Кино • 28 Қараша, 2022

Шығармашылық жол «Бастаудан» басталады

248 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ертең 29 қарашада, Алматыда студенттік және дебюттік фильмдердің Х халықаралық «Бастау» кинофестивалі өз жұмысын бастайды. Фестиваль құрылған күнінен бастап жас кинематографистер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, олардың жұмысын қолдау және ілгерілетуді мақсат етіп келеді. «Бастау» алаңдарында әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас авторлар өз замандастарының жұмысымен танысады, танымал мэтрлердің фильмдерін тамашалайды және бірлескен жобалар жасайды. Биылғы оныншы рет өткелі отырған мерейтойлық фестивальдің жаңалығы туралы, қонақтар мен қатысушылардың қарымы жайлы сұрағымызға «Бастау» кинофестивалінің арт-директоры, продюсер Диана Әшімова жауап берген еді.

1555

– Диана, биылғы «Бастаудың» бұрынғы фестивальдерден басты ерекшелігі неде? Әңгімемізді осыдан бастасақ...

– Биылғы фестивальдің жаңалығы көп. Фестиваль ауқымы кеңейді. Алғаш рет «Бастауға» Боливия, Чили, Колумбия, Аргентина секілді Латын Америкасының бірнеше елі қатысуға ниет білдіріп отыр. Фестивальде Африка елдері де бар – бағдарламада Египет, Судан, Тунис режиссерлері түсірген фильмдер көрсетіледі. Сондай-ақ, басты ерекшелігі ретінде биылғы фестивальдің жанрлық жағынан түрленгенін де атап өтер едім. Жастар байқауының қысқа метр секциясында да, толықметражды фильмдер арасында да конкурстық бағдарлама мен бәсеке күшті болғалы тұр. Толықметражды картиналардың барлығы да халықаралық «А» санатындағы ірі фестивальдердің қатысушылары. Олардың арасында түрлі жанрдағы картиналар, мәселен, комедия да, драма мен триллер де кездеседі.

Биылғы фестивальде алғаш рет бүкіл әлем бойынша Азия киносын насихаттайтын NETPAC қазылар алқасы жұмыс істейтінін де атап өткеніміз ләзім. Сондай-ақ, осы жылы «Орталық Азия келбеті» бағдарламасы жалғасын тауып, онда алғаш рет Түркіменстан киносы ұсынылып отыр.

– Шынымен биылғы фестиваль жаңалыққа толы екен. Ал мұндай серпіліске қалай қол жеткіздіңіздер?

– Мұны серпіліс емес, керісінше, жақсы фильмдерді іздеу, оларды таңдау бойынша табанды жұмыс жасау десек, шындыққа жанасымды болар еді. Бұл – «Бастаудың» осы он жыл ішінде әлемге танымал бола бастағанының белгісі. Әлемнің әр қиырындағы көрермен қазақ елінде өтетін фестивальге сенім білдірді, оған қатысқысы келетін ықылас пайда болды. Өз туындыларын ұсынғысы келетін ірі студиялар мен дистрибьюторлар саны артып келеді. Бұрын біз картинаның үлкен фестивальдер шеңберінен өткенін күтіп, «қалдық қағидаты» бойынша жұмыс істеген едік, ал қазір біздің елімізге, атап айтқанда, нақ біздің фестивальге киносүйер қауымның қызығушылығы пайда болды. Бізге халықаралық кинофестивальдердің, тіпті «Оскар» сыйлығы лауреаттарының да үздік жұмыстары ұсыныла бастады.

– Биыл өтінімдер көп болды ма?

– Өте көп! Биыл мыңнан астам өтінім келіп түсті. Әрине, оларды сапасы жағынан біркелкі деп айта алмаймыз, тіпті олай болуы мүмкін де емес. Сондықтан бізге де – бағдарламалық қызметке және іріктеу комиссиясына оларды сарапқа салу оңай болмады. Орайы келгенде іріктеу талабымен де таныстыра кетейін. Алдымен жыл бойы біз осы фильмдермен танысамыз, көреміз, жинаймыз, үлкен фестивальдерге кімдердің қатысқанын, кімнің жүлдеген болғанын, қандай жаңа есімдер пайда болғанын қадағалаймыз. Фестиваліміздің ең алдымен, білім беру жағынан маңызды екенін де қаперден шығармаймыз: жастарға шетелдік киномектептер мен жас киномейкерлердің жұмыстарын көрсету қашан да басты назарда. Олар әлем жастарының қалай өмір сүріп жатқанын, олар үшін қандай идеяның маңызды екенін, ол идеяның қалай жүзеге асып, қандай жаңа бағыттар мен ағымдар белең ала бастағанын өз көзімен көре алады.

– Айтпақшы, білім беру аспектісі туралы. Фестиваль аясында, білуімше, кино мектептерінің қауымдастығы да бой көрсетеді. Оған кімдер кіреді?

– Әрине, бәрін тізіп шығу мүмкін емес, сондықтан мен кейбірін ғана атап өтейін. Нью-Йорк киноакадемиясы, Мәскеудегі ВГИК, Шота Руставели атындағы Грузин мемлекеттік театр және кино университеті, Мимар Синан Түрік университеті, Берлин киномектебі, EICAR Француз киномектебі, Сингапур киномектебі, Пекин киноакадемиясы, Минск киномектеп-студиясы, Карпенко-Карого атындағы Киев ұлттық театр, кино және ТВ университеті.

Қауымдастықтың қазақстандық қатысушылары арасында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университеті және Қазақ ұлттық өнер университеті бар.

Біздің қауымдастық мүшелерінің саны үнемі артып келеді. Дәл қазір біз Кшиштоф Кесьлевский атындағы поляк киномектебімен келісімшартқа қол қойып, шығармашылық қарым-қатынас жасау мүмкіндігіне жол ашып жатырмыз. Айтпақшы, поляк киномектебінің студенттері осы фестивальге бірнеше қызықты жұмысын ұсынды.

– Осы орайда конкурстық жұмыстардың ішінен ең жақсысын кім таңдайтыны белгілі болды ма?

– Барлығын тізіп шығу тағы да оңай емес, сондықтан біз ең танымалына ғана тоқталайық. Биылғы фестивальдің қазылар алқасының төрағасы – белгілі грузин режиссері, А санатындағы фестивальдердің жүлдегері Георги Овашвили. Оның «Жүгері аралы» картинасының «Оскардың» қысқа тізімінде аталғанынан көпшілік хабардар болар. Сондай-ақ, негізгі қазылар алқасының құрамында Францияның да өкілі бар, ол – продюсер Франсуа Д'Артемар, көптеген картиналардың копродюсері, А санатындағы фестивальдердің тұрақты қатысушысы және көптеген сыйлықтардың иегері. Сонымен қатар, Франсуа әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас кинематографистер тағылымдамадан өтуді армандайтын Torino FilmLab секілді ең танымал кино зертханаларында тәлімгер және оқытушы болып жұмыс істейді. Қазылар алқасының құрамында «Перекресток» телехикаясы арқылы есімі біздің елдің көрермендеріне де етене таныс болған Қырғызстан режиссері Эрке Джумакматова да бар. Ал Қазақстаннан толықметражды картиналарды продюсер Әлия Увальжанова бағалайды.

Қысқа метрлік қазылар алқасын өзбек режиссері Елкин Туйчиев басқарады, ол да көптеген фестивальдердің жүлдегері. Жақында «Эврилиш» атты жаңа фильмімен Пусанда сыйлық алды. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында Армениядан келген киносыншы, «Алтын өрік» кинофестивалінің іріктеушісі Диана Мартиросян да  бар. Бұл құрамға Қазақстаннан актер Данияр Алшинов кірді.

Bastau doc қазылар алқасында шведтің белгілі деректі фильм режиссері Малкольм Дикселиус, «Тұран» университетінің «Кино өнері» кафедрасының оқытушысы Александр Костылев, кинотанушы Инна Смайылова және Internews өкілі, журналист Алевтина Мадьярова бар. Ал деректі секцияның қазылар алқасын белгілі қазақстандық режиссер Калила Омаров басқарады.

Әдеттегідей, фестивальде студенттік қазылар алқасы да жұмыс істейтін болады.

154

Ал сіздер өткен жылдардағы жүлдегер түлектеріңіздің тағдырын бақылап отырасыздар ба?

– Міндетті түрде қадағалап отырамыз. Талантты түлектер де біздің сенімімізге лайық болып, әрқашан қуантып келеді. Биылғы фестивальдің шымылдығын Яна Скопинаның «Жаздың соңына таяу» фильмімен ашылады. 2015 жылғы «Бастауда» Яна қысқаметражды фильмімен фестивальдің  Гран-приін жеңіп алған болатын. Жүлдесін иеленіп тұрып, толық метрдегі фильммен оралуға уәде беріп еді. Міне, ол уәдесінде тұрды.

Қысқа метрдегі фильмімен «Бастаудың» жүлдесін жеңіп алған Шәрипа Оразбаева да бүгінде танымал режиссерге айналды. Кейін «Мәриям» фильмімен толық метражды дебют секциясына қатысып, халықаралық ірі байқаулардан жеңіспен оралды. Әйгілі Эмир Байгазин, Әділхан Ержановтар да алғаш осы фестивальге өз қысқаметрлі жобаларымен қатысқаны есімізде. Шын мәнінде, біздің жас режиссерлеріміздің көпшілігінің шығармашылық жолы «Бастаудан» басталған. Біздің елдің ғана емес, шетелдік жас режиссерлердің де тұсауын кесіп, үлкен киноға жол ашқан біздің балғын қанат «Бастауымыз» деп мақтанышпен айта аламыз. Мысалы, бүгінде мықты жобаларымен назар аударып жүрген испан киномектебінің студенті Яго Матео Веласко 2016 жылы «Бастаудың» Гран-приін жеңіп алды. Келесі жылы, біздің дәстүріміз бойынша, ол студенттік қазылар алқасын басқарады. Яго Матео Веласко бүгінде Канн кинофестивалінде жұмыс істейді, маңызды кино нарығындағы іс-шаралармен айналысады.

Сонымен қатар, фестивальден кейін көптеген копродукциялық жобалар пайда болады. Жастар фестивальдің бес күнін бірге өткізеді, араласады, танысады, идеяларымен бөліседі, нәтижесінде бірлескен жаңа жобалар пайда болады. Жақында қазақстандық студенттер мен Беларусь кинематографистерінің мәдени ынтымақтастығынан жаңа идеяның жобасы туды. Фестивальдің діттегені де сол – танысу, басқа елдердегі әріптестерімен байланыс жасай отырып, бірлескен шығармашылық пен өнер көкжиегі кеңістігін кеңейте түсу.

 – Өнер көкжиегінің кең болуы маңызды ғой, «Бастау» командасы байланыс орнатқысы келетін басқа фестивальдар бар ма?

– Әрине. Біз жыл сайын қазылар алқасына бағдарлама түзетіндерді, басқа фестивальдердің сарапшыларын шақыруға тырысамыз. Олар бізге өз еліндегі режиссерлерінің қызықты картиналарын ұсынады немесе кеңес береді, ал біз олардың тақырыбы мен сұранысына лайық қазақстандық фильмдерді таңдауға көмектесеміз. Бұл – үздіксіз жүретін жүйелі процесс. Мысалы, Барбара Лорей де Лашарье – Фипрессидің мүшесі, кинотанушы. Ол 2013 жылы біздің фестивальдің қазылар алқасының құрамында болды және қазір де үнемі бізбен хабарласып отырады. Өткен жылы Стамбул Bosphorus Film Festival фестивалінің арт-директоры Эмра Килич келді. Сан-Себастьян кинофестивалінің іріктеушісі Роберто Уэрта да «Бастаудың» қазылар алқасының мүшесі болды, ол бізге испан картиналарын ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, бұл өзара мәдени ынтымақтасуда үздіксіз жүретін пайдалы процесс.

«Egemen Qazaqstan»