Қазақстан • 28 Қараша, 2022

Жаңа кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орынбор облысының салалық бағытын ескере отырып, өнеркәсіптік ынтымақтастық әлеуетін металлургия, машина жасау және отын-энергетика кешендерінде дамыту қажет. Бұл туралы ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының жыл сайынғы форумында мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Панельдік сессияда  Ілияс Оспанов дәстүрлі форум екіжақты ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналғанын атап өтті. Форум аясында қазақстандық және ресейлік өндірушілер өзара байланыс орнатып, өнеркәсіп секторында жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

«Бүгінгі таңда екіжақты кооперация нәтижесінде 601 млн АҚШ долларына 25 жоба жүзеге асырылып, 4 мың жұмыс орны құрылды. Қазіргі уақытта 11,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 24 жоба жүзеге асыру сатысында тұр. Өндіріс ошақтарында 8 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Бұдан бөлек 61 жоба қарастырылып жатыр», деді комитет басшысы.

Орынбор облысы Қазақстан-Ресей шекарасының ең ұзын бөлігін құрайтын аймақтың шекара маңындағы жағдайына байланысты ең маңызды стратегиялық серіктес екенін айта кету керек.

«Биыл қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Орынбор облысы арасындағы тауар айналымы 300 млн АҚШ.долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Біз ұсынған бағыттар бойынша өз тарапымыздан жобаларды жан-жақты пысықтап, бастамаларды іске асыру үшін қаржылық және қаржылық емес құралдар арқылы қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Ілияс Оспанов.