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті жердегі ауыл мамандарымен де кеңескені ләзім. Жалпы, Президент бағдарламасында қоғамның қамтылмаған бірде-бір мәселесі қалмады. Әділетті Қазақстанды құру жолында Президентке бүкілхалықтық қолдау көрсету – баршаның міндеті деп есептеймін.

 

Ниқанбай ОМАРХАНОВ,

ауыл шаруашылығы саласының үздігі

 

Қарағанды облысы