Аймақтар • 28 Қараша, 2022

Жетісайда медицина қызметкерінен ақша бопсалаған күдікті ұсталды

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісайда медицина қызметкерінен екі млн теңге ақша бопсалаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісайда медицина қызметкерінен ақша бопсалаған күдікті ұсталды

Жетісай аудандық полиция бөліміне медициналық мекемелердің бірінде жұмыс істейтін жергілікті тұрғын арызбен жүгінген. Оның айтуынша, белгісіз ер адам оны қорқытып, екі млн теңге бопсалаған.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 194-бабы 1-бөлігі бойынша Жетісай АПБ-ға тіркеді.

«Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және Жетісай АПБ криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде полицейлер күдіктіні 1,5 миллион теңгеге жуық ақшаны алған кезде анықтап, ұстады. Ол Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты. Заттай дәлел ретінде жедел уәкілдер ер адамнан ақша тәркіледі», делінген полиция хабарламасында.

Күдіктінің медицина қызметкерін не себепті бопсалағаны белгілі болды. Ол медициналық қызметке көңілі толмай, басшылыққа арыз жазып, оны жұмыстан шығартатынын айтып қорқытқан, ірі көлімдегі ақшамен бопсалаған.

Қазір бопсалау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.