Пікір • 28 Қараша, 2022

Қайта түлегенін қалаймыз

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің Астанадағы ұлықтау іс-шарасынан соң бірден өз уәделерін орындауға шұғыл кіріскені ауыл тұрғыны ретінде мені айрықша толғантты. Қ.Тоқаев ауылды дамытуға арналған Жарлыққа қол қойды. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, тоз-тозы шыққан елді мекендердің қайта түлейтініне сенгендеймін.

Қайта түлегенін қалаймыз

Бір кездері 5 мыңға жуық халқы бар ауылымызда қазір небәрі мыңнан астам адам тұрады. Олардың көбі – зейнет жасындағы қарттар мен бала-шаға. Еңбекке жарамдылардың басым бөлігі жұмыссыз жүр. Бұрынғы шаруашылық, құрылыс нысандарының бірде-біреуі жоқ. Қыстыгүні мектеп, мәдениет үйі, ауылдық фельдшерлік-амбулаторлық пункт, әкімдік ғимараттары жеке-жеке өз қазандықтарын іске қосқанда ауылдың ішін көк түтін басып кетеді.

Ауылда мал жаятын жайылымдық жер тапшы, жаңадан келетін жас мамандарға баспана қарастырылмаған. Кезінде жайылымдар мен шабындық жерлерді ебін тапқан пысықайлар бөлісіп алған-ды. Ауыл ішінде мал көбейгендіктен жазда жас тезектің иісі шығып, жиналып қалған күл-қоқыс қолқаңды қабады. Сондықтан бұрынғыдай төрт түлікті аулаққа шығарып, тиесілі жерлерін беріп, жеке шаруашылықтарын дамытуға жағдай жасау керек деп санаймын.

Әр ауылда бір кооперативтен құрып, орталықтандырылған жүйе қажет. Жергілікті жерлерде піскен шұжық, май шығаратын, сүт, қаймақ айыратын цех ашуды да қолға алу керек. Қазір, міне, соғымның уақыты, қаншама мал сойылып, терісі мен мүйізі, тұяғы далада шашылып қалады. Жазда қырқылған қой жүні де аяқ астында жатады. Осының бәрін кәдеге жарататын уақыт жетті. Бұл игіліктер келсе, ауылдағы ағайынға жұмыс табылып, елдің хал-ахуалы көтеріледі. Тамақ өнімдерінің өзіндік құны арзандайды. Киім-кешек те өзімізден шығарылар еді.

 

Мұхамет-Қайыр ШӘРІПОВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Жаңатілек ауылдық округі